Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” Жолдауында тұрғындардың табысы мен тұрмыс сапасын арттыру, әлеуметтік қызметті жақсарту, өмір сүруге жайлы және қауіпсіз орта қалыптастыру арқылы қазақстандықтардың әл-ауқатын өсіруді Үкіметтің басты басымдығы ретінде айқындады. Бағдарламалық құжатты жүзеге асыру тұрғындардың табысы мен әлеуметтік көңіл күйін жақсарту үшін берік негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Адами капитал, оның ішінде білім, медициналық қолдау, спорт, тұрғындардың жалақысы, тұрмысы – бұл мәселелер Жолдауда нақты көрініс тапты. Ауыл шаруашылығын, шағын және орта бизнесті дамыту, өндірісті, халық пайдаланатын тауарларды шығару, бір сөзбен айтқанда, Президент бұл жолы “қарапайым заттар экономикасына” ерекше көңіл бөлді.
Биыл ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң серпіліс байқалады. 2018 жылғы он айда ауданда 18 481,0 млн. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Үстіміздегі жылы диқандарымыз 248,6 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар септі. Гектар берекелігі 18 центнерден айналды. Биыл майлы дақылдардың алаңы 2017 жылмен салыстырғанда үш есе арттырылды.Соңғы жылдары ауданның ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер машина-трактор паркін жаңарту жұмыстарын белсенді жүргізуде. 2018 жылдың тоғыз айында 1 526 млн. теңге сомаға 59 дана техника сатып алынды.
Ауданымызда жыл сайын мал басы көбейіп келеді. “Бекет” фермерлік қожалығының базасында осызаманғы құралдармен жабдықталған сүт кешені ашылды. Жобаның жалпы құны – 1 500 млн. теңге. Ақжар ауданының мал өсірушілері 89,9 тонна ет экспорттады. 2018 жылдың наурыз айынан Қулыкөл ауылында “Кең дала – 2016” сүт сатып алу және өндіру пункті жұмыс істеуде. Сүт Қулыкөл, Қарашілік ауылдарының тұрғындарынан сатып алынады. 2019 жылы “Эрсалды” фермерлік қожалығының мал бордақылау алаңында 1000 бас малды бір мезгілде бордақылау тәсілі қолданылатын технологиялық жүйе құрылмақ. Үстіміздегі жылы ауданның шаруашылықтары 540,1 млн. теңге демеуқаржы алды.
Адамзат баласы қол жеткізген ұлы игіліктердің барлығы білім арқылы жасалған. Білім алу сипаты алуан түрлі екенін ескерсек, оның заманауи жүйесінің мақсаты – бәсекеге қабілетті, жан-жақты, көп тіл білетін маман даярлау. Осы орайда білім саласы Елбасының назарынан ешқашан тыс қалған емес. Мұндай қамқорлықты Елбасының “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” Жолдауында айқын аңғардық. Келешекте мектептердің өзінде оқушыларды сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеп, кәсіби диагностика жүргізу арқылы өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы салаларын қажетті мамандармен толықтыру қажет. Бұл оқытудың жеке бағдарын жасауға, оқушы мен мұғалімнің жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.
Қазақтың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың “Алты Алаштың басы қосылса, төрдегі орын мұғалімдікі” деген нақыл сөзі жай айтылмаған. Елдің ертеңі – мектепте. Ал мектептің тірегі, жүрегі – мұғалім! Ұрпақты білім нәрімен сусындататын, тәлім-тәрбие, өнеге беретін де ұстаз. Мұғалім мәртебесі біздің қоғамымызда шынайы, аса зор беделге ие болып жатса, алдыңғы қатарлы елдер көшінен көрінетінімізге сеніміміз мол. Болашақта білім саласы үлкен жетістікке жетеді деп, нақты айта аламыз.
Елбасының айрықша тоқталған басты мәселелерінің бірі – “Педагог мәртебесі туралы” Заңның қабылданатындығы. Бұл құжаттың мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға үлкен көмегі болары анық. Бүгінгі мұғалім заманға сай түрлі жаңашылдықтарды меңгере отырып жұмыс атқаруда. Аудандағы 240 мұғалім біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, жаңа мазмұндағы білім беру бағдарламасын игерді. Тәжірибесі мен біліктілігіне сәйкес мұғалімдердің еңбекақысы да өсіп отыр. Ауданымызда мұғалімдер мәртебесін арттыру шаралары қолға алынған. 2018 жылдың қазан айында облыста өткізілген мектепке дейінгі мекемелер арасындағы “Үздік мұғалім” байқауында Талшық орта мектебінің мұғалімі Т.Гауэр екінші орынға ие болды.
Бүгінгі таңда ауданымызда жалпы орта білім беруді жетілдіру бойынша жоспарлы іс-шаралар жүзеге асырылуда. “Үш тілде білім беруді дамытудың 2015-2020 жылдарға арналған жол картасы” аясында жалпы орта білім берудің мақсаттары өзгерді, жаңа оқу жоспарлары және пәндерді кіріктіріп оқытудың тың тәсілдері әзірленуде. Жаратылыстану-математикалық бағыттағы 26 мұғалім өз білімдерін жетілдіріп, барлығы сертификатқа ие болды. 2018-2019 оқу жылында химия, физика, биология, математика пәндерін ағылшын тілінде меңгертуді ауданымызда алғашқы болып Талшық, Бестерек, Дәуіт, Киев, Май, Ақжарқын орта мектептері бастап отыр. 2017 жылдан бастап мектептерде “Робототехника” факультативі жүргізіліп келеді. Оқушылар облыстық, республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болуда.
Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласына жаңа технологияларды енгізу арқылы аурулардың алдын алу мен емдеуді жақсарту, медициналық көмектің сапасын арттыру қажеттігін де ерекше атап өтті. Ауданның барлық медицина ұйымдарында жаңа ақпараттық жүйелер орнатылды. Биыл медициналық мекемелерді компьютерлік техникамен жабдықтау 79,5 пайызды құрайды, жылдың аяғына дейін 27 компьютер сатып алынады. Бүгінде мобильдік қосымшалар медицинаға белсенді енгізілуде.
“Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасының бірінші бағыты аясында кәсіптік оқытуға 70 адам жіберілді. Ауданның 145 тұрғыны “Бизнес Бастау” жобасы негізінде кәсіпкерлік негіздеріне үйренді. Жыл басынан бері жалпы сомасы 77 млн. теңгеден астам 29 жоба қаржыландырылды. Есепті кезеңде 1220 адам, оның ішінде жаңа тұрақты жұмыс орындарына 425 адам орналастырылды. Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек жылдың басынан 72 отбасына, оның ішінде 328 адамға 10723,9 мың теңге тағайындалды.
Елбасы атап айтқандай, халқымыздың жақсы өмір сүруі және озық дамыған 30 елдің қатарына қосылуы – Тәуелсіз мемлекетіміздің басты мұраты. Соған орай алдымызда шешімін күткен үлкен істер тұр. Оған берекелі бірлігіміздің арқасында ғана қол жеткізуге болады. Сондықтан баршамыз бiр кiсiдей iске жұмылып, әлеуметтiк-экономикалық дамуымызға жаңа серпін беруiмiз керек. Жүзеге асырғалы отырған міндеттер мен мақсаттарды ақжарлықтар өз деңгейінде атқара алады.
Ербатыр МАДИЯРОВ, Ақжар ауданының әкімі.