«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КОММУНАЛДЫҚ ТӨЛЕМДЕР ТӨМЕНДЕЙДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен облыстық әкімдіктің кезекті отырысында еліміздегі айшықты мереке – Тәуелсіздік күнін атап өтуге арналған дайындық шаралары және коммуналдық төлемдердің құнын төмендетуге бағытталған жұмыстардың барысы талқыланды.

Облыстық iшкi саясат басқармасының басшысы Әсем Рахметова алдағы мерекенің жоспары жөнінде баяндады.

– Еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін насихаттауға бағытталған мереке барысында патриоттық және бұқаралық сипаттағы бірқатар ауқымды шаралар өтеді. Петропавл қаласы мен аудандарда үш мыңнан астам мәдени-бұқаралық, әлеуметтік шара жоспарланған. Оған 350 мыңнан астам солтүстікқазақстандық қатысады деп күтілуде, – деді басқарма басшысы.

Облыс және аудан орталықтарында мерекелік баннерлер ілінуде, сондай-ақ, білім беру, денсаулық сақтау, дене шынықтыру және спорт басқармаларында “Ашық есік күні” ұйымдастырылып, жас мемлекеттік қызметшілердің ант қабылдау рәсімі өтеді.

Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері де ұйымдастырылмақ. Мерекелік шарада эстрада жұлдыздары – Қайрат Нұртас пен Әйгерім Қалаубаева әннен шашу шашады.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Досбол Әбдірисовтың айтуынша, мерекелік концерттер, фестивальдер және тағы басқа шаралар Тәуелсіздік күнінің мазмұнын аша түспек. “Ұлт Көшбасшысы және Тәуелсіздік” атты “дөңгелек үстел” өткізу жоспарланған. Ал кітапхана мен мұражайларда “Мәңгілік елдің кепілі – баянды Тәуелсіздік”, “Тәуелсіздік – ата-баба қалдырған асыл мұра” және “Ел байлығы – Тәуелсіздік” көрмелері, “Желтоқсанның алауы – Тәуелсіздік жалауы” тарихи кеші өтеді.

Бұл күндері облыста әлеуметтік маңызы бар отыздан астам нысан пайдалануға берілетін болады. Жаңа мәдениет нысандары, тұрғын үйлер, коворкинг орталығы, өндірістік және қайта өңдеу цехы, фельдшерлік-акушерлік қосын, өрт қауіпсіздігі бекеті, құс фабрикасы, сүт кешені, шұжық және кондитерлік өнім дайындайтын орындар ашылып, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына көмек болмақ.

Бүгінгі таңда өңірімізде коммуналдық төлемдердің бағасын төмендету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Әділбек Әубәкіров есеп берді. Облыста тарифтерді қалыптастыру үрдісінің ашықтығын қамтамасыз ету, энергетика қызметтері нарығындағы бағаның қалыптасуына мемлекеттік органдар тарапынан бақылауды күшейту бойынша кешенді жұмыстар қолға алынған.

– Елбасы тапсырмасына сәйкес табиғи монополия субъектілерінің жұмысы тексерілді. Нәтижесінде тұтынушылар тарапынан нақты пайдаланған жылу мен электр энергиясы көрсеткішін асыра көрсетіп, артық төлемдер талап ету бойынша жиі шағым түсетін “Петропавл жылу желілері” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен “Солтүстік Қазақстан электр желісін тарату компаниясы” АҚ-ында заң бұзушылықтар анықталды. Қос компания әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы құны 2,7 млн. теңге айыппұл төледі, – деді Әділбек Әубәкіров.

Баяндамашының айтуынша, қолданыстағы тарифтерді 2019 жылы төмендетуге мүмкіндік беретін жүйелі жұмыстар өз нәтижесін беруде. Атап айтқанда, үстіміздегі жылдың 1-шi қарашасынан бастап жылу энергиясына қайтарма тариф азайтылды. Алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап “Петропавл жылу желілері” ЖШС-нің тарифі 3822,95 теңгеден 3780,44 теңге/Гкал-ға дейін, яғни 1,1 пайызға азаяды. Сондай-ақ, “Қызылжар су” ЖШС-інде сумен жабдықтау қызметтері 9, ал кәріз жүйелері 2,7 пайызға арзандатылады. Петропавл қаласы мен 8 ауданда электрмен жабдықтау қызметтерінің тарифі 13 теңгеден 11,80 теңге/кВт/с-қа дейін, яғни 2,7 пайызға төмендетіледі. Бұдан бөлек, алдағы жылдың сәуір айынан бастап электр энергиясының тарифі тағы да 5 пайызға төмендемек.

Басқарма басшысы алдағы жылы да коммуналдық тариф бағасының өспейтінін айтты. Облыс әкімдігі қатты отын бағасын төмендету мақсатында көмір сататын жергілікті 6 кәсіпорынның басшылығымен меморандум жасасты. Бұл келісімнің нәтижесінде көмір қоймалары мен бөлшектеп сату орындарындағы баға орташа есеппен 2945 теңгеге дейін төмендейді.

– Жаңа жылдан бастап қоқыс шығару және лифт пайдалану бағасы 5 пайызға арзандатылмақ. Алайда, қызмет бағасының құны оның сапасына әсер етпеуі тиіс. Қондырғылар мен құрал-жабдықтар да жоспарға сәйкес жаңғыртылып отырылуы керек, – деді Құмар Іргебайұлы.

Облыс әкімі алдағы уақытта газбен жабдықтау, телефон байланысы және интернет тарифтерін де төмендету қажеттігін ескертті.

Қанат АТАМАНОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp