«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОҒАМНЫҢ СЕНІМДІ ТІРЕГІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ширек ғасырдан астам уақыт бұрын еліміз өз тәуелсіздігін алды. Тарихи өлшем бойынша осы қысқа ғана мерзім ішінде Қазақстан қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттердің біріне айналып, тұрақты, қауіпсіз және толерантты қоғамның үлгісі бола білді. Мұндағы орасан зор рөл стратегиялық реформалардың бастаушысы, қазақстандық мемлекеттіліктің сәулетшісі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі екені ақиқат.

Оның басшылығымен қазақстандық дамудың бірегей жолы қалыптасып, белгіленген мақсат-міндеттер ойдағыдай іске асырылып келеді. Қоғам бейбітшілігі, келісімі, бірлігі, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылық, әлемдік қауымдастыққа танылуы – мұның барлығы қазақстандықтардың мақтан тұтатын жетістіктері.

Қазақстан прокуратурасы да еліміздің тәуелсіздік жолындағы даму үдерісіне өзіндік үлесін қосты. Прокуратураның шежіресі мемлекет тарихының маңызды бөлшегін құрайды. Бүгіндері прокуратура органдары тиімді әрекет ететін құқық қорғау институты әрі құқық қорғау жүйесінің негізі саналады. Тәуелсіздік жылдары прокуратураның қалыптасу және даму жолын саралай отырып, оның мемлекеттігіміздің нығаюындағы, демократиялық дамудағы, заңдылық пен құқықтық тәртіпті орнатудағы рөлін атап өтуге болады. Жалпы еліміздің дамуындағы және заңнамалардағы оң өзгерістер қоғамның ең жоғары құндылығы ретінде адамды алдыңғы қатарға қою міндетіне сай орындалып келеді. Жеке тұлғаны құқықтық қорғау прокуратура органдары қызметінің басты мақсаты екені де мәлім. Заңдылықты қорғай отырып, прокурорлар Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді абыроймен орындап келеді. Прокурорлық қадағалауды, сонымен қатар оның ұйымдастырушылық негіздерін жетілдіру құқықтық мемлекеттің одан әрі ойдағыдай дамуының кепілі болып табылады.

Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы Елбасының “100 нақты қадам” Ұлт жоспарын жүзеге асыру шеңберіндегі өзгерістер үдерісіне белсене қосылды. Біз жаңа үлгідегі тиімді прокуратура құру үшін барынша күш жұмылдырып келеміз. Процессуалды прокурор институтын кеңінен енгізіп, сотқа дейінгі тергеу басталған сәттен және сот шешімін шығарғанға дейінгі заңдылықты қамтамасыз етеміз. Көптеген жұмыс электронды үлгіге ауысты. Құқық қорғау қызметтері орталығы өз жұмысын тиімді жүзеге асыруда. Прокуратура тұрғындар үшін қолжетімді бола түсті. Біз көмегімізге жүгінген әр азаматты тыңдап, оның құқықтарын қалпына келтіру бойынша шаралар қабылдауға әр кез дайынбыз.

Құқық қорғау қызметі жұмысының басты қағидатына сәйкес прокуратура алаңында прокурорлар, адвокаттар, медиаторлар, психологтар мен пробация қызметінің мамандары азаматтарға тегін құқықтық көмек көрсетеді. Біз, сондай-ақ, қадағалаудың барлық бағыттары бойынша жобалық менеджмент құралдарын қолдана бастадық. Қылмыстардың алдын алу, экстремизмге және терроризмге қарсы күрес, жерге және тұрғын үйлерге қатысты заңсыз мәмілелерге жол бермеу, алимент және басқа да берешектер бойынша көрсеткішті азайту жөніндегі прокуратураның бастамалары тұрғындардың қолдауын тапты.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде өңіріміздегі қоғамдық-саяси жағдай өзінің тұрақтылығын сақтап, жасалған қылмыстардың жалпы саны өткен жылғыдан 2,6 пайызға азайды. Нақтырақ айтсақ, қылмыстардың ішіндегі орташа ауыр түріне жататындары – 5,7 пайызға, ал аса ауыр қылмыстар саны – 19,5 пайызға, ауыр қылмыстар – 8,1 пайызға және ауыр емес қылмыстар 15,6 пайызға азайды.

Жыл басынан бері жетпіс іс бойынша 71 айыпты деп саналған тұлғадан жәбірленушілердің пайдасына 1,8 млн. теңге өндіріліп алынды. Арнайы жер қорына кадастрлық құны 300 млн. теңге болатын жалпы көлемі үш мың гектар төрт жер телімі қайтарылды. Екі қылмыстық іс қозғалып, арыздарды тіркеу кітабына үш материал тіркелді, 25 лауазымды тұлға әртүрлі жауапкершіліктерге тартылды. Бес сотталған азаматтың конституциялық құқығы қорғалды.

Тарифтік мәселелер бойынша да айтарлықтай әділеттілікке қол жеткізілді. Жеке кәсіпкерлер үшін электр қуатының тарифі төмендетіліп, қайта есептеудің нәтижесінде бұған дейін төленген соманың 40 млн. теңгесі өндіріліп алынды. Осылайша, 903 жеке кәсіпкердің құқығы қорғалды.

Тексерістер нәтижесінде электр қуатына бекітілген тариф заңсыз деп танылып, 2020 жылға дейін энергия бағасын төмендету туралы мәселе оң шешімін тапты.

Осы сынды ауқымды түрде ұйымдастырылған шаралардың нәтижесінде жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, білім беру, дін, мемлекеттік қолдауға ие болу, жер мәселелері, зейнеткерлік және басқа да заңнамалардың талаптарына сәйкес 1600 азаматқа құқықтық көмек көрсетілді. Мұның барлығы – жалпы өңіріміздің, сондай-ақ, облысымыздың әр тұрғынының проблемаларын жүйелі шешуге бағытталған шаралар. Әрі олар прокуратура қызметшілерінің күшімен ғана емес, жергілікті әкімдіктің, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, үкіметтік емес ұйымдар мен тұрғындардың қолдауымен жүргізіліп жатқанын айта кеткіміз келеді. Заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту ісінде бірлескен күш арқылы ғана еліміздің жетістіктерінің әлемге танылуына қол жеткізе аламыз. Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының үйлесімді әрі кәсіби қызметі Елбасының алдымызға қойған міндеттерін болашақта да тиімді орындауға септігін тигізеді деген сенімдемін.

Берік АСЫЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp