ҰЛЫНЫ ҰЛЫҚТАУ — ҰРПАҚТЫҢ ПАРЫЗЫ
Қазақта: “Алтын кездік қап түбінде жатпайды” деген қанатты сөз бар. Мұның мағынасы кең, ұғымы терең. Біздің халқымыздың тарихында талай-талай жол бастаған көсемдер, қол бастаған батырлар, сөз бастаған шешендер, көңілдегі көрікті ойды өлең тілмен жеткізе білген ақын-жыраулар болған.
Алайда, біз олардың бірін білсек, бірін білмей келдік. Оған әртүрлі жағдайлар себеп болды. Ең бастысы біреудің боданында болғандықтан басымызда билік, қолымызда мүмкіндік болмады. Сондықтан да өз заманының озық ойлы ағартушы ғалымы, Ұлы Шоқан: “Әр халықтың кемеліне келіп, өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім керек”, – деп көрегендікпен болжап айтты. Ата-бабаларымыз өмір бойы аңсаған, осы жолда күресіп, қаншама тері мен қанын төккен азаттық пен еркіндікке біз ХХ ғасырдың аяғында қол жеткіздік. Басымызға бақ болып қонған тәуелсіздік, Қазақстанның өз алдына дербес мемлекет болуы саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуымызға ғана емес, өткен тарихымызды түгендеп, қилы-қилы “ақтаңдақтардың” бетін ашып, ұмыт бола жаздаған қайраткерлеріміз бен тұлғаларымызды тірілтіп, олардан қалған мұраларды зерттеуге де даңғыл жол ашты. Осы орайда тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың “…бүгінде біз бұрмаланған тарихтың үйінділерінен өзіміздің түптамырымызды іздеуге мәжбүрміз. Мұнда әңгіме халқымыздың қандай да бір бүркемеленіп, дәріптелген тарихы емес, бастан кешкен әр алуан, әрі шынайы оқиғалары жайында болып отыр”, – деп айтқаны бар еді.
Кез келген мемлекеттің, елдің дамуы мен өсіп-өркендеуінде мәдениеттің, тарихтың, өнердің, жалпы рухани саланың алар орны ерекше. Жүріп өткен жолымызда, тәуелсіздіктің артта қалған ширек ғасыры ішінде экономика мен әлеуметтік саладағы жетістіктерімізге қоса, руханиятта да ауыз толтырып айтарлықтай бірталай игілікті шаралар мен өнегелі істер атқарылды. Бүгінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру бағдарламалық” мақаласында айтылған міндеттерді жүзеге асыру арқылы барымызды бағалап, жоғымызды түгендеудеміз. Мәдениеттің мәртебесі көтерілді. Осындай ұстаным мен саясат, бағыт-бағдар өзге тұлғалармен қатар Қожаберген жырау бабамызды “алтын кездіктей қап түбінен шығарып”, қайта тануға шарапатын тигізді. Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының ұйымдастыруымен Петропавл қаласында “Қожаберген жырау Толыбайсыншыұлының Отан тарихы мен қазақ поэзиясында алатын орны” деген тақырыпта алғаш рет республикалық ғылыми-теориялық конференцияның болып өткенінен көпшілік хабардар. Айтулы ғалымдар мен мамандардың, білікті тарихшылар мен әдебиетшілердің басын қосқан аталмыш алқалы жиын Қожаберген жырау бабамызды жұртшылыққа тереңірек таныстыра түсті. Тарихымыз бен әдебиетіміздегі алар орнын бағалап көрсетті.
Ақиқатын айтсақ, біз бұған дейін Қожаберген жырау есімін “Елім-ай” әні мен “Елім-ай” дастаны арқылы еміс-еміс естіп келдік. Соның өзінде ол шығармалардың мәні мен маңызы зор болатын. Өйткені, тасқа қашалып, қағазға жазылмағанымен ұлан-ғайыр даланы алып жатқан қазақ сахарасының тарихы ұрпақтан-ұрпаққа осындай өлең-жыр, ән мен күй, қисса-дастан, толғаулы термелер арқылы жетіп отырды. Ол мұралар ауыз әдебиетінің құнды туындылары болып қана қоймай, оларда халқымыздың ғасырлар қойнауындағы тыныс-тіршілігі, көшпелі тұрмыстағы салт-дәстүрі, бастан кешкен оқиғалары, мұңы мен сыры, қайғысы мен қуаныштары жатты. “Елім-ай” эпопеялық дастаны қазақ халқының сыртқы жауларға тойтарыс беруге бағытталған жарты ғасырлық әділетті күресін, азаматтық соғысын баяндап қана қойған жоқ, жастарды отаншылдыққа, бірлікке, ұйымшылдыққа тәрбиеледі.
Парасат-пайымы биік, отаншылдығы жоғары тарихшыларымыз бен әдебиетшілеріміздің зерделі зерттеулерінің арқасында Қожаберген бабамыздың жырау мен ақындығына қоса, ел басына күн туғанда жауға шапқан батыр, қол бастаған баһадүр, жеті жұрттың тілін білген елші-дипломат болғанын танып білдік. Батыр, қолбасшы дейтініміз, ол халқының тәуелсіздігі мен бостандығын бәрінен жоғары қойып:
“Кеудеңде шыбын жаның
болса егер,
Жоғалтпа жер бетінен
қазақ атын!” –
деп қаруластарын бірлікке, ерлікке шақырды. Бұл – нағыз отаншылдықтың биік үлгісі.
Үш ғасырға созылған қазақ-қалмақ шапқыншылығының халқымыздың өміріндегі ауыр кезең болғанын, мұнда жан берісіп, жан алысқан, қаншама қан төгілген шайқастар болғанын тарихтан жақсы білеміз. Тауымыз шағылып, тауанымыз қайтып, амалсыз елден, жерден ығысып, “Ақ табан шұбырынды, Алқакөл сұламаға ұшырайтынымыз” осы тұста. Бұл халқымыздың бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы елдік пен бірліктің, батырлықтың таразыға түсіп, сыналар шағы еді. Соғыстың барысы тарих сахнасына талай ержүрек батырлар мен қаһармандарды, сардарлар мен қолбасыларды шығарды. Қожаберген бабамыз да сондай баһадүрлердің бірі ғана емес, бірегейі болды. Ол 1688-1710 жылдар аралығында, яғни 22 жыл бойы қазақ, қарақалпақ, ноғай ұлыстарының жасақтарын бастаған қолбасы, Орталық Азия деңгейіндегі әскери қайраткер болып танылды.
Енді бір деректер Қожабергеннің жастайынан нағашысы Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлының ұрпақтарының қолында өсіп, Үргенші, Бұқара, Самарқан медреселерінде оқып, араб,парсы тілдерін меңгергенін айғақтайды. Сондай сауаттылығының, зеректігінің арқасында ол өзiне дейінгi ақын-жырауларының өлең жырларын, медреседе тәлім алған кезінде шығыстың жетi жұлдызы атанған Жәми, Низами, Науаи, Физули, Фирдауси, Сағди, Рудаки шығармаларын оқып, солардан ғибрат алды. Бұған қоса, көне дәуірдегі Рашид ад Дин, Мырза Хайдар Дулати, Қадырғали Жалаири және өзiнен аз бұрын өткен Әбiлғазы баһадүр хан сияқты ғұламалар жазып қалдырған шежiрелерiмен таныс болды. Бұл оның дүние танымын, ой-өрісін кеңейтті дейді.
Тәуке хан тұсында Қоқан, Хиуа, Бұқара хандықтары мен парсы, түркімен елі арасында елшілік қызмет атқарғаны, 1688 жылы Әз–Тәуке бастаған барша қазақ жақсылары 25 жастағы Қожаберген жырауды ордабасы етіп сайлағаны осындай білім мен біліктілігінің арқасында оған көрсетілген құрмет пен сенім болатын.
Әз-Тәукенің тапсырмасымен атақты “Жеті Жарғыны” ақ былғарыға түсіртіп, бұл тарихи оқиға жайында:
“Мұқияттап хаттадым,
Әз-Тәукеге қызмет қып,
Жаздым “Жеті Жарғыны”.
Салыстырып талдадым,
Бергі менен арғыны”, –
деген жыр жолдарын қалдыруы Қожабергеннің өз заманының зиялы заңгері болғанын білдіреді. Мұндай мемлекеттік істерге білікті де білімді көзі ашық, озық ойлы, келешекті де болжай білетін көреген азаматтың тартылатыны талассыз шындық.
“Жақсының аты көпке ортақ” деп текке айтылмаған. Ақындар, әдебиетті зерттеуші ғалымдар Қожаберген бабамызды, өзінің “жырау” деген тіркесі айтып тұрғандай, ең бірінші кезекте өз дәуірінің талантты да дарынды ақыны-жыршы-жырауы” болды деп еншілейді. Бұған талас жоқ. Себебі, Қожаберген жыраудың артында оқырман қауымның көңілінен берік орын алған, әдебиетшілердің лайықты бағасына ие болған әйгілі “Елім-ай” дастанынан басқа “Баба тілі” дастанының алғашқы бөлімі, “Ата тек” тарихи жырының, “Қуаныш” атты өлеңінің, “Ер Қойлыбай” дастанының үзінділері, “Жастық”, “Кәрілік”, “Өсиет”, “Наурыз басы”, “Насихат өлеңдері” сияқты ондаған шығармалары бізге мұра болып қалды. Бұл туындылардың әлі де талай толықтырылып, қаншама ғылыми зерттеулер мен іргелі ізденістердің тақырыптары болары анық.
Қайтпас қайсар батыр, қаһарман қолбасшы, білімге шақырған ағартушы, шежіреші шешен, елдестірген елші Қожаберген бабамыздың халқына сіңірген еңбегі орасан зор, ақын-жырау ретіндегі қалдырған мұрасы мол. Тарихи тұлғаның өмірі мен қызметін насихаттау мақсатында құрылған біздің “Жеті жарғы және Қожаберген жырау қоғамдық қайырымдылық қорының” шама-шарқынша жұмыс істеп, бірталай игілікті шараларды атқаруға ұйытқы болып келе жатқанын айта кеткім келеді. Мәселен, осы қордың бастамасымен Қожаберген жыраудың туған жеріндегі қорымда жерлестері тарапынан оған арнап күмбез орнатылды, Құран бағышталып, ас берілді. Жамбыл ауданының орталығы – Пресновка селосындағы қазақ мектебінің алдындағы алаң Қожаберген атымен аталып, ескерткіш бюсті орнатылды, мектепте мұражайы ашылды. Осы сияқты Петропавл қаласындағы №6 қазақ орта мектебі де ұлы жыраудың есімімен аталады. Сондай-ақ, қордың қолдауымен: “Қожаберген жырау”, “Елім-ай”, “Баба тілі”, “Өнерпаздар әулеті” деген тәрізді кітаптар басылып шықты. Олар жұртшылыққа кеңінен таратылып, оқырмандардың жылы пікірлеріне ие болды. Мұндай өнегелі шаралар мен шаруалар әлі де жалғасын таба бермек. Республика көлемінде жыраудың 355 жылдық мерейтойының аталып өтуі де – баба рухына адалдық пен құрметтің, биік ілтипаттың белгісі.
Бекет ТҰРҒАРАЕВ,
“Жеті жарғы және Қожаберген жырау халықаралық қайырымдылық қорының” төрағасы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері-заңгері.
***
Қожаберген бабамыз көп батырлардың бірі ғана емес. Ол 1688-1710 жылдары 22-23 жасында қазақ, ноғай, қарақалпақ халықтарының біріккен жасағына қолбасшылық жасаған сардарбек, ордабасы, Орталық Азия деңгейіндегі әскери қайраткер! “Ақтабан шұбырындыдан” кейін Қожаберген – ұлы жеңісті шыңдаған стратег.
Манаш ҚОЗЫБАЕВ.
***
Қожабергеннің басты қасиеттерінің бірі – ол ұзақ уақыт қазақ халқының қалмақтарға қарсы соғысын ұйымдастырушы басшылардың бірі, қазақ халқы мемлекеттігінің негізі мен дамуының стратегиясын белгілеген екі ұлы хан – Әз Тәуке мен Абылайдың оң қолы болды. Оның жалынды жырлары ұлтты ұйыстырып, басқыншыларға қарсы жұмылған жұдырықтай күресуге шақырды. Ол өз заманының өте білімді адамы ретінде көрші мемлекеттердің стратегиясы мен тактикасын дұрыс түсініп, шағын халықтарды бір-біріне айдап салуға бағытталған зымияндық саясатын батыл әшкерелеп отырды. Ол қазақ, ноғай, қарақалпақ халықтарының біріккен жасағына басшылық жасап қана қойған жоқ, өзін шебер дипломат ретінде танытты, бірқатар мемлекеттерде Қазақ хандығының елшісі міндетін атқарды.
Салық ЗИМАНОВ.
***
Қожаберген жырау өзінің әйгілі еңбектерінде зор заманға талдау, зерттеу жасап, өз көргенін хаттап кетті. Оның ақындық, жыраулық өнері де ар-намыстың айғақтарына толы қаһармандық ақиқатшылдықтан туып отыр. Ол тарихи шындықты бейнелеудің жазба түрін ұлттық поэзиямызда сирек кездесетін ұлы дәстүрдің үлгісі етіп жасап кетті.
Кәкімбек САЛЫҚОВ.
***
АТА ЖОЛЫ
Ұмыта жаздап, ұмыта жаздап тегімді,
Тулап аққан өмір – өзен сеңі ұрды.
Кешір, баба!
Кешегі өткен кер заман,
Көзімізге көрсетпеді теңізді.
Боздағына бұрыла алмай бодан ел,
(Әділетсіз тарихтан тозады ел).
Ұмытшақтау рухымды ұшықтап,
Қайран баба, тұғырыңа қона гөр!
Тым зілмауыр үнсіздікке шатылған,
Ұйықтап кеттік…
Ұзақ ұйқы ғасырдан.
Жалыны жоқ жанарымның түбіне,
О, жауыздар!
Жанартауды жасырған.
“Дұғасымен” дуаланған көршімнің,
Биігіне үңіле алмай сол шыңның.
О, қаншама бейбақ бастар ағарды,
Дедек қағып жетегінде жел сұмның.
Уысында уақыттың обалы,
Ақтабанның арылмаған бораны.
Желтоқсанда жетімсіреп жер үсті,
Боздады-ай кеп Қожекемнің сол әні.
Сен не дейсің?
Ей, киелі қобызым!
Мына жұрттың миы ашыған, сөзі – ірің.
Жаттың жаман жәутігіне жалбақтап,
Кеудесінен итереді өз ұлын.
Қазағыма артық па екен нар ұлдар?
Ирек-ирек, қара-қара жазулар.
Қожаберген…
Анау Сегіз серімді,
Ұмыттыруға ұмтылады жауыздар.
Өсер елдің жоғын таппақ – жосыны,
Бұл ел неге өз-өзінен шошыды?
Бассыздыққа бағынбағаны үшін бе,
Сөзге ілетін қазағымның қос ұлы…
Ақ былғары* шиыршығы жазылар,
Ата жазған атам қазақ заңы бар.
Ерге күйе жаққан жалақорларға,
Жеті Жарғы үкім кесер бабы бар.
Әттең, өмір сүрсек Ата заңымен,
Талай ұлдың ұлылығын таныр ем.
Кешір, баба!
Көз – ноғала, жүрек – тас,
Мыңқ етпейтін миы ауысқан дәуір ем…
*Ақ былғары – Қожаберген жырау Әз-Тәукенің тапсырмасымен “Жеті Жарғыны” ақ былғарыға жазып, ханға табыстаған дейді.
Ырысбек ДӘБЕЙ.
ҚОЖАБЕРГЕН ҚЫСТАУЫ
Мен 2018 жылдың жазында Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағаты қорында жұмыс атқарған кезімде 1898 жылғы сирек кездесетін картографиялық артефактты кезіктірдім.
Бір қызығы, карта тізімде “Төңкеріс ауданының картасы, 1927 ж. КазАССР” деп басқаша аталған. Сондықтан болар, зерттеушілер Кеңес кезіндегі мерзіммен белгіленген аталған картаға көңіл аудармаған.
Біз тиянақты қарастыру барысында ертеректе қара түсті жазумен жазылған “Төңкеріс ауданының картасы, 1927 ж. КазАССР” атауының карта мазмұнында аздаған өзгешелік барын аңғардық. Анығында, картада Үкіметке жататын жазғы жайлаулардың нобайы көрсетілген. Басқаша айтқанда, 1927 жылға қарай патшалық қорға енгізілген жерлерді Кеңес өкіметі қайтарып алған. Картада бейнеленген жерлер бүгіндері Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл, Тимирязев және Шал ақын аудандарына қарайды.
Картаның өзіне келетін болсақ, ол бүкіл республиканың үлкен картасының бір бөлшегі болып табылады. Тіпті, картаның шеттері тура алынбаған немесе Төңкеріс ауданын нақты көрсету мақсатында кесіп көрсетілген. Біздіңше, ол кезде өзге өңірлермен шекараны нақтылау үшін осылай істелген немесе тегінде, Сәкен Сейфуллин Халық ағарту коммисариаты жанындағы Орталықта төраға және ВКП(б) Қазақстан өлкелік комитетінің партия тарихы бөлімінің меңгерушісі бола отырып, осыны атқарған. Ол және оның тілеулестері өлкенің өткеніне ықылас аударып, Қожаберген жыраудың поэмаларын және Солтүстік Қазақстан жерінің тумасы туралы тарихи қайнарларды бастыруға ниет қойған.
Қазақтардың төңкерістен бұрынғы баспахананың қара бояуымен жазылған атаулары Кеңес өкіметі кезінде қызыл жазумен жазылып, өзгертіліп көрсетілгені анық байқалады. Мұның өзі анығында картаның төңкеріске дейінгі уақытқа жататынын пайымдатады. Қазақ АССР-да 1920 жылдардың ортасына дейін баспаханалардың сапасы төңкеріске дейінгі кездегідей жақсы болмағанын білдіреді.
1927 жылға Орта Азия республикалары мен Қазақстанның ұлттық-аумақтық бөлінісі аяқталып біткен. Өңірлердің карталары да бөлек бірегей ретке келтірілген, соған сәйкестендірілген. Ескі карталарға жаңа кеңестік қазақша атауларды жазу идеясы осыдан барып шығуы мүмкін.
Міне, сондықтан да 1923-1927 жылдарда Жерге орналастыру басқармасына қараған ескі карталар пайдаланылған. Және де аталған картаның шеттері тегіс емес. Өйткені, аталған карта (жобамен 1 м.х1,5 м.) өлшемдері одан гөрі үлкенірек картадан кесіліп алынғаны анық. Оған жаңартылған топонимдермен жаңа атаулар жазылған. Мұның төменгі жағында “1898 жыл” деп қарындашпен жазылған жазуды байқадық. Мұның өзі негізгі картаның нақты датасын көрсетеді. Ол Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағатында сақтаулы.
Екіншіден, кейбір деректер бойынша сол 1927 жылы Сәкен Сейфуллин теріскей өңірге келген. Орталықтан Голощекиннің Қазақстанның басшысы болып келуіне орай Сәкеннің қызметі төмендей бастаған еді. 1927 жылы Қызылорда халық ағарту институтының (ол кезде астаналық) ректоры болды. Нақ осы жылдары С.Сейфуллин тарихи шығармаларды әдеби құрастырумен айналысты. Сонда Қожаберген жырау оның ықыласын аударды.
Төменде топонимдердің – Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағатынан табылған елді мекендердің және су көздерінің түрікше жазылған атауларының тізімін көрсетеміз (біз бұл атауларды 1895-1914 жылдары Ресейдің су көздерін зерттеу экспедицияларының материалы бойынша құрастырдық).
Көлдер: Джалтырь (Жалтыр), Как (Қақ), Султома, Тарангул-Тарнкуль, Б.Саргамыс, Менгисер, Джаман-бала, Узбышколь, Кайран-куль (Қайраң көл), Сасык-куль (Сасық көл), Сары-куль (Сары көл), Кара-куль (Қара көл), Кар-гуль (Қар көл), Сасай (Сасай көл), Базар (Базар көл), Женекеш, Талды-куль (Талды көл), Ашнак–куль, Акбет-куль (Ақ бет), Кушук куль (Күшік), Обылы куль, Канды куль (Қанды), Каугуль-чокур (Күйген шүкір), Жиланды-куль (Жыланды), Сарсен, Куль-бие, Сутомар, Тенгиз-чаглы және басқалар.
Елді мекендер топонимдерінің Есіл өңірі қазақтарының ұзақ қоныстанған қыстаулары ретіндегі атауларын көрсетейік.
Жайлаулар: Куздук-тал, Кок терек, Суе-мен, Жаксы, Байтукей, Турткуль, Токе, Кара-узек, Даршкен, Дашкен, Томар, Бескай, Же(а)лпак, Кенжебулат, Терекше, Тулки-кескен, Козы-кырган, Ондирилген, Саргат, Кары-Кетау, Торпак, Кобе, Давут-Майтомар, Ассау, Атабай, Агаш-Сай, Ассау-Коголат, Бакай, Кара-кога, Шуда-сай, Байтас, Ак-Терек, Шулак, Саягач (Саяғаш), Кой-Кырылған (Қой қырылған).
Қыстаулар: адам есімдерімен аталғандары – Байсал, Бекен Батабеков, Джансакал, Кожаберген, Кожан, Торка, Жапа, Мырзабек, Мұсапір, Ұзын-Қызыл.
Ауылдар: Агаш (Ағаш), Интымак (Ынтымақ), Кунган (Құнан), Кутан-Конган (Құтан қонған), Баганатка (Бағанаты), тағысын тағылар.
2. Қожаберген жыраудың “Елім-ай” жырындағы “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” жолдары баршаға аян. Алайда, қазақ жерлерінің шекаралық картасында көршілес Қорған өңіріндегі “Шұбаркөл” және “Ақтабан” (әйгілі Медвежье сауықтандыру көліне таяу) көлдер атаулары жазылған. Бұл қазақ атаулары “Ақтабан Шұбырынды, Алқакөл сұлама” атауларының ел ішінде тарағанын ұқтырады. Бұл бірақ біздің пайымдауымыз ғана.
ХХ ғасырда Қазақстанның солтүстік өңірінің картасында қысқа ғана уақытта қыстаулардың қазақша атаулары жойыла бастады. Басқаша айтқанда, Қожан, Қожаберген атауларының орнына “Ынтымақ” сияқты бейтарап атаулар қолданыла бастады. Бұл “Ынтымақ” атауы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Тимирязев ауданында бар.
Мен бұл қызықты жаңалықты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің “Ұлы дала тарихы мен мәдениеті” ғылыми жобасының аясында жасаған баяндамамда атап көрсеттім. Атақты батыр, дарынды қолбасы және саясаткер Қожабергеннің есімін оның туған жерінде мәңгілік еске сақтау тамаша құбылыс емес пе?! Оның есімі елді мекен картасынан идеологияның қырсығынан ғана алынып тасталған.
*Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағаты.
** Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағаты. 2051-қоры. 2-тізім. 11-құжат. СҚО Төңкеріс ауданының 1927 жылғы картасы. “Төңкеріс” – бастапқы атауы. Аудан Қазан революцияның құрметіне солай аталған. Алайда, кейін бұл атау керейлер қоныстанған елді мекендерде тиісінше кеңінен қолданылып, құжаттарда “Төңкеріс” деп жазылған.
Гүлнәр МҰҚАНОВА, тарих ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, “Айқап” журналының жауапты редакторы.
Ерлігі мен өмірі —өнеге
Туған елді сүю, Отанды қорғау – ата-бабаларымыздан ұрпаққа дарыған өшпес қасиет. Біздер, жастар, осынау ұлы ғибратпен еліміздің ертеңі үшін перзенттік борышымызды өтеуге тиіспіз. Бұл үшін біз еліміздің тағдырына ғұмырларын арнаған ардақты бабаларымыздың өшпес мұраларын үлгі етеміз. Қожаберген жырау – осындай ұлы тұлға!
Оның “Елім-ай”, “Баба тілі” дастандары жас ұрпақтың жүрегіне ұялап, бізге зор ғибрат береді. Мен академик М.Қозыбаев атындағы университеттің журналистика кафедрасында оқып жүрмін. Ұстаздарымыздың Қожаберген, Мағжан және ұлтымыздың өзге де елеулі адамдарының қалдырған мұраларын құмарта оқып, үлгі алудамын. Осы орайда Қожабергеннің “Елім-ай” дастаны халқымыздың тағдырына адам айтқысыз қиындық түскен, елдің болашағы қыл үстінде тұрған кезде ұлтты ұйыстырған, рухын жалындатқан шығарма деп ардақ тұтамын.
Мен ұлы жыраулардың жырлары өз кезінде ғана емес, болашаққа да өшпес өнеге болатынына сенімдімін. Бір сөзбен айтқанда,“Елім-ай” – ұлтымыздың ұмытылмас дастаны, болашағымызды, өткен өмірмен салыстыра отырып тануға рухани күш беретін туынды. Сондықтан оны мен тәрізді өзге де тұстастарым да ардақ тұтады.
АЛИНА НҰРТАЗИНА,
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ журналистика кафедрасының студенті.