«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НАМЫСЫҢДЫ ҚАМШЫЛА, ҚАЗАҚ!

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Алаштың арда ұлдарының бірі Міржақып Дулатов: “Қай елдің баспасөзі күшті болса, сол елдің өзі де күшті”, – деген екен. Шынымен де, газет – заман айнасы, дәуір болмысы. Ал қаламының ұшымен уақыт келбетін суреттейтін журналистер – ел-жұртының мақсат-мүддесін жақтаушы ғана емес, ұлттық, рухани құндылықтардың жоқтаушысы. Уақыт көшіне ілескен басылым бүгінгі күннің жүгін көтеруді өзінің бұлжымас міндеті деп біледі. Сондықтан да қоғамдағы өзекті мәселелерді назарынан тыс қалдырған кезі жоқ. Ақпараттық технологиялар төрге озған қазіргі таңда газет-журнал, кітап оқымайтын жастар көбейіп келеді. Алдыңғы толқын, ұстаздар өскелең ұрпақтың болашағына алаңдайды. Басылымның жанашырлары әрі тұрақты оқырмандарымыздың қатысуымен ұйымдастырылған “Газет – халықтың жаны” атты “дөңгелек үстел” басында осы мәселелерге орай көптеген кесек ойлар ортаға салынды.

Оған ардагер ұстаз Қарақат Шалабаев, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Әдия Ахметова, Қазақстанның құрметті журналисі Амандық Жантеміров, руханият жанашыры, кәсіпкер Жомарт Омаров, Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының мұғалімі Гүлбағыш Кемеңгерова қатысты. “Дөңгелек үстелді” “Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жарасбай Сүлейменов жүргізіп отырды.

Жарасбай Сүлейменов:

– “Қазақ баспасөзінің қарашаңырағы” атанған “Soltústіk Qazaqstan” газетінің алғашқы саны 1920 жылы 22 ақпанда жарық көрген екен. Алғашында “Кедей сөзі” деген атаумен шыққан басылым: “Көтер басты! Аш көзді! Таста керенау жалқаулықты! Қайраттан, сілкін! Жармасыңдар бос шашылып жатқан ғылым-білім жемістеріне! Хат білмегенің білуге, тануға қам қылып, түпке жеткен надандықтан құтылуға кірісіңдер!” – деп қазақ еліне жанашырлық сөз айтты, ой салды. Ұлтымыздың ұлы тұлғалары оқу-біліммен төрге озған елдермен тереземіз теңелсе, арманымыз орындалса деп көкседі. Ал бүгін азаттықтың ақ таңы арайлап атқан тәуелсіз елміз. Бірақ соңғы жылдары жастардың, олар ғана емес, көпшіліктің арасында газет, кітап оқымайтын адамдардың көбейіп келе жатқаны бізді де алаңдатады. Кітап оқымайтын ұрпақ ертең елімізге не береді? Биылғы баспасөзге жазылу науқанында оның салқыны “Soltústіk Qazaqstan” газетіне де тиіп отыр. Сондықтан тұрақты оқырмандарымызды редакцияға шақырып, газеттің қоғамдағы рөлі төңірегінде ой бөлісуді жөн көрдік.

Қарақат Шалабаев:

– Тамыры терең, тарихы бай байырғы газетте небір ұлы тұлғалардың қаламының ізі қалған. Оның сарғайған парақтарына үңілген адам Алаштың ардақты перзенті Мағжан Жұмабаев, Қошке Кемеңгерұлы, Смағұл Сәдуақасов осы басылым арқылы халқымыздың санасына рухани сілкініс әкеліп, қараңғылықтан құтқаруға ұмтылғанын аңғарады. Сондай-ақ, белгілі қаламгерлер Сәбит Мұқановтың, Жұмағали Саинның, Асқар Тоқмағамбетовтың, Шахмет Құсайыновтың, Ғалым Малдыбаевтың осы газетте еңбек еткенін неге ұмытайық?! “Ленин туы” қолына қалам ұстап, сөзді қару еткен небір танымал ақын-жазушылардың қанатын қомдап, әдебиеттегі тұсауын кесті. Қаншама қаламгерлерді ұшырған асыл ұя – әрбір қазақ үшін қадірлі әрі қасиетті шаңырақ.

Журналист қадірлі мамандық қой. Осы газеттің ыстығына күйіп, суығына тонған тілшілердің есімін оқырмандар әлі күнге дейін құрметпен айтып жүреді. Марқұм Мәлік Мұқанов, Амандық Әбжанов, Бақыт Мұстафин, Ермек Қонарбаев, ал бүгін ұзақ жылғы еңбектің өтеуі – зейнет демалысында жүрген Болат Қожахметов, Зейнолла Әкімжанов, Тоқтар Зікірин халықтың қалауының, оқырманның ой-тілегінің үдесінен шыға білді. Бүгінгі күні олардың ізбасарлары – жас тілшілердің қадамына қуанып, әрдайым тілекші болып отырамыз. Олардың беталысы жаман емес, тартымды, мазмұнды материалдары көңілден шығады. Газетте оқимын деген адамға ойлы мақалалар аз емес.

Мен бұрынғы “Ленин туы”, қазіргі “Soltústіk Qazaqstan” газетін 1965 жылдан бері жаздырып аламын. Өйткені, осы жылы жоғары оқу орнын тамамдап, мұғалімдік қызметке қадам бастым. Мектеп қабырғасында жүрген тұста да газетке ғашық баланың бірі болдым. Ұзақ жылдан бері өңірімізге ғана емес, елімізге танылған “Soltústіk Qazaqstan” газетімен бірге жасап келемін. Әлі күнге дейін пошташының жолын тосып, елеңдеп отырамын. Бүгінгі күні Қызылжар ауданының Бескөл ауылында тұрып жатырмын. Бізге аптасына екі мәрте газетті жеткізіп береді. Сол күндері пошта жәшігін бірнеше рет қарап, қолыма тигенше тағат таппаймын. Жасым 70-тен асса да, газеттің әрбір санынан “Туған жер”, “Тіршілік түйткілдері”, “Оқырманның жүрек сыры”, “Тарих және таным” айдарларын күтемін. Меніңше, газет оқу уақыт өте келе адамның жақсы бір әдетіне айналып кетеді. Сондықтан жастарды жақсылыққа үндеп, шығарма оқуға үгіттеу қажет.

Кейбіреулер беті бүлк етпестен “кітаптың уақыты өтті” деп жатады. Мен өмірден көргені мен түйгені мол алдыңғы толқынның өкілі ретінде айтарым, кітап ешқашан құнын жоймайды. Асыл дүниелердің бәрі кітап пен газет бетінде қатталған. Сондықтан сарғайған беттер бүгінгі күннің келешек ұрпаққа айтар сөзін, өсиетін жеткізеді. Жақында бір оқушым телефон шалып: “Ағай, Мұхтар Әуезовтің “Абай жолы” романын оқымай-ақ жоғары оқу орнын бітіріп шығуға болады екен ғой”, – дейді. Әрине, ол өзі көрген жайтты айтып отыр. Неліктен осындай келеңсіздіктерге тап болып жатырмыз, мұндай сорақылықтан қалай құтыламыз, міне, бізді ойландыратын мәселе осы. Тығырықтан шығудың жолын іздеуіміз керек.

Әдия Ахметова:

– Қарақат Ысқақұлы, сөзіңіз аузыңызда. Бүгін “Soltústіk Qazaqstan” газеті көпшіліктің, әсіресе, жастардың кітап, газет оқуға селқостығы жайлы орынды мәселе көтеріп отыр. Мектеп қабырғасын тамамдағаннан кейін қазіргі Мағжан Жұмабаев атындағы педагогикалық колледжге оқуға түстім. Сонда ұстазымыз Ермек Ақпанбетов оқушыларға тапсырмаларды бұрынғы “Ленин туы” басылымынан беретін. Ал кейін ойласам, ол шәкірттерінің газет оқуға деген ынтасын ояту үшін осылай жасаған ғой. Осы тәжірибені бүгінгі мектеп мұғалімдері өз сабақтарында пайдаланса, нұр үстіне нұр болар еді. Газет бетінде түрлі тақырыпты қамтыған тәрбиелік, танымдық материалдар жас ұрпақтың жеке басының өнегесіне де оң әсерін тигізіп әрі қазақшасын жақсартуға ықпал етіп, бұған қоса тіліне, еліне, жеріне деген ізгі сезімін оятар еді.

Менің балалық шағым Ресей елінде өтті. Отбасымызбен орыс ауылында тұрып, өзге тілде білім алдық. Соған қарамастан, біздің бала кезімізде әке-шешелеріміз “Ленин туын” жаздырып алатын. Әрбір шаңырақтың төрінде тұратын бұл басылымның кім-кімге де болсын қадірі зор. Әкелерімізге газеттің әрбір материалын ежіктеп оқып беретінбіз. Ол кісілердің екі көзі төрт болып, пошташының жолын тосып отыратын. Ал бүгін осы елдің де, жердің де иесі өзімізбіз. Соған қарамастан, “Soltústіk Qazaqstan”-ды жаздырып алушылар қатары азайып барады. Ақиқатына келсек, қазіргі таңда газеттің тұрақты оқырманы – аға буын өкілдері және ұстаздар. Мен де еңбек ардагері ретінде кейінгі буынның әдеби дүниелерге ынта қоймайтынына қынжыламын. Оның әсері бүгінгі күні анық сезілуде. Өйткені, жастардың сөздік қоры аз, қазақша сөйлеу деңгейлері өте нашар. Оқушылардың арасында екі сөздің басын қоса алмайтындар көп. Ертеңгі күні олар толыққанды азамат болып, ұлттық құндылықтарымыздың, тіліміздің жанашырына айналады дегенге өз басым иланбаймын.

Қарақат Шалабаев:

– Әдия Ысқаққызының сөзін жандандыра түсейінші. 1999 жылы ауылдан көшіп келіп, облыс орталығындағы қалалық классикалық гимназияға жұмысқа орналастым. Несін жасырайын, алғашында гимназия әрі классикалық деген мәртебеге ие білім ордасында қызмет істеуге жүрексіндім. Бірақ мен ойлағандай болмай шықты. Балалар қазақшадан мүдіреді, қоңырау уақытында бір-бірімен орысша сөйлеседі. Мен бүгінгі күні мектептердегі жағдай өзгере қойды деп ойламаймын.

Гүлбағыш Кемеңгерова: 

– Аға-апаларымыздың сөзінің жаны бар. Бүгінгі күні дүние есігін кеше ғана ашқан сәби көзін тырнап ашар-ашпастан ұялы телефонға қол созады. Бұлай кете беретін болса, жас ұрпақтың болашағы бұлыңғыр. Бұрын денсаулығы дімкәс балалар бірен-саран болса, қазір көзілдірік киетіндер көбейген. Жақында басылым беттерінен балалар арасында қант диабетіне шалдыққандар саны артып отырғаны жайында мәліметтерді көзім шалды. Интернет желісі біздің небір құндылықтарымызды ғана емес, бесіктен белі шықпаған балғындардың денсаулығына да қол сұғып, ертеңгі күнімізге қорқыныш ұялатып отыр. Айтайын дегенім, әлеуметтік желілер газет пен кітаптың ешқашан да орнын баса алмайды. Қағазға беттелген мақаланың әсері ерекше, ал мұндай ләззатты интернеттен сезіне алмайсың. Өз басым, әрбір сөзді шұқшия оқып, талдап, зердеге түйіп, ой қорытып шығамын.

Ал газетке, оның ішінде “Soltústіk Qazaqstan”-ға ынта-ықыласымның оянуына атам Кемеңгер Сағдиевтің ықпалы зор болды. Ауыл адамдары мерзімді баспасөзге жазылу науқаны жүріп жатқанда бір айлық зейнетақыларын немесе жалақыларын газет-журналға жұмсайтын. Саққұлақ би: “Адамның басшысы – ақыл, жетекшісі – талап, шолушысы – ой”, – деп айтқан екен. Халқымыз ежелден жас ұрпақты кісілік пен кішілікке баулып, төл құндылықтарымызды бойына сіңіруді мақсат тұтқан ғой. Ал бұл орайда газет – халыққа әр кез көмекші, жол сілтеуші, ұстаз, тәрбиеші.

Атам мені “Soltústіk Qazaqstan” арқылы сөз өнеріне баулыды. Осы басылым менің кейін қазақ тілі мен әдебиет пәндерінің мұғалімі болуыма жол сілтеді деп ойлаймын. Сондықтан өңір өмірін қарасөзбен де, өлеңмен де өрнектеп, небір құнды дүниелерді оқырманға ұсынып келе жатқан басылымның мен үшін орны бөлек.

Ал жастардың әдеби дүниелерге қызығушылығын ояту, шынымен де, күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Бүгінгі күні өзім қызмет атқарып жатқан Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатында оқушыларды кітап оқуға баулуға арнайы уақыт бөлініп отыр. Осылайша, өз тарапымыздан өскелең ұрпақтың рухани тұрғыдан толысуына ықпал етуге күш салып жатырмыз. Сөз орайы келгенде біздің ұжым қарашаңырақты құрметтейтінін, облыстағы жалғыз басылым – “Soltústіk Qazaqstan”-ды бір кісідей жаздырып алатынын мақтанышпен айтып өткім келеді.

Қарақат Шалабаев:

– Газет оқудың пайдасы зор. Оған алысқа бармай-ақ Гүлбағыш қызымыздың сөзінен де көзіміз жетіп отыр. Атасының жанашырлығы, қамқорлығы, сөз өнеріне баулуы нәтижесінде бүгін жүрек қалауымен мұғалімдік жолды таңдап, жас ұрпақтың тәрбиесіне үлес қосып жүр. Сондықтан ата-аналар газет-журнал жаздырып алып, оны оқуға арнайы уақытын бөлсе, өзіне де, баласына да зор пайдасы тиер еді. Әрине, баласының қазақша білім алуына ниет танытып жүрген жас отбасыларды құптаймын. Тіл білмеу кемшілік, сондықтан осы олқылықтың орнын газет оқу арқылы толтыру қажет. Тағы бір айтып өтетін жайт, жақында Мемлекет басшысының “Ұлы даланың жеті қыры” атты мақаласы жарық көрді. Елбасы халқымыздың бағына туған ұлы тұлғаларды ұлықтау қажеттігін айтты. Қызылжар өңірі – үш жүзге есімі мәлім Қожаберген жырау, Сегіз сері Баһрамұлы, Шал ақын Кұлекеұлы, Ақан сері, Нияз сері, Жабай батыр, тағы басқа да батыр-баһадүр бабаларымыздың атамекені. Есімі аталған, аталмай қалған ардақтыларымызды “Soltústіk Qazaqstan” газеті кейінгі ұрпаққа таныту жолында көп еңбек сіңіріп жатқанын сөз орайы келгенде айтып өткім келеді. Өңіріміздегі басқа басылымдар біздің арда ұлдарымызды жоқтамайды, тілімізді насихаттамайды, ұлттық құндылықтарымызды түгендемейді. Халқымызда “Бес саусақ бірікпей, ине қолға ілікпейді” деген тамаша сөз бар. Ендеше, газетке жанашырлық таныту халқымыздың келешегі үшін қажет. Ынтымағымызды, ауыз біршілігімізді танытатын уақыт жетті. Орыстілді басылымдардың тұрақты оқырмандары бар. Сондықтан олардың ешқашан таралымы кемімейді. Ал біз әлі де болса жайбасармыз. Мағжан Жұмабаев секілді арыстар басқарған төл басылымның еңсесін түсірмей, керісінше, қамқорлық танытып, төбемізге көтеріп жатсақ, таралымның көбеюіне әрбір қазақ атсалысса, осы жерде қызмет атқарған ардақтыларымыздың аруағы риза болар еді.

Жарасбай Сүлейменов:

– Біз сөз арасында газет-журналдың, кітаптың құны арзандап кетуіне ғаламтордың ықпалы зор екенін айтып жатырмыз. Дамыған елдер газетті керексіз қылып, тастап жатқан жоқ. Мысалға, Түркияның “Заман” деген бас басылымы 1 миллион таралыммен жарық көреді. Тіпті, ол газетті Еуропаның бірқатар елдері жаздырып алады екен. Көш басындағы мемлекеттердің бірі – Жапонияның орталық газеті 3 миллион тиражбен басылады. Ал бізде неге газеттің құны төмендеп, сөзі арзандап кетті, Амандық Мырзахметұлы, Сіз бұған не айтасыз?

Амандық Жантеміров:

– Газеттің сөзі – тарихқа алтын әріптермен жазылады, сондықтан ешқашан да құнын жоймайды. Ал неге оқырмандар саны көбеймей отыр, жазылушылар қатарын қалай қалыңдатамыз деген сауалға келсек, оның түрлі себептері бар. Әдия Ысқаққызы өз сөзінде айтып өткендей, шынымен де, бұл газеттің оқырмандарының дені – ұстаздар. Биылғы жаңа оқу жылы қарсаңында облыс әкімі Құмар Ақсақалов мұғалімдерді түрлі басылымдарға мәжбүрлеп жаздыруға тыйым салу қажеттігін айтты. Өңір басшысының сөзін мен де қолдаймын. Бұған дейін ұстаздарға пайдасы бар ма, жоқ па, онымен санаспай, неше түрлі газеттерді жаздыртатын. Енді ондай бассыздықтың жолы кесілді. Бірақ кейбір тәлімгерлер Құмар Іргебайұлының сөзін дұрыс түсінбей қалған сыңайлы. “Мұғалімдерге газетке жазылмаңдар” деп айтты деп әкімнің сөзін бұрып алғандар бар. Өңір басшысы газетке жазылмаңдар деген жоқ. Ол ондай сөзді айтпайды да. Облыс әкімінің сөзінен кейін пайдасынан гөрі зияны басым газеттердің таралымы азайып, “Soltústіk Qazaqstan”-ға жол ашылуы тиіс еді, бірақ олай болмай шықты. Меніңше, ұлтымыздың, әсіресе, біздің өңір тұрғындарының рухани иммунитеті әлі де әлсіз бе деп ойлаймын. Көзі ашық, көкірегі ояу ұстаздар облысымыздағы жалғыз қазақтілді басылым “Soltústіk Qazaqstan” газетінен қол үзетін болса, онда ертеңгі ұрпақтың тағдыры не болмақ?

Бүгінгі күні танымдық, тәрбиелік мәні жоқ, ел ішіне іріткі салатын небір сұрқия газеттерден бойды аулақ салып, өзіміздің төл басылымдармен рухани шөлімізді басуға мүмкіндік туып отырған жоқ па?! Ертең ұлт мүддесін көздеген басылым тарамай қалса, бұл елдігімізге сын болады. Бірлігімізді танытатын осындай шақта аянып қалмауымыз керек.

Бұрын біз газетті тарату үшін ауыл-ауылды аралап, насихат жұмыстарын жүргізетінбіз. Бұл жұмыс бүгінгі күні де жалғасын тауып отырғанын редакциядағы әріптестерімнен естіп, біліп жүремін. Бірақ Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында көп қазақ ауылдарының іргесі сөгіліп, тарап кетті. Газет таралымына мұның да кері әсері бар. Ал ауылдан үдере көшкен ағайындар қазіргі таңда облыс орталығының “Береке”, қала іргесіндегі Қызылжар ауданының ауылдарына қоныстанды. Бірақ олар әлі де қоғамдық өмірден қол үзіп, ортаға сіңісе алмай жатыр. “Soltústіk Qazaqstan”-ның оқырмандарының кеміп қалуының бір себебі осы. Сондықтан олармен байланыс орнату жолдарын қарастыру қажет деп ойлаймын.

Жомарт Омаров:

– Иә, бұрынғы “Ленин туы”, қазіргі “Soltústіk Qazaqstan” газетін ауылдың үлкен-кішісі қолынан түсірмей, сағына, тағатсыздана тосатын. Осылайша, көпшілікке үлгі-өнеге бергенін, адамгершілік қасиеттерді талмай насихаттағанын бала жастан біліп өстік. Бірақ қазіргі адамдардың көзқарасы өзгерді ме, әлде басқа да себептер бар ма, көпшілік асыл дүниелерден гөрі, интернеттегі небір жаға ұстатар сорақылықтарды оқуға құмар. Жағымсыз жаңалықтарды іздейді. Бірақ онымен алысқа бармайтынымыз айдан анық. “Soltústіk Qazaqstan”-ға оқырмандардың көңілі ешқашан суымауы керек. Халқымыздың құндылығы көп емес, саусақпен санауға болатын аз ғана дүниемізді көздің қарашығындай сақтау қажет. Ұлтымыздың тілі, ділі, салт-дәстүрі – біздің құндылығымыз. Осылардың қатарына мерзімді басылымды да кіргізуге болады. Елмен бірге жасап келе жатқан, халықтың сөзін сөйлеуден ешқашан тартынбаған “Soltústіk Qazaqstan” газетінің әлі де әлеуеті сарқылған жоқ. Болашақ ұрпаққа берері көп. Сондықтан басылымның таралымын көбейтіп, газет оқитын жастардың қатарын еселеу жалғыз мұғалімдердің ғана міндетіне айналмауы тиіс. Ел-жұртына жанашыр кәсіпкерлер аз емес. Ұлт руханиятының жоқтаушысына айналған іскер азаматтар әр ауданда бар. Олар да өңіріміздегі бас басылымды өз ауылдастарына, шаруашылықта жұмыс істеп жатқан жұмысшыларына жаздырып берсе, қандай ғанибет! Бағасы да қалта көтереді. Жартыжылдық құны бар болғаны үш мың теңгенің көлемінде ғана екен.

Жарасбай Сүлейменов:

– Жомарт Жақсылықұлы, өте орынды сөз айттыңыз. Шынымен де, біздің өңірімізде төл газетімізді қолдайтын азаматтар аз емес. Жақында редакцияға “Ноғайбай” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі Алтынбек Сапаров келіп, ауылдастарына газет жаздырып беретінін айтып, қуантып кетті. Сондай-ақ, Шал ақын ауданының тұрғыны, кәсіпкер Талғат Теменов мерзімді баспасөзге жазылу науқанында газеттің таралымына қолынан келгенше көмегін аямайды. “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігінің басшысы Еркебұлан Мәмбетов, “Дайындық-Агро” ЖШС-нің жетекшісі Біржан Шәймерденов – асыл сөздің құнын түсінетін, бағасын білетін азаматтар. Облыстық полиция департаментінің бастығы Берік Біләлов те газеттің жанашыры екенін сөзбен емес, іспен дәлелдеп жүр. Әр нөмір сайын “Жанашыр сөзі” айдарымен беріліп жатқан мақалаларда да жақсы пікірлер, тартымды ойлар айтылып жатыр. Облыс орталығының тұрғыны, еңбек ардагері, тұрақты авторымыз Тілек Әбдірахмановты да көпшілік жақсы біледі. Сол кісі сөзі өтетін мектеп ұжымдарына, қазақ азаматтары басқарып отырған мекемелерге барып, “Soltústіk Qazaqstan”-ды насихаттап жүргенін естіп, қуанып қалдық. Қазақтың жоғын түгендеп, барын бүтіндеп отырған ұлттық басылымға әркім Тілек ағамыз секілді жанашырлық танытса, бірлігіміздің бекем екенін айғақтай түспей ме?!

Әдия Ахметова:

– Жарасбай Қабдоллаұлы, дұрыс айтасыз. “Ауылына қарап – азаматын таны” деген тамаша тәмсіл бар. Жоғарыда есімдері аталған кәсіпкерлердің туған ауылын көркейтуге зор үлес қосып жүргенін жақсы білеміз. Сіздер, газет журналистері де қаншама азаматтардың, өнер адамдарының, ұстаздардың елге танылуына, жолының ашылуына өз көмектеріңізді беруден тартынған күндеріңіз жоқ. Біз оны газет бетіндегі мақалалар арқылы оқып, көріп отырмыз.

Журналистің бақыты өз оқырманын табу ғой. Біз үшін орны бөлек, абыройы асқақ “Soltústіk Qazaqstan”-ның тұрақты оқырмандары аз емес екенін “дөңгелек үстел” қонақтары да өз сөздерінде айтып жатыр. Мен де бұл пікірмен келісемін. Облыстық ардагерлер кеңесі биылғы жылға 102 газетке жазылды. Аудандық, ауылдық ардагерлер кеңесінің бастауыш ұйымдары да қолдау білдірді. Менің айтайын дегенім, “Soltústіk Qazaqstan” газеті қоғамның түйінді мәселелерін қамшы салдырмай-ақ жазып келеді. Биыл жаңа оқу жылының қарсаңында “Балық басынан шіриді” деген мақала жарық көрді. Қызылжар ауданының Шахау ауылындағы аралас мектеп жанындағы қазақ сыныптарының жабылғалы жатқанын айтып, ата-аналардың жанайқайын билік басындағыларға жеткізбегенде жағдай әлде-қалай болар еді. Иә, журналист жұртпен билік арасындағы алтын көпір секілді. Тәуелсіздіктің арайлы таңы атқан тұста “Soltústіk Qazaqstan” газетінің бір топ тілшісі Қызылжарға қазақ мектебі керек екенін айтып, табандарынан тозған еді. Осындағы қазақ отбасыларының есігін қағып жүріп, 20 баланы әзер жинағандарыңызды көпшілік ұмыта қойған жоқ шығар. Бүгін, міне, қаламызда алты бірдей қазақ мектебі бар. Мен жүрген жерде осы газет тілшілерінің ұлттық мектептердің көбеюіне көмегі тигенін айтып жүремін.

“Wһatsapp желісі” айдарына келіп жатқан хаттар легі аз емес екенін де көріп отырмыз. Әрдайым халықтың көңілінен шығуды мақсат тұтып отырасыздар. Сол үшін де төл басылымды құрметтейміз.

Жарасбай Сүлейменов:

– Халыққа қозғау салып, газет-кітап оқитындардың қатарын еселеу мақсатындағы бастамамыз алдағы уақытта да көпшілік тарапынан қолдау табарына сенімдіміз. Өйткені, біз өз жанашырларымызға, оқырмандарымызға арқа сүйейміз. Сондықтан да газет бүгінгі күні де халықтың көгіндегі жалауына, ұлттың жүрегіне айналып отыр.

Дайындаған Айгүл ЫСҚАҚОВА, “Soltústіk Qazaqstan”.

Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp