Петропавлда жасөспірімдер арасында “Семей полигоны” қоғамдық бірлестігінің жүлдесі үшін қазақ күресінен облыстық “Жас барыс” жарысы өтті. Дәстүрлі сайыста облыс орталығы мен 7 ауданнан келген 124 балуан бозкілемде күш сынасты.
Сайыстың салтанатты ашылу рәсімінде “СҚО Семей полигоны” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асхат Төлепбергенов сөз алды.
– Үстіміздегі жылдың 29 тамызында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ жеріндегі “мылтықсыз майданның” ошағы болған Семей ядролық полигонын жабу туралы тарихи Жарлығына 27 жыл толды. Әлемдегі ең ірі полигондардың бірі болған бұл жерде 500-ге жуық жерасты мен жерүсті сынақтары өткізіліп, сол жердегі ауа ластанып, халық орны толмас зардап шекті. Сондықтан бүгінгі күннің бәріміз үшін маңызы зор. Халқымыз көп жыл бойы полигонның зардабын тартты. Қасиетті қазақ жері сынақ алаңына айналды. Біз тәуелсіздіктің арқасында оны жаптық. Бұған қаншама қиындықтар арқылы қол жеткізгенімізді әрдайым есте сақтауымыз керек, – деп айтулы күннің маңыздылығына тоқталды.
Облыстық қазақ күресі федерациясының президенті, Петропавл қаласының құрметті азаматы Бауыржан Құлжанов соңғы жылдары өңірімізде ұлттық спорт өнерінің қарқынды дамып келе жатқанын тілге тиек етіп, жас өрендерге сәттілік тіледі.
Жарыстың бас төрешісі Есенғали Сәуленбековтің айтуынша, 2001-2004 жылдары туған балуандар сайыс бағдарламасына сәйкес бірнеше салмақ дәрежесі бойынша күш сынасты. Ең кішкентай балуан 38 килограмм салмақта белдессе, ал ең ауырлары 90+ килограмм салмақта кіл мықтыны анықтады.
Екі күнге созылған сайыстың қорытындысы бойынша Дмитрий Динер (38 кг.), Сұлтан Бірімжанов (42 кг.), Ақжол Әбубәкір (46 кг.), Дәулеткерей Ермекұлы (50 кг.), Диас Оразов (51 кг.), Диас Кәріболлинов (55 кг.), Ербол Тантаев (57 кг.), Жігер Еркінұлы (60 кг.), (Жандос Тұрғынбек (64 кг.), Диас Әбілқайыр (66 кг.), Бақтияр Мақашев (72 кг.), Әділ Серіков (73 кг.), Сергей Хоружев (81 кг.) және Дәулет Қабиден (81+ кг.) жеңістің бірінші сатысына көтерілді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Алғыс хаттар, грамоталар және медальдар табыс етілді. Турнир барысында топ жарған спортшылар Ақмола облысында өтетін ел біріншілігінде өңір намысын қорғайтын болады.
Дулат ҚОЖАХМЕТОВ,
“Soltústіk Qazaqstan”.