Үстіміздегі жылдың қараша-желтоқсан айларында қар жылдағыдан 5 есе қалың түскен. Сондықтан жауапты орындар аяқтарынан тік тұрып, тәулік бойы жұмыс істеуге көшкен. Қар мөлшерінің көбеюінен қала ішіндегі көліктердің қозғалысы баяулап, көшелерде кептелістер орын алуда. Жолаушылар тасымалдайтын автобустардың әдеттегі жол жүру жиілігі бұзылып, кестеден кешігіп келуде.
Былтырғы тендер қорытындысы бойынша қаланың көлік жолдарын күзгі-қысқы мерзімде тазалау жұмыстарымен “Дорожник Ашық Аспан”, “Су – 808”, “Аврора Болеарис”, “Норд Билдинг”, “Благоустройство Север”, “Авион Север” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен “Иманбаева” жеке кәсіпкерлігі айналысуда. Бүгінгі күні әр мекемеге тиісті көшелер бекітіліп берілген. Бұл мәселе қала әкімі Марат Тасмағанбетовтің тікелей назарында.
– Қыс басталғалы бері 38 миллиметр қар түсті. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 5 есе көп. Қаладағы барлық жедел әрекет ету қызметтері, коммуналдық мекемелер күшейтілген жұмыс тәртібіне көшірілді. Біздің қазіргі міндет – тез арада көшелерді тазалап, автокөліктердің қатынауына мүмкіндік туғызу. Қазір бұл мақсатқа 160-қа жуық автогрейдер, тиегіш техникалар мен құмшашқыштар, қар жинағыш, роторлы техникалар және тіркеме грейдерлер жұмылдырылуда. Бұл жұмыстарды жүргізуге бюджеттен 50 миллион теңге бөлінді, – деді Марат Иманбайұлы.
Шаһар басшысының айтуынша, облыс орталығының көшелерінен 20 мың текше метр қар шығарылған. Келісімшарт негізінде серіктестіктер көшелерді механикалық тазартумен қатар, аялдама алаңдары мен жол жиектерінің, жаяу жүргіншілер жолдарын, жол маңындағы, гүлзарлардағы тротуарларды қар мен мұздан тазалау жұмыстарын қатар атқаруда. Бүгінде жұмысшылардың қатары тағы да 47 адаммен толықты. Көлік және жаяу жүргінші жолдарына көктайғаққа қарсы материалдар себу жұмыстарын атқаратын кәсіпорындар төрт мың текше метрге жуық тұз қосылған құм дайындаған. Қала жолдарына көктайғаққа қарсы материалдар төсеу жұмыстары қоғамдық көлік қозғалысы басталғанға дейін, яғни таңғы сағат 5-ке дейін жүргізілуде.
Бұл күндері Петропавл қалалық ішкі істер басқармасының сақшылары да төтенше жағдайға байланысты дамыл таппауда. Олар көшелердің қарын тазалауға кедергі келтіретін жол жиектерінде “қаңтарулы” тұрған “темір тұлпарлардың” иелерін анықтап, оларды басқа жаққа әкетумен, көліктер кептелісін азайтумен әлек.
– Жолдардың шетінде тұрған көліктер қар тазалаушы техникаларға көп кедергі келтіруде. Сондықтан біз олардың иелерін тауып, телефон шалып, көліктерін алып тастау қажеттігін ескертіп жатырмыз. Егер үйінде ешкім болмаса, әлгі көліктерді эвакуатормен жақын маңдағы аулаға апарып қоямыз. Алайда, ауласындағы қарды жолға шығарып тастаған бір жарым мыңға жуық заңды тұлға және жүзден астам жеке тұлға жауапкершілікке тартылып, 2,5 миллион теңгенің айыппұлын төледі, – дейді қалалық ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметінің бастығы Асан Смағұлов.
Қанат АТАМАНОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.