Жазушы Шерхан Мұртазаның “Кітапты сүйген адам – Құдайды сүйеді” деген терең мағыналы сөзі бар. Шынымен де, асыл дүниенің бәрі кітап бетінде емес пе?! Халқымыз: “Құдайдан қорықпағаннан қорық” – дейді. Бәлкім, кітап, газет оқымайтын ұрпақтың болашағы бұлыңғыр екенін айтқысы келген шығар. Мен ардагер ұстаз ретінде көп адамдардың кітапты қойып, мерзімді басылым беттерін ашпайтынына жүрегім ауырады. Соның салқыны газетке жазылу науқаны жүріп жатқанда анық байқалып отыр.
Облыс әкімі биылғы тамыз конференциясында ұстаздарды газетке мәжбүрлеп жаздыртуға болмайды дегенін сол жиында отырған мен де естідім. Әрине, Құмар Іргебайұлы дұрыс айтады. Мұғалімдерді мәжбүрлеудің қажеті жоқ. Бірақ ұстаздарға газетке жазылмаңдар деп тұрған жоқ қой. Педагог адам ешкімнің тоқпағынсыз-ақ өңір өмірінің айнасына айналған “Soltústіk Qazaqstan”-ды жаздырып алуы тиіс. Әріптесім, өңірімізге белгілі ардагер ұстаз Әлия Малдыбаеваның мына бір сөзі ойыма оралып отыр: “Ата-анасы қолына кітап, газет ұстамайтын бала да әдебиетке мойын бұрмайды, құнды дүниелерден құр қалады”. Өте орынды айтылған пікір. Өмірден көргені мен түйгені мол ана ретінде мен газет оқымайтын жастардан қорқамын. Күн ұзаққа телефоннан бас алмайтын балаларды аяймын. Небір сорақылықтың бәрі осы интернет арқылы тарап жатыр. Ата-анасына безбүйрек, ағайынға жатбауыр, ұстазына мейірімсіз балалар неге көбейіп кетті? Өйткені, біз ұлттық құндылықтарымыздан ажырап барамыз. Бұған газет оқымауымыздың да әсері тиіп жатыр. Ал жас ұрпақтың тәрбиесіне ұстаздар жауапты. Сондықтан мұғалімдер қауымы өздері де, оқушылары да рухани жұтаңдықтың орнын толтыратын басылым “Soltústіk Qazaqstan”-ға жазылуы тиіс.
Өзім отыз жылдан астам уақыт бойы сүйікті газетімнен қол үзбей келемін. Басылым беттерінде небір танымдық, тәрбиелік материалдар беріліп жатады. Оны қолыма ұстап, жарияланған мақалаларды оқып шықпайынша тағат таппаймын.
Қымбат ИСМАНОВА, ардагер ұстаз.