Петропавл қалалық полиция басқармасы мамандары ПИК және саяжай қауымдастықтары төрағаларымен кездесіп, қылмыстардың алдын алу, есірткі заттарының таралуына қарсы әрекет ету, интернет-алаяқтықты ескерту мәселелерін талқылады.
– Облыс орталығындағы 13 пәтер иелері кооперативі өз аулаларында бейнебақылау камераларын іске қосса, 5 мыңға жуық үйдің кіреберісінде коды бар құлыптар мен домофондар орнатылған. “Қазақтелеком” АҚ-ы филиалының мәліметі бойынша жыл соңына дейін 300-ден астам үй кіреберісін “Бұлтты бейнебақылау” жүйесіне қосу жоспарланған. Жыл басынан бері қалада бейнебақылау камераларының жазбалары арқылы 430-дан астам қылмыс ашылғанын ескерсек, тәуліктік бақылау орнатуды жалғастырудың пайдасы зор болмақ. Өйткені, бейнебақылаудың орнатылғанын білген қаскөй өзінің арам пиғылын жүзеге асырудан бас тартатыны анық, – дейді жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары, полиция майоры Әлібек Ғабдуллин.
Криминалдық полиция бөлімінің бастығы, полиция майоры Руслан Сыздықов интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлеріне тоқталып, оларға ұрынбаудың тәсілдерін түсіндірді. Ал есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімінің бастығы Дулат Мұхаметрахимов облыс орталығында есірткілік “тұздар” мен “спайстардың” таралуы етек алып бара жатқанын айтып, полицейлер мен еріктілердің есірткі жарнамасына қарсы қолданатын шаралары туралы бейнесюжеттер көрсетті.
– Ересек адамдар мұндай жарнамаларда жазылған сөздерге аса зер сала бермейді. Жастардың қызығушылығын оятуды көздейтін жарнама таратушылары үшін керегі де сол. Кейбір ПИК төрағалары жазуларды үстінен бояп тастайды. ПИК белсенділері полицияға қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық фактілері туралы хабарлап, қылмыстарды ашуға септігін тигізетін ақпараттарды жинауға көмек көрсете алады. Сондықтан ыңғайлылық үшін мессенджерлерде арнайы чаттар құрып, ақпарат алмасуға болады, – деген бөлім бастығы жиынға қатысушыларға ұсыныс жасады.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің маманы Азамат Исахметов аялдама, жылу құбырлары сынды қала инфрақұрылымы нысандарындағы жазуларды анықтап, бояумен айналысатын мобильді бригада құруға дайындық жұмыстары басталғанын жеткізді.
Нұрбек БАЕКИН, облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің бас маманы.