«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АБЗАЛДАРДЫ ОЙЛАП ЖАНЫМ КҮЙЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облысымыздың құрметті азаматы, “Память” қоғамдық қорының төрағасы Болат Сағындықовтың өткен ғасырдағы халқымыздың басына қара бұлт болып үйірілген саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары жайлы мақалалары мен өлеңдері топтастырылған “Зарлы заман зардабы” атты кітабы жарық көргенін газетіміздің өткен сандарында жазған едік. Жазықсыз “халық жауы” атанған жандардың қилы өмір жолдары, олардың есімдерінің тәуелсіздіктің нұрлы таңымен бірге ортамызға оралуы, артында қалған ұрпақтарына көрсетіліп жатқан қамқорлықтар жайлы ой қаузаған мақалалар мен жыр шумақтары оқыған адамды бейжай қалдырмайды. Назарларыңызға автордың кітапқа енген бірнеше өлеңін ұсынып отырмыз.

Қайран әке

Жендеттер “халық жауын” ұстап алып,

Олардың жанға батты қыспағы анық.

Қайран әкем содырлар соққысынан,

Сұм ажал сұқ қадаған тұста қалып…

 

Қайтпадың, қайта ашпадың есігіңді,

Тербете алмай кеттің сен бесігімді.

“Әке” деп айта алмадым, балаң болып,

Ести алмай аузыңнан есімімді.

 

Арқалап, не жетектеп жүре алмадың,

Еркелеп, құшағыңда күле алмадым.

Суретің де қалмапты, келбетіңді

Бір көрудің жолдарын біле алмадым.

 

“Ой, әке-ау, қайда кеттің адастырып,

Бұл күнде жетім еттің жарастырып”, –

деуші едім сәби тілмен бала кезде, –

“Ержетсем іздер едім қарастырып”.

 

Тәркілеп, тартып алып малымызды,

Еңіретіп бір үйлі жанымызды.

Таршылыққа тап болдық, мүшкілденді,

Тауып жеу күнделікті нанымызды.

 

Айта алмадық жан айқай зарымызды,

Жасырдық аянышты халімізді.

Қасіретке бас имей қайсарландық,

Білдірмей жоғымызды, барымызды.

 

Тауқымет тату етті бәрімізді,

Жеті жетім жасы мен кәрімізді.

Қиын-қыстау қыспағын өткергенде,

Кіршіксіз таза ұстадық арымызды.

Ұлы нәубет

Сексен жылғы тарихтың қара беті,

Өткен жоқ оның әлі қасіреті.

Жау іздеп өз елінен мұртты көсем,

Қырғыннан қалды емес пе ғасыр дерті.

 

Мына жер НКВД ғимараты,

Тұрғанда жан түршігер қаралы аты.

Бұл тамұққа қамалып, қиналған-ды

Осы өңірдің мыңдаған азаматы.

 

Қайнап тұрды НКВД қазаны,

“Үштіктер -ақ” шығаратын жазаны.

Бірі атылса, біреуіне жазылды,

Сталиндік лагерьлердің азабы.

 

Түн жамылып келеді екен көліктер,

Көліктерге артылады өліктер.

Қай шұқырға көмгендерін жасырып,

Құпияны біле білсең, көріп-көр.

 

Сезбеді ешкім әкелерді атқанын,

Шейіттердің қай шұқырда жатқанын.

Біздер үшін әлі күнге беймәлім,

Мәйіттердің беттерін де жапқанын.

 

Біздің ғана бір өңірден кеткені,

Анықталды сегіз мыңға жеткені.

Айдалғандар, қашқандардың саны жоқ,

Қуғын-сүргін құрбандары еткені.

 

Тап жауы деп кәмпескелеп байларды,

Неше мыңы Көкаралға айдалды.

Зарлап кетіп ел-жұртынан айрылған,

“Барсакелмес” тұрғынына айналды.

 

Сан алуан ел-жұртымен қашқандар,

Жан сауғалап шекарадан асқандар

Миллиондап саналады қатары,

Босқындар боп шет жерлерді басқандар.

 

Желеу етіп сенімсіздік халқына,

Салмай ешбір заң түрінде талқыға.

Миллиондарды жер аударды жазықсыз,

Дүркіретіп, қаратпай алды-артына.

 

Қан жылатып туған жерден көшірді,

Есімдерін төл тарихтан өшірді.

Қатын-қалаш, бала-шаға зар жылап,

Зорлық пенен зомбылықтан өкірді.

 

Қайда қалды арыстардың сүйегі,

Абзалдарды ойлап жаным күйеді.

Қарғыс атсын қан жылатқан халқымды,

Сталиндік большевиктік жүйені.

Мойымадың тағдырға

Мына бізді көрмеді әкем жетелеп,

Арманда өттім, айта алмастан “әке” деп.

Жетімдікті көрсетпедің, анашым,

Ержеткіздің, еркелетіп, мәпелеп.

 

Қасіретін көрдің небір қазаның,

Қиындықтың, нәубет пенен жазаның.

Сонда дағы мойымадың тағдырға,

Өміріңе айтылмады наз әнің.

 

Көре алмадың қызығын да өмірдің,

Жұрт алдында жүруші едің көңілді.

Оңашада жалғыз қалып, күңіреніп,

Зарлап тұрып талай рет төгілдің.

 

“Халық жауы әйелі” деп қаралап,

Қуғындады сені де, о ғаламат!

Жер аударып, қой баққызды жаз бойы,

Егін соқтың, қыста елді аралап.

 

Қайсар едің, қажымадың, сынбадың,

Тіршілікке тырмысудан тынбадың.

Тағдыр салған тауқыметке мойымай,

Қайраттанып, өзіңді-өзің шыңдадың.

 

Перзентімді жеткізу деп арманым,

80-жылды түгел бізге арнадың.

Қызығымды, қызметімді көргенде,

“Тәубе” дедің, бергеніне Алланың.

 

Ақ сүтіңді ақтай алмай қалдым ба?

Борышымды толық өтей алдым ба?

Қарыздармын, асыл ана, мәңгілік,

Ұмытпаймын, сақталасың жадымда.

Аруағы шат болса құрбандардың

Мың тоғыз жүз қырық үштің қыркүйегі,

“Карлаг”-та әкем марқұм қайтқан екен.

“Шіркін-ай, табылар ма құр сүйегі?”,

Мұңайып жылап тұрып айтқан екем.

 

Кім білсін, өзі жеке көмілді ме,

Әлде көппен бір шұқырға төгілді ме!

Іздедім жердің бетін шарлап жүріп,

Таба алмай мұң басады көңілді де.

 

Зираты бола ма екен құрбандардың,

Көкірек сағынады, тұнған зар-мұң.

Жазасы бола ма екен, жазықсыздан,

Жандарға көп қысастық қылғандардың?

 

Іздеуді бастар екем қалай, қайдан?

Әуелі “Долинкада” мұражайдан.

Мыңдаған тұтқындардың тізімінен,

Кім білсін, Құдай оңдап табам байлам.

 

Белгісіз – табамын ба, таппаймын ба?

Қарекетсіз, қарманбай жатпаймын да.

Не болса да бел будым, біссміллә деп,

Сенімімді жадымда сақтаймын да.

 

Таппасам қайда енді барамын да,

Барлығы бір Алланың қарауында.

Қара судай қайнаған кегімді мен,

Ой-хой, дүние-ай, кімдерден аламын да!

 

Сол жолға арналады бар ғұмырым.

Жанымды жылатса да жаңғырық үн.

Аруағы шат болса құрбандардың,

Мен солай нұрландырам таңды бүгін.

Айдауда жүрдің аяусыз …

Әкемді ажал алғанда,

Бір жаста жетім қалғанда.

Қайыспадың, сынбадың,

Тік қарадың жалғанға.

 

“Халық жауы” зайыбы,

Заманның салған айыбы.

Айдауда жүрдің аяусыз,

Мұрттының болмай қайыры.

 

Жаз туса қой бағасың,

Алыстың жайлап даласын.

Жат жерде жүрдің зар жылап,

Жаза алмай жүрек жарасын.

 

Қыс туса егін соғасың,

Кигенің жұқа, тоңасың.

Қасірет қажап жаныңды,

Күн санап жүдеп, соласың.

 

Үйдегі жеті жетімді,

Қалған ана жесірді.

Қайғырып құса боласың,

Жия алмай кейде есіңді.

 

Сол бір нәубет заман-ай,

Зұлымдық құрған қамалы-ай.

Езіп, таптап тастады-ау,

Кімнің болды амалы-ай?!

 

Зұлматты кезең сөнгесін,

Бақыттың таңын көргесін.

Жібіді ана жүрегі,

Қоғамға жылу келгесін.

Сағыныш

Анашым, сағынам ғой, сағынамын,

Құлазып, кейде жылап, ағыламын.

Анда-санда түсіме кірсеңші деп,

Тәңірімнен тілеймін, жалынамын.

 

Неше жыл түсіме бір кірмей қойдың,

Не себеп, назарыңа ілмей қойдың.

Құран-дұға жасаудан жаңылмаймын,

Өкпең бар ма, анажан, білмей қойдым!

 

Мен сенің қай жаста да сәбиіңмін,

Көкірегімде әсем үні әлдиіңнің.

Білемін аруағың жүр айналамда,

Жанашыры болғанда әр күйімнің.

 

Анашым білесің бе, сен өткелі,

Басымнан нелер келіп, не өтпеді.

Өзіңсіз қанша көктем өтіп кетті,

Келіп қалды тағы бір жыл көктемім.

 

Сағындым, сағынамын, сағынармын,

Аруағыңа бас иіп, табынармын.

Апа-ау, түсіме бір кіріп кетші,

Еркеңнің бұл тілеуін қабыл алғын!

Болат САҒЫНДЫҚОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp