Облыстық соттың ғимаратында өткен кеңейтілген кеңес барысында аталмыш ведомствоның үстіміздегі жылдың 9 айында атқарған жұмысы қорытындыланды.
Алқалы жиын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты Жолдауын талқылаудан басталды. Елбасы маңызды құжатта сот жүйесін жаңғырту қажеттігін атап айтып, заманауи форматтар және озық электронды қызметтер енгізуді жалғастыруды тапсырған болатын.
Облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Владимир Кириленконың айтуынша, өңір соттарында бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, қазіргі таңда қылмыстық істердің түйінін судья қарауына дейін медиация арқылы тарқату үрдісі қалыптасқан.
– Осыдан жеті жыл бұрын Қазақстан Республикасының “Медиация туралы” Заңы қабылданып, нәтижесінде азаматтардың құқығын қорғау саласында тындырымды істер атқарылуда. Біздің өңірімізде де бітімгершілікті одан әрі қолдау және дамыту жұмыстары жүргізілуде. Облысымызда ашылған медиация орталықтары жергілікті судьяларға түсетін жүктемені едәуір азайтып отыр. Есептік кезеңде облыс бойынша қаралған қылмыстық істердің саны өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 10,4 пайызға азайды, – деді Владимир Кириленко.
Жиын барысында сөз алған №2 Петропавл қалалық сотының судьясы Арай Әбілмәжінова дауларды шешудің балама тәсілдерінің артықшылықтарын түсіндіру жөніндегі шаралардың нәтижелі екенін тілге тиек етті. Үстіміздегі жылдың ақпан айында қалалық сотта медиация орталығы құрылып, бірқатар істерді сотқа жеткізбей шешу мүмкіндігі туған болатын. Бұл жаңашылдықтың нәтижесінде 180 іс бейбіт келісіммен аяқталған.
Жыл басынан бері шығарылған сот үкімінің 98,3 пайызына ешқандай шағым түспеген. Ал 1,7 пайызы, яғни, 28 адамға қатысты үкімнің күші жойылған.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltústіk Qazaqstan”.