Бүгінгі күнге дейін “Soltústіk Qazaqstan” газетінің “Жанашыр сөзі” айдарымен елге, жерге жанашыр, ертеңгі ұрпақтың тағдырына алаңдайтын ардақты азаматтардың мақалалары үзбей жарияланып келеді. Мерзімді баспасөзге жазылу науқанының жүріп жатқанын бәріміз де жақсы білеміз. Ғасырға жуық жолдан өткен, алаштың арыстары еңбек еткен, ежелден ұлт мүддесін жақтаған басылымның оқырмандарға айтары таусылып, әлеуеті сарқылды деп ойламаймын.
Сондықтан төл газетіміз әлі де халыққа қызмет етуі тиіс. Биыл “Soltústіk Qazaqstan”-ның өз деңгейінде тарамай жатқанын көріп отырмыз. Мемлекет басшысының, облыс әкімінің саясатын насихаттап, сонымен қатар халықтың көкейіндегі сөзді билікке жеткізіп, алтын көпірге айналған газеттің еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Тіпті, кейбіреулер ақылгөйсіп, ана тіліміздің, діліміздің, ұлттық құндылықтардың жоқтаушысына айналған басылымның орнын әлеуметтік желілер алмастыра алатынын айтып, көлгірсиді. Құдайым-ау, газеттің сөзі – тасқа таңба басқандай тарихтың қойнауына енетін құнды дүние. Халықтың мүддесіне қызмет етуді редакция ұжымы өзінің мақсатына айналдырған. Сондықтан ұлт газетін өзектен теуіп, кешегі Мағжан ақын бастаған ардақты азаматтардың еңбегін аяққа таптамайық. Қарашаңырақты қолдап, газетке жазылайық, ағайын!
Осы орайда, мені алаңдатып отырған тағы бір мәселе бар. Өткен күнді аңсап отыр деп ойламаңыздар, ежелден билік газет таралымын арттыруға қол ұшын созатын. Ал биыл олар да тым-тырыс. Ешкімді де мәжбүрлеудің қажеті жоқ, бірақ әркім жөн сөз айтуы керек. Газет редакция ұжымы үшін ғана қажет пе? Жоқ, олай ойлайтындар қателеседі. Бұл басылым біздің тіліміз, діліміз, асыл құндылықтарымыз, жастарымыздың болашағы үшін қажет. Адасқанға жол сілтейтін, жас ұрпаққа тағылымды сөз айтатын, халықтың уәжіне құлақ асатын, тіпті кердең кеткендерді сабасына түсіретін газетімізді қолдап, бірлігімізді көрсетейік.
Серік УӘЛИЕВ, ардагер ұстаз.