Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға арналған тұжырымдамасында жастарды мемлекеттік қызметке тарту мақсатында “Мемлекеттік қызмет мектебі” жобасына көп көңіл бөлінген. Бүгіндері игі бастама біздің облыста сәтті жүзеге асырылуда.
Жобаның бірінші кезеңі үстіміздегі жылдың сәуір-мамыр айлары аралығында өткен болатын. Өңір жастары оқу барысында мемлекеттік қызметтің қыр-сырын үйрену мүмкіндігіне ие болған еді. Қазір мемлекеттік қызмет саласында еңбек етуге ниет танытқан М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің жиырмадан астам студенті жобаның екінші кезеңіне қатысуда.
Мемлекеттік қызметтің беделін арттыру мақсатында қолға алынған жоба аясында төртінші курс студенттері теориялық білім алып, мемлекеттік органдардың және үкіметтік емес ұйымдардың қызметімен танысты. Он күнге созылған оқу барысында облыстық білім, жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармаларының, жастар ресурстық орталығының, кәсіпкерлер палатасының мамандары, қалалық және облыстық мәслихаттың депутаттары дәрістер оқып, студенттердің сұрақтарына жауап берді.
Болашақ мамандар оқуын аяқтағаннан кейін облыстық білім басқармасында, мемлекеттік кірістер департаментінде, қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта, прокуратурада және полиция департаментінде бір ай көлемінде тағылымдамадан өтеді. Жоба соңында қатысушылардың мемлекеттік басқару және заңнама жайлы білім деңгейлері тест арқылы тексеріледі.
Барлық кезеңдерден сүрінбей өткен мемлекеттік қызмет мектебінің түлектеріне білім ордасын аяқтағаны туралы арнайы сертификат беріледі.
Әлпия МҰХАМЕДЖАНОВА,
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің бас маманы.