«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨҢІРДЕГІ СЕРПІЛІС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес еліміздің 2025 жылға дейінгі дамуы­ның кешенді стратегиялық жоспары жасалған болатын.

Жаңа жоспар Елбасының “Қазақстан – 2050” стратегиясын, “100 нақты қадам” Ұлт жоспарын және басқа да стратегиялық бастамаларды жүзеге асыруға бағытталған. Бұл кешенді жоба алдағы сегіз жылда Қазақстан тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартып, ел экономикасының тұрақты өсуіне қол жеткізуді көздейді. Ол үшін өнімділікті арттыру, тауарлар мен қызметтердің сапасы және әртараптандыру есебінен өндірісті ынталандыру, экспортты ілгерілету қажет. Осылайша, Қазақстан дамыған елдердің отызды­ғына кіре алады.

Президенттің халыққа арнаған Жолдауынан, бес әлеуметтік бастамасынан, “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттер біздің өңірімізде ойдағыдай жүзеге асырылуда. Жыл өткен сайын өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері өсуде. Атап айтқанда, үстіміздегі жылдың қаңтар-тамыз айларында Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуында серпін байқалды. Есепті кезең ішінде қысқамерзімді экономикалық индикатор 105 пайызды құрады.

Агроөнеркәсіптік кешен облыс экономикасының жетекші саласы болып табылады. Өңіріміз – ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде еліміздегі көшбастаушылардың бірі. Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерінің алдына 2022 жылға дейін еңбек өнімділігі мен өңделген өнімдер экспортын екі жарым есеге арттыру міндетін қойды. Бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін облысымызда жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабын әртараптандыру жалғасын тауып, көктемде бір миллион гектарға жуық алқапқа майлы дақылдар себілді. Бұл – еліміздегі барлық майлы дақылдар алқабының 36 пайызы. Сондай-ақ, картопқа, көкөніске бөлінген алқаптар ұлғайтылды. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 2017 жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 0,7 пайызға өсіп, 136,3 млрд. теңгенің өнімі өндірілген.

Жыл басынан бері өңірімізде мал басы артты. Өткен жылдан бері елімізде ауыл шаруашылығына бағытталған барлық инвестицияның 26 пайызы біздің облысқа бөлінген. Мәселен, ет өндірісін – 2,4 пайызға, сүтті – 2,4 пайызға, жұмыртқаны 16,5 пайызға ұлғайту есебінен 3,3 пайыздық өсім қамтамасыз етілді.

“Петропавл ауыр машина жасау зауыты”, “Мұнаймаш”, “Казнефтемаш” акционерлік қоғамдары, “ВФ “Поиск” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және басқа да өнеркәсіп нысандары мұнай-газ кешендері үшін күрделі техникаларды, штангалы сорғыларды, жабу арматураларын, қондырғылардың қосалқы бөлшектерін шығарады. Қазіргі уақытта бұл өнімдер ел нарығында сұранысқа ие. Аталмыш кәсіпорындар биылғы сегіз айда 154 млрд. теңгенің өнімін шығарып, 2,2 пайыз өсімге қол жеткізді.

Елбасы ел экономикасына инвестиция тарту мәселесінің маңыздылығын атап айтқан болатын. Жыл басынан бері өңір экономикасының негізгі капиталына 105,5 млрд. теңгенің инвестициясы тартылды. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 108 пайызды құрайды.

Соңғы жылдары облыс орталығында және аудандарда тұрғын үй құрылысы қарқын алған. Қаңтар-тамыз айларында 72,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Үстіміздегі жылы облыста 162,2 мың шаршы метрді құрайтын 13 көпқабатты және 211 жеке тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл мақсатқа ел бюджетінен 14,7 млрд. теңге бөлінді. Өткен жылмен салыстырғанда құрылыс жұмысының көлемі 1,5 есеге артып, 38,6 млрд.теңгені құрады.

Бөлшек сауда желісі арқылы 138,5 млрд. теңгенің тауарлары сатылды. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзіміндегі көрсеткіштен 1,5 пайызға артық.

Соңғы жылдары күн тәртібінен түспей келген жұмыссыздық мәселесі біртіндеп шешімін табуда. Статистика бойынша облыс тұрғындарының 315 мыңы экономикалық белсенді азаматтар қатарына жатады. Сондай-ақ, тұрғындардың 215 мыңы тұрақты жұмыспен қамтылса, 15 мыңы жұмыссыздар тізіміне енген. Ал қалғандары – өздерін-өздері жұмыспен қамтығандар. Оларды тұрақты жұмысқа тарту, жұмыссыздықты азайтуды көздеген “Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған” мемлекеттік бағдарламасы аясында жүйелі жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бері облыста 21,7 мың адам жұмысқа орналастырылды. Сондай-ақ, 10,1 мың жаңа жұмыс орны құрылды.

2016-2020 жылдарға арналған Солтүстік Қазақстан облысының аумақтарын дамыту бағдарламасында өңірді дамытудың негізгі бағыттары, мақсаттары атап көрсетілген. Қазіргі уақытта өңірлік бағдарламаны Мемлекет басшысының еліміздің 2025 жылға дейінгі дамуы­ның кешенді стратегиялық жоспарына, басқа да бағдарламалық құжаттарға, орталық мемлекеттік органдардың тапсырмаларына сәйкестендіру бойынша түзету жұмыстары жүргізілуде. Солтүстікқазақстандықтар облыстық экономика басқармасының www.uebp.sko.gov.kz сайтына кіріп, өңірді дамытуды мақсат еткен бағдарламамен және оны жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарымен танысып, өз ұсыныстарын енгізу мүмкіндігіне ие.

Арсен ҚАЗБЕКОВ,

облыстық экономика басқармасының басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp