«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЕКТІНІҢ ТҰЯҒЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Алаштың небір ардақты перзенттерінің іздері сайрап жатқан қасиетті қарашаңырақ – облыстық “Soltústіk Qazaqstan” газеті өзінің ғасырлық мерейтойы қарсаңында оқырмандар назарына әр салаға арналған жаңа айдарлар мен танымдық беттер, тың жобалар ұсынғалы отыр. Солардың алғашқысы – “Bіzde qonaqta” айдары газетіміздің бүгінгі нөмірінен бастап оқырман жүрегіне жол тартпақ. Оның аясында ұжым мүшелері есімдері елімізге, тіпті, одан да тысқары жерлерге, алыс-жақын шетелдерге мәлім атақты жерлестерімізбен кездесулер ұйымдастыруды қолға алмақ. Айдарымыздың алғашқы қонағы – белгілі хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Тоқпанов.

Кездесуді ашқан “Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жарасбай Сүлейменов мейманды ұжымға таныстырғаннан кейін еліміздегі байырғы басылымдардың бірі “Soltústіk Qazaqstan” газетінің бір ғасырлық ғұмыр жолына қысқаша шолу жасап, редакция ұжымының бүгінгі тіршілік-тынысына тоқталды.

Серік Имақұлы үшін “Soltústіk Qazaqstan” газеті бөтен емес. Кезінде әкесі Имақ Тоқпанов осы қасиетті қарашаңырақта тілші болып қызмет еткен. Оның Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов сияқты қабырғалы қаламгерлермен өте жақын араласып, аласапыран заманда өзі басқарған ауылдың Жаңажол (Жамбыл ауданы) аталуына да көп еңбек сіңіргенін жерлестері ұмытпайды.

Серік Тоқпановтың Ақмола облысының бас оташысы, А.Н.Сызғанов атындағы қазақ ғылыми-зерттеу хирургия институтының аға ғылыми қызметкері, Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың бөлім меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Президенті іс басқармасы ауруханасының бас дәрігері сияқты атқарған күрделі де жауапты қызметтері оның әкеге қарап өскен ұл екенін айғақтай түсетіндей. Бүгінде ағамыз жасы жетпістен асса да, болдым-толдым демей, медицинадан, жанының еміндей – сахнадан қол үзбей келеді.

Серік Имақұлын осындай биікке уақыттың өзі қондыра салған жоқ. Ол атақ-абыройға ерен еңбек, үздіксіз ізденіс, терең білім арқылы қол жеткізді. Кездесу барысында мейман журналистердің қойған сауалдарына жауап беріп, ата-анасы, еңбек жолы, медицинадағы күрмеуі қиын мәселелер жайлы әсерлі әңгімелерімен бөлісті. Серік Тоқпановпен болған сыр-сұхбатымызды назарларыңызға таяу күндері ұсынатын боламыз.

Нұргүл ОҚАШЕВА,“Soltústіk Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp