Қыстың бірінші күні маңызды мереке – Тұңғыш Президент күнін тойлаудан басталады. Ал бұдан кейін тұғыры биік Тәуелсіздік мерекесі аталып өтіледі. Бүгіндері Елбасы мен Тәуелсіздік егіз ұғымға айналған. Сондықтан да желтоқсан айының тұрғындар үшін маңызы зор. Бұл айдағы алғашқы мереке Петропавл қаласында кеңінен аталып өтті.
Мерекеге орай облыс орталығындағы 20-шы шағынауданда “Gorkigorod” экстремалды таушаңғы кешенінде қысқы көңіл-көтеру маусымы ашылды. Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет көпшілікті Тұңғыш Президент күнімен құттықтады.
– Бүгінгі спорттық шараның Тұңғыш Президент күнімен тұспа-тұс келуінің өзіндік себебі бар. Өйткені, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде спорттың дамуына әрқашан көңіл бөліп, өзі де оның бірқатар түрімен айналысып, үлгі көрсетуде. Шаңғы спорты да – Президенттің сүйікті спорт түрлерінің бірі. Петропавл қаласында қысқы туризмді дамытудың әлеуеті зор. Тау шаңғысы – соның бір жарқын үлгісі, – деді Мадияр Дүйсенбайұлы.
Күн суық болса да спорттық шараға келген тұрғындардың қатары қалың болды. Кешеннің директоры Василий Шуньконың айтуынша, былтыр ашылған демалыс орнында 15 сноуборд пен 30 жұп тау шаңғысы жалға беріледі. Ұзындығы 300 метрлік шаңғы жолы жаттығу мақсатында салынған. Бірақ бүгінгі күні көпшіліктің жиі келетін жеріне айналды.
Сондай-ақ, Тұңғыш Президент күніне орай қалалық Мәдениет үйінде “Балалық шағымның аспаны” атты көркем фильм көпшіліктің назарына ұсынылды. Кинотуынды Елбасының шыр етіп өмірге келген сәтінен бастап 17 жастағы бозбала шағына дейінгі кезеңді қамтыған. Барлық деректер Президенттің “Әділеттің ақ жолы”, “Ғасырлар тоғысында”, “Еуразия жүрегінде” атты кітаптарынан алынған. Екі сағаттық көркем фильм көңілдерінен шыққан көрермен шара ұйымдастырушыларына жылы лебіздерін білдірді. “Нұрсұлтан Әбішұлының дүниеге келген күні, жаздың аптабында Үшқоңыр жайлауында жапалақтап қар жауып, таудың етегінде нөсерлеп жаңбыр төккені киноның ең әсерлі тұсы болды. Қазақта мұны Алланың нұры жауған күн деп жориды екен”, – деді фильмнен алған әсерімен бөліскен №2 орта мектептің оқушысы Ләззат Бақытқызы.
Бұл күні тұрғындар Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында “Игра навылет” және облыстық қуыршақ театрында “Қаңбақ шал” қойылымдарын тегін тамашалауға мүмкіндік алғанын айта кеткен жөн.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.