«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ МЕРЕЙІ ҮСТЕМ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласында: “Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс”, – деп атап көрсеткен болатын. Мемлекет басшысы айтып отырған ұлттық рух тіл арқылы қалыптасады. Тіл қарым-қатынас құралы ғана емес, сол ұлттың тарихын, мәдениетін, дәстүрін түсінудің кілті саналады. Кез келген ұлттың ұлт ретінде сақталуының кепілі де – тіл.

Еліміз егемендікке қол жеткізген жылдардан бастап қазақ тілінің екінші тынысы ашылғандай болды. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, ғылым мен техникаға енгізу сәтті жүзеге асырылып келеді. Өңіріміздегі тілдерді оқыту орталығының көздегені де – қазақ тілін өрістету. Бүгінде орталықта қазақ және ағылшын тілдерін оқытатын топтар жемісті жұмыс істеуде. Орталық мамандары ана тіліміздің қоғамдық функциясын дамыту және кеңейту мәселелерi бойынша түрлі мекемелермен, кәсiпорындармен, ұйымдармен өзара тығыз байланыс орнатқан.

Биыл құрылған 140 топтың 115-інде – қазақ, 25-інде ағылшын тілі оқытылуда. Тыңдаушылардың арасында мемлекеттік қызметшілермен қатар құқық қорғау, денсаулық сақтау, білім беру, спорт, мәдениет салаларының, халыққа қызмет көрсету ұйымдарының өкілдері бар. Жыл сайын тыңдаушылардың санына мониторинг жүргізіледі. Соның нәтижесінде тіл үйренушілер қатарының көбейіп келе жатқанын аңғаруға болады. Мәселен, 2016 жылы – 2004, 2017 жылы – 2220, ал 2018 жылы 2839 тыңдаушы қазақ, ағылшын тілдерін меңгеруге ден қойған.

Орталық өз жұмысын бастаған алғашқы жылы мекемелерден, негізінен, бастауыш А1 мен базалық А2 деңгейлеріне ғана өтінімдер келіп түскен болса, биыл Петропавл қаласында бастауыш А1 деңгейі бойынша оқитын топтар мүлдем жоқ десек болады. Бұл дегеніміз, тыңдаушылар деңгейінің әлдеқайда жоғарылағанын көрсетеді. Бүгінгі таңда В1 жалғастырушы деңгейі бойынша 30-ға жуық топ оқытылуда. Облыстық әкімдікте В2 ортадан жоғары бір топ тәжірибе негізінде жұмыс істеуде. Тыңдаушылардың тіл үйренуге деген қызығушылығы күн сайын артып келеді.

Орталықта ағылшын тілі курстары заман талабына сай жүргізіледі. Жоғары білімді мамандардың дәрістері жаңа технологиялар негізінде өткізіледі. Сегіз айлық курс аяқталған соң тыңдаушылар сынақ тапсырады. Сүрінбей өткен жағдайда тыңдаушыға сегіз айлық ағылшын тілі курсын тамамдағанын растайтын анықтама беріледі. Жалпы орталыққа оқытушылар келісімшарт негізінде жұмысқа қабылданады. Оқытушылар құрамы мектеп мұғалімдері мен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушыларынан құралған.

Мамандар мемлекеттік тілді оқыту барысында қазақ тілін шет тілі немесе екінші тіл ретінде оқыту әдістемесі бойынша әзірленген “Қазақ тілін оқытудың типтік бағдарламасы” оқулығын негізге алады. Өзге тілді оқытудың басты міндеттерінің бірі – тіл үйренушілердің өзіндік ерекшеліктерімен санаса отырып, олардың қызығушылықтарын ояту.

Тыңдаушыларға берілген материалдар мен тапсырмалар олардың қызметтерімен, алдағы мақсаттарымен сабақтасып жатса жұмысымыздың алға басуына жол ашары сөзсіз. Сондықтан оқытушыларға әрдайым шығармашылық ізденісте болу қажеттігін айтудан жалыққан емеспіз. Олар үшін семинар-тренингтер, байқаулар, республикалық онлайн-режімінде шаралар ұйымдастырылып, педагогикалық біліктіліктерін көтеруге барынша жағдай жасалып отыр. Оқытушылар жыл басында арнайы құрылған әдістемелік отырыстың шешімі негізінде жұмысқа қабылданады. Алдымен комиссия мүшелеріне панорамалық сабақ үлгісін көрсетіп, өз портфолиосымен таныстырады. Сонымен қатар мекемелер арасында тыңдаушылардың сабаққа қатысулары, аралық және қорытынды тестілеулерде алған бағалары бойынша мониторинг құрастырылады. Бұл өз кезегінде оқудың қай топта тиімді өтіп жатқандығын байқатады. Аралық бақылау бір оқу жылында екі рет, қорытынды бақылау бір рет өткізіледі.

Орталықтың әдіскерлері оқытушылармен бірлесе тыңдаушылардың кәсіби және мамандық бейімдерін ескере отыра, осы жылы күнтізбелік-тақырыптық жоспарларға өзгерістер енгізді. Сонымен қатар көмекші құрал ретінде түрлі деңгейлер бойынша тестер мен мәтіндер жинақтарын басып шығарды.

Ел азаматтарының мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалау “Қазтест” жүйесі арқылы анықталады. Ұлттық тестілеу орталығы өңірдегі тілдік ахуалға мониторингті осы жүйе арқылы жасайды. Аталған жүйе мемлекеттік тіл саясатын жетілдіру аясында атқарылып жатқан негізгі іс-шаралардың ең маңыздысы саналады. Cондықтан да жыл сайын Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығы мамандарының қатысуымен “Қазтест” жүйесі бойынша диагностикалық және сертификаттық тестілеу өткізіліп келеді. Айта кетерлік жайт, тестілеуге кез келген ересек адам қатысып, тілді меңгеру деңгейін анықтай алады.

Орталық құрылғаннан бері 2017 жылы – үш рет, 2018 жылы екі рет ұйымдастырылған тестілеуден барлығы 6828 азамат өтті, соның ішінде сертификаттық тестке 177-cі қатысып, олардың 93-і сертификатқа ие болды.

Мемлекеттік тілді дамыту, ана тілімізге деген құрметті арттыру мақсатында атқарылатын жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.

Үмітжан ШЫНТЕМІРОВА, “Тілдерді оқыту орталығы” КММ-нің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp