«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТБАСЫЛЫҚ ОРТАЛЫҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Алғашқы медициналық-санитарлық көмекті емделушілерге тұрғылықты жері бойынша барынша қолжетімді ету үшін Петропавл қалалық №3 емхананың жаңа филиалы – отбасылық денсаулық орталығы ашылды. Облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет жаңа филиалда болып, жұмыс барысымен танысты.

Емхананың бас дәрігері Әлия Тәшетованың айтуынша, осыған дейін мекемеде 70 мыңнан астам емделуші тіркеуде тұрған. Енді емханадағы №1, 2, 3, 6, 13, 20 жалпы тәжірибелік және №42, 45 педиаторлық учаскелерге жататын 12,5 мың азамат орталыққа көшірілді. Осылайша, №3 қалалық емхананың жүктемесі 20 пайызға кеміді. Орталықта дәрігерге дейінгі, емдеу, вакцинациялау, скринингтік және тексеру бөлмелері, фильтр, зертханалық және әлеуметтік қызметкер, психолог кабинеттері бар. Мұнда емделушілерге қырықтан астам маман көмек көрсетеді. Алдағы уақытта орталық жанынан тегін дәрілер берілетін дәріхана, балаларды дамыту кабинеті мен денсаулық мектебі ашылмақ.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, келесі жылы осындай орталықтарды №1 және №2 қалалық емханаларда да ашу жоспарлануда.

Жаңа орталықта емделушілерге жайлы жағдай жасау үшін заманауи технологиялар қолданылып, электронды кезек енгізілген. Қажетті анализді тапсырып, дәрігерге көріну үшін талон алса жеткілікті. Мадияр Қожахмет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың медициналық қызметтің сапасын арттыру бойынша қойған міндеттерінің аясында еліміздің түрлі өңірлерінде осындай орталықтар ашылып жатқанын айтты.

– Бүгінде облыстағы 29 медициналық мекеменің барлығы автоматтандырылған ақпараттық жүйеге көшуде. Оның үстіне электронды құжат айналымына көшу бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Жылдың соңына дейін барлық дәрігерлеріміз қағазсыз құжат айналымына көшеді. Біздің алдымыздағы келесі міндет – электронды денсаулық төлқұжаты. Оны енгізгенде, бір мекемеден екіншісіне ауысқан емделушіге, медициналық картасын апару қажет болмайды. Барлық мәліметтер бір базада сақталатын болады, – деді Мадияр Дүйсенбайұлы.

Сонымен қатар емделушілер “SKOmed” мобильді қосымшасын көшіріп ала алады. Ол арқылы қабылдауға жазылып немесе дәрігерді үйге шақырып, емханалардың телефон нөмірлері мен мамандардың жұмыс кестесінен хабардар болып, облыс орталығындағы дәріханаларда қандай дәрілер бар екенін және олардың бағасы жайлы ақпараттар алуға болады.

Мекемеге жүгініп үлгерген емделушілер орталықтың ашылғанына ризашылықтарын білдіріп, оның, ең алдымен, үйлеріне жақын болғандығы әлдеқайда ыңғайлы екендігін айтуда.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, “Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp