Қарттардың орны – төрде, құлыншақтай ойнақтаған немере-шөберелерінің ортасында еді ғой. Өкінішке қарай, қазір кейбірі бейнетінің зейнетін көрер шақта қараусыз қалып, қарттар үйін паналауға мәжбүр. Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің оқушылары Смирноводағы қарттар үйіне барып, қамкөңіл жандарға жүрек жылуын сыйлады.
Асқар таудай ата мен ақ жаулықты әженің отбасылық тәрбиедегі орны бөлек. Үлкенге құрмет көрсету – тәрбиенің төресі. Қарттарды қолдау айлығы аясында Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің 6 “Ә” сынып оқушылары Смирноводағы қарттар үйіндегі аталар мен әжелерге өздері дайындаған концерттік бағдарламасын ұсынды. Сынып жетекшісі Гүлнәр Жақсыбайқызы ұйымдастырып, ата-аналар комитетінің қолдауымен өткен шара оқушыларға да ұмытылмас әсер сыйлады.
Оқушылардың концерті әке, ана туралы әндермен ажарланып, күмбірлеген күймен көмкерілді. Биші қыздар “Қамажай” биін билеп, әжелердің жастық шағын көз алдарына қайтадан келтірді.
“Сендер келіп, солған гүлдей болған сүреңсіз өмірімізге жаңа рең кіргіздіңдер. Жиі-жиі келіп тұрыңдар. Болашақтарың жарқын болсын, білім жолындағы сапарларыңа сәттілік тілеймін!” – деп ақ батасын берген ақсақал Сейілбек Молжігітов қоштасар сәтте көзіне жас алды. Кей қариялар өздерінің немере-шөберелерін көргендей қуанды.
Қарттар үйінің басшылығы да оқушыларға тәтті-дәмділерінен ауыз тигізіп, алғысын айтып шығарып салды. Балалар бұл сапардан отбасындағы ата-ананың, ата-әженің орны, оларға құрмет көрсетудің маңыздылығы туралы тәлім алып қайтты.
Эльмира КӘЛЕНОВА.