Ақын – халық үшін әрқашан құрметті жан. Өйткені, сұлу сөзді көкке ұшыру әркімнің маңдайына бұйыратын бақыт емес. Әсіресе, біздің өңірде поэзия әлеміне құлаш ұрғандар некен-саяқ. Солардың ішінен ерекше ілтипатпен есімі аталып жүрген ақынның бірі – Тоқтар Зікірин.
“Тапқандай самалалы жан шырағын,
Сезімнен алып-ұшқан аршыламын.
Таңғы шықтай мөлдіреп тұрсын деймін,
Жыр болып төгілетін тамшыларым”, – деп өзі жырлап жүргендей Тоқтар Нұрахметұлы оқырманды асыл сөзбен сүйсінтуді мақсат тұтады. Поэзия әлеміне кездейсоқ келмеген ол жақында тағы бір жаңа кітабын шығарды. “Бұл бір дәурен” деп аталатын жыр жинағына ақынның азаматтық, әлеуметтік әуендегі, ауыл мен табиғат тақырыбындағы өлеңдері топтастырылған. Тоқтар Нұрахметұлының ауылды жырлауы тегін емес. Өйткені, кіндік кесіп, кір жуған алтын бесіктің ол үшін орны бөлек.
“Өскіні жоқ,
Сосын да кескіні жоқ,
Ауыл құрып барады-ау,
Ауыл құрып.
Көргенменен көнені, ескіні көп,
Түсіне алмай қалыппыз дәуірді ұғып?!” – деп ауылдардың іргесі сөгілгеніне налиды. Ал енді бірде:
“Отымен лаулап маздадым,
Таңдайға балы тигесін.
Ұлы даланың Мағжанын,
Мүмкін емес сүймесім?!” – деп ақынның ақыны – Мағжанның отты өлеңдерінен шабыт іздейді. Кітапты парақтап отырып сезім қылын шертетін жастық шақтың естеліктерін оқып кейде жаның жадырайды, ал бір сәт ақын қоғамдағы келеңсіздіктерді жіпке тізгенде жүрегің жабырқайды. Өлең ақынның перзенті десек, оның жырларынан жан түкпіріндегі сезім сырлары, толқыныстары анық байқалады.
Ақынның жаңа кітабы бұған дейін жарық көрген “Жан шуағы”, “Көңіл көкжиектері”, “Тіршілік тынысы” атты жыр жинақтары секілді көкірегі ояу оқырманның көңілінен шығарына сенімдіміз. Өйткені, ол бос қиял, арзан сөзге бой алдырмайды. “Ақын да бір бала ғой, айға ұмтылған”, – деп Мағжан Жұмабаев жырлағандай, автордың болмыс-бітімі, көңіл хошы, жүрек сыры өлеңдерінің өн бойына өрілген екен.
Отыз жылдан астам қазақ баспасөзінің қарашаңырағы “Soltústіk Qazaqstan” газетінде қызмет атқарған Тоқтар Нұрахметұлы бүгінгі күні қолы босаған сәтті қалт жібермей, шабыт тұлпарының тізгінін босатып, өндірте жыр жазып жүр.
Ақынның өз сөзімен айтсақ:
“Тәңір Алла-ай?!
Жыр төгіле берсінші, жыр төгіле,
Жетелеген жанымды сыр төріне.
Жетпіс деген белеске жетіп қалдым,
Бар ма белгі ал одан сырт өңімде?
Шаршап тұрған жоқ әлі,
Көңіл дөнен…”.
Ендеше, өлең өлкесінде өзіндік өрнек салып жүрген ақын ағамыздың Алла бұйыртса қаламынан әлі талай тамаша жыр туары анық.
Айгүл ЫСҚАҚОВА, “Soltústіk Qazaqstan”.