«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЛПЫҒА ОРТАҚ ТАЛАП

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның тәуелсіздігін нығайту жолындағы стратегиялық маңызды мәселелерді айқындап, қоғам мен мемлекетті түбегейлі қайта өзгертуге, жаңғыртуға бағытталған негізгі басымдықтарды белгілеп берді. Оның ішінде қоғам кеселі – сыбайлас жемқорлықпен күрес маңызды мәселелердің бірі болып табылады. “Сыбайлас жемқорлықпен белсенді күрес жалғасатын болады.

Біріншіден, көрсетілетін мемлекеттік қызметтер аясында мемлекеттік қызметшілердің тұрғындармен тікелей қарым-қатынасын азайтуға қол жеткізген жөн. Екіншіден, қарамағындағы қызметкерлер сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық жасаған жағдайда бірінші басшылардың жеке тәртіптік жауапкершілігін күшейту мәселесін пысықтау қажет, – деп атап көрсетті “Қазақстандықтардың əл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” Жолдауында Мемлекет басшысы.

Сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін едәуір төмендететіні, қоғамда демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежейтіні, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні белгілі. Шын мәнінде, сыбайлас жемқорлықпен күрес бүгінде елімізде мемлекеттік маңызы бар түйткілді мәселеге айналды. Cебебі, мұндай әрекеттің мемлекеттік қызметшілер тарапынан көрініс табуы елдің дамуына кедергі келтіріп қана қоймай, қоғамда билікке деген сенімсіздік тудырады. Өкінішке қарай, жең ұшынан жалғасатын әдет әлі де болса қалмай келеді.

Жемқорлық ұғымы заманауи құқықтық сөздікте кеңінен қолданылады және тамыры тереңде. Мемлекеттік сатып алу, бюджет қаржысын талан-тараж етіп, ысырап қылу, жер телімдерін заңсыз беру, дүние-мүлкін, ақша капиталын салық декларациясынан, яғни мемлекеттен жасырып қалу сияқты мемлекетке қауіп төндіретін жат қылықтар әлі де орын алуда.

Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жемқорлыққа қарсы күрес мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қазақстан бұрынғы КСРО кеңістігінде алғаш рет “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы” Заң қабылдады. Бұл заң жобасы арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің негізгі қағидалары, оған қатысты құқық бұзушылықтардың және жауапкершіліктің түрлері анықталды. Жемқорлыққа қарсы күресте барлық адамдар заң мен сот алдында тең. Жеке және заңды тұлғалардың бұзылған құқықтары мен мүдделерін қалпына келтіру, сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтың зиянды зардаптарын жою, олардың алдын алу және барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың өз құзыреті шегінде күрес жүргізуі, яғни жемқорлықпен күресуі – жалпыға ортақ міндет.

Біз елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бағытында елеулі қадамдар жасадық. Алайда, басты назар көбінесе сыбайлас жемқорлықтың салдарымен күресуге аударылып отыр. Сондықтан Елбасы сыбайлас жемқорлықтың себептерін анықтап, соларды жою жұмысын күшейту қажеттілігін атап көрсеткен болатын. Сыбайлас жемқорлықпен күресте көп нәрсе бүкіл қоғамның белсене атсалысуына байланысты болмақ. Әлеуметтік желінің, өзге де медиаресурстардың дамуы жағдайында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет барысында оны жалпы жұртшылықтың жек көруі – күрестің қуатты құралына айналуға тиіс.

Мемлекет басшысының Жарлығымен “Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы” бекітілді. Ол Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму Стратегиясында айқындалған мақсаттар мен міндеттерді іске асыру үшін әзірленген. Стратегия мемлекеттің алдағы жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының негізгі бағыттарын көрсетеді және сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын, оны тудыратын себептер мен жағдайларды жоюға, деңгейін қысқартуға ықпал ететін кешенді шараларды қамтиды.

Стратегияда еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің ахуалына талдау жасалып, сыбайлас жемқорлық көріністеріне ықпал ететін негізгі факторлар сипатталады, оларды жою жөніндегі тәсілдер мен басым шаралар, оны іске асыру тетіктері көрсетілген.

Стратегияны іске асыру нәтижесінде халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы, мемлекет институттарына қоғамның сенімі, азаматтардың құқықтық сауаты мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәдениетінің деңгейі көтерілуі тиіс. 2019 жылы облысымызда көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің – 80 пайызы, ал 2020 жылы кемінде 90 пайызы электронды форматқа көшірілуі және тұрғындар талабына жауап беруі керек. Мемлекеттік сатып алу жүйесін одан әрі жаңғырту, билік органдарының ғана емес, квазимемлекеттік және жеке секторлардың халыққа қызмет көрсетуде барынша ашықтығын қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жалғастырылатын болады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру үшін оқу орындарында, мемлекеттік органдарда және тұрғындар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы ауқымды оқыту курстарын өткізу және мемлекеттің оған қарсы қабылдаған шараларын жария етуге бұқаралық ақпарат құралдарының көмегі зор. Бұл бағытта облыстық қаржы басқармасында жоспарлы жұмыстар атқарылуда. Басқарма ұжымында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тақырыбында әңгімелер айтылып, әр мемлекеттік қызметшінің жауапкершілігі ескертіледі. Елбасының мемлекетіміздің тағдыры үшін маңызды құжатында айтылған мемлекеттік қызметтегі тұлғаларға қойылатын талап “Әрбір мемлекеттік қызметшінің ары да, жаны да таза, сауатты және білікті, біреуге тәуелді болмайтындай жағдайда болса екен” деген жұртшылықтың пікірімен үндескендей. Мемлекеттік қызметшінің атына кір келтіретін әрекеттерден әркімнің де аулақ болғаны жөн. Мұндай заң бұзушылыққа қасақана барғандар қатаң жазаға тартылады.

Ескен ӘКІМЖАНОВ, облыстық қаржы басқармасының басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp