«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САПАСЫЗ ӨНІМДІ САУДАЛАҒАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстағы кейбір сауда орындарында жарамдылық мерзімі өткен және денсаулыққа қауіпті өнімдер саудаланып келген. Бұл жайлы облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

Ведомство басшысы Серікбай Қасмақасов үстіміздегі жылдың 10 айында облыс аумағының сауда орындарында және қоғамдық тамақтану нысандарында 252 тексеріс жүргізілгенін айтты. Тамақ өнімдерінің бес мыңға жуық үлгісі зерттелген. Нәтижесінде 527 сынаманың 11 пайызы талаптарға сәйкес келмеген. Соның ішінде бірнеше көрсеткіш бойынша сәйкес келмеген тауарлар да бар. Көп жағдайда азық-түліктің өндірілген күні, оны шығарған ел және мемлекеттік тілдегі аударма көрсетілмеген.

– Ет өнімінің 39 және құс етінің 4 сынамасында доңыздың ДНҚ-сы табылды. Бұл жайлы оның сыртында көрсетілмеген. Бұл өнімдерді “Курганский мясокомбинат” “Стандарт”, “Орелпродукт” (Мценск қаласы), “Лыткаринский МПЗ” (Лыткарино қаласы) серіктестіктері өндірген. Сондай-ақ, Ресейдің Омбы, Қорған облыстарында шығарылған котлет, кондитерлік және шұжық өнімдері мен тұшпараның 29 сынамасынан ішек таяқшалары, зең, ашытқы анықталды. Ал құс еті, тартылған ет сынамаларында сальмонелла бактериялары бар болып шықты, – деді Серікбай Қасмақасов. Сондай-ақ, Францияның “Lactalis International” және ресейлік “Данон Россия” серіктестіктері өндірген сүт өнімінің 13 сынама үлгісі май қышқылы құрамы бойынша талаптарға сай келмеді.

Бір айта кетерлігі, сапасыз өнімдердің 92,2 пайызы шетелден жеткізілген. Оның 55,7 пайызы Ресейден, 12,5 пайызы Қытайдан, 6,7 пайызы Түркиядан, 4,8 пайызы Франциядан, 2,8 пайызы Польшадан, 2,8 пайызы Қырғызстаннан, 1,9 пайызы Украинадан, 1,9 пайызы Сербиядан, 1 пайызы Германия, АҚШ, Испания, Италия және Өзбекстан елдерінен импортталса, қалған 7,8 пайызы – отандық өнімдер.

Сондай-ақ, Ақжар ауданының Талшық ауылындағы “Жалын” ЖШСінде, Аққайың ауданындағы Ленинское ауылындағы “Астана”, Жамбыл ауданы Пресновка ауылындағы “Лакомка” және Уәлиханов ауданы Кішкенекөл ауылындағы “Нұр Астана”, Петропавлдағы “Феникс” дүкендерінде жарамдылық мерзімі өтіп кеткен тауарлар саудаланып келгені белгілі болды.

Тексеріс нәтижелері бойынша 35 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, кінәлі азаматтарға 2 165 600 теңге айыппұл салынды. Заңнамаға сәйкес құқық бұзушылықтарды жою жөнінде нұсқау берілді. Талапқа сәйкес келмейтін 12,4 килограмм ет өнімі, 12,6 килограмм құс еті және төрт балалар ойыншығы жойылды.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp