Көрнекті әдебиет тарихшысы, білімдар сыншы және пайымдау қабілет-қарымы тегеурінді әдебиет теоретигі Айқын Нұрқатовтың шығармашылық жолы мейлінше келте болса да, жемісі мол мәуелі, керемет дара, тайпалмалы дарабоз “жорғадай төгілте жазды, ағыл-тегіл ой толғады, пікір қозғады, көп шындықты қопара көрсетті, халқына кітаптан соң кітап ұсынды” (академик Зейнолла Қабдолов). Қазіргі Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Шұқыркөл деп аталатын шағын ауылында дүние есігін ашып, қанаттанған ол академик-жазушы Мұхтар Әуезовтің әйгілі шәкірті атанды. Көзі тірі болғанда биыл тоқсан жастың төріне көтерілетін ғалымның артына қалдырған мол мұрасы қазақ әдебиеттану ғылымының құнды қазынасы саналады.
От ауызды, орақ тілді аяулы Айқын ағаның курстасы, қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымының қара нары академик Серік Қирабаев кемеңгер суреткер М.Әуезовтің мына бір лебізін бір еңбегінде келтіреді: “Айқын мен Серікті бөлмеймін. Екеуінің аяқ алысы жақсы. Білімі, талғамы зор. Бейсенбай, Есмағамбет, Қажымдар сыннан алыстап бара жатқан кезде, кейбір сыншылар басқа жанрларға ауысып тұрақтамай жүрген тұста, екеуінің бірыңғай сынмен айналысуы маған ұнайды. Сынға тұрақты, маман кадрлар керек”. Ұстаздың ұлы тілегі Тайбурылдың дүлдүл шабысын тілегендей еді. Айқын да қомданып әдебиет кеңістігінде қыранша парлап, тұйғынша барлап көркем сыр төкті.
Зерек, зейінді Айқын Нұрқатовтың шығармашылық өмірбаянына зерделей үңілсек, белгілі бір әдеби құбылыстардың нәзік қырларын, даму барысын терең тануы, жинақтап қорытушылығы болаттай серпінді, екпінді берекелі ойтолғаныстары, сымға тартқан күмістей сыңғыр қаққан бейнелі тілі, сонымен қатар оқығыштығы, тоқығыштығы, қорытқыштығы көңіл сүйсіндіреді. Оның ХІХ-ХХ ғасырлардағы қазақ әдебиетіне, ұлт баспасөзі мен журналистикасының тарихына, орыстың классикалық әдебиетіне, сондай-ақ, әдебиеттану ғылымының теориялық қағида-қисындарына жетіктігі, мөлдірете, түсінікті баяндауы қызықтырады.
Айқын Нұрқатов – әдебиеттану ғылымында жарқын із қалдырған шалқар шабытты шамшырақ тұлға. Оның қаламынан “Абайдың ақындық дәстүрі”, “Идея және образ”, “Мұхтар Әуезов творчествосы”, “Жалғасқан дәстүр” дейтін парасатты пайымдауларға бай сүйекті зерттеулер туындады. Бұған 200-дей ғылыми-сын мақалалар мен рецензияларды қосыңыз. Және де орта мектептің 9-сыныбына арнаған “Қазақ әдебиеті” оқулығы (С.Қирабаев, З.Қабдоловпен бірігіп жазған) 1952-1966 жылдарда, 10-сыныпқа арналған “Қазақ әдебиеті” оқулығы (С.Қирабаевпен бірігіп) 1964-1965 жылдарда жарияланғанды.
Әсіресе, ұлт мәдениеті тарихындағы Абай құбылысын Айқын Нұрқатов “Абайдың ақындық дәстүрі” атты еңбегінде ұшан-теңіз әдеби-мәдени және тарихи деректер негізінде ғылыми-теориялық тұжырымдар өрбіткен. Реалист-ақын, ағартушы-гуманист, қоғам қайраткері Абайдың ақындық дәстүрлерін жүйелі шығармашылық құбылыс, көркемдік дәуір ретінде және әрбір кезеңдегі жанды әдеби үрдіспен үйлесімді байланыстыра зерделеген. Адамзаттың заманауи ауқымды көркемдік мүлігі іспетті Абайдың ақындық даралығы мен даналығының тағылымдық, танымдық көріністері, үлгілі, өнегелі жаңашылдық, бастамашылдық қырлары, дәстүр сабақтары шынайылықпен терең, әсерлі баяндалған.
А.Нұрқатов Әбдірахман жайындағы өлеңдер шоғырын мұқият зерделейді. Мұнда Абай Әбдірахманның “рухани кейпін, интеллектуалдық бейнесін” “ірі-ірі сөздерді түйдек-түйдегімен қиыстыра отырып суреттейді”. Сөйтіп, “қазақ жасының, жаңа адамының образын жасады”. Зерттеушінің көрсетуінше, Абайдың лирикалық қаһарманы – әрі күрескер, әрі ақыл-ой иесі. Мысалы:
Күн артынан күн туар,
Бір күн дамыл еткізбес.
Ой артынан ой қуар,
Желге мінсең жеткізбес.
Сөз өнері ғылымын мінсіз меңгерген Айқын Нұрқатовтың танымына жүгінсек, мұнда бейне бір “өрелі ой, аталы ой әрі шабытты, қанатты ой” салтанат құрған.
Абайдың рухани тұлғасын, даналық болмысын, биік парасатын айқындауда Айқын Нұрқатов “ол – шыншыл ақын, күрескер ақын, қоғамды да, адамды да сауықтырушы емші ақын” деген мінездемелер беретіндігі тегін емес. Зерттеуші Абайдың А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, И.А.Крылов сынды ұлы ақындардың суреткерлік тәжірибесіне, көркемдік әлеміне, сұлулық, еркіндік, рух ойларына иек артқанын және тең дәрежеде сұхбат құрғанын жан-жақты, терең, толық баяндайды. Бұл орайда Айқын Нұрқатовтың үш түрлі түйінді, күрделі мәселені ғылыми-теориялық тұрғыдан байыпты қарастырғанын көруге болады. Біріншіден, “озық та озат орыс әдебиетінің қазақ классигінің өнернамасына тұп-тура құдіретті әсері, шын мәнісінде, классикалық орыс әдебиеті ұлт ақынының “өмірлік сырласы”, “шабыт алар қайнары”, “тағылым алар ұстазы” болғанды. Екіншіден, орыстың ұлт ақындарымен тең дәрежеде сырласып-сұхбаттасып, ой, пікір, идея жағынан рухани келісім тауып жасаған жаратындылары яки төрт аяғы тең төлтума аудармалары. Үшіншіден, орыстың ақын-жазушылары, сыншыл-ойшыл қайраткерлері мен Абайдың әдеби-ғылыми дүниетанымындағы ортақ, ұқсас сарындар.
Әдебиеттанушы А.Нұрқатов Абайдың ақындық мектебін, ұстаздық еңбегін, яғни Абай тұсындағы ақындар шығармашылығын тексеріп-талдау барысында Б.Айтқожаұлы, Тайыр Жомартбаев, Ақылбай, Мағауия, Халиолла, Кәкітай, әншілер Мұхаметжан Майбасаров, Әлмағамбет Сексенбаев, Мұқа Әділханов, ертекші Баймағамбет, жыршы Бейсенбай сынды нешеме алуан өрелі өнерпаздардың еңбегіне ой көзімен үңілген.
“Абай поэзиясының дәстүрлері туралы мәселе – сайып келгенде, қазақ поэзиясының тағдыры мен болашағы туралы мәселе еді” деген түйінді тұжырымына адалдық танытып, Айқын Нұрқатов Абайдың шығармашылық өмірбаянын ыждаһатпен тексереді. Ақын шығармаларының жариялану тарихына, мысалы, “Жаздыгүн шілде болғанда” Көкбай ақын атынан жарық көргенін (1889 жыл, №7, 17 ақпан), “Болыс болдым, мінекей”, “Күлембайға” (“Дала уалаятының газеті”, 1889 жыл, №12, 24 наурыз), “Аттың сыны”, “Қансонарда” (Қисса Кнәз білән Зағифа. Қазан, 1897 жыл) өлеңдерінің қайда, қашан жарияланғанын нақтылы көрсетіп отырады.
Айқын Нұрқатовтың өжеттігі, әлде ұлт мәдениетіне жанашырлығы дейсіз бе, әдеби-мәдени және тарихи деректерді ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы ұйымдастырған “Қазақ” газетіндегі материалдарды кеңес дәуірінің өзінде ұсталықпен пайдаланған деуге болады. Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының Абайдың шығармашылық мұрасы, ақындық тұлғасы (өлең бунақтары, дауыс ағыны, сөздің табиғи түзілісі), тарихи орны турасындағы көшелі пікірлерін ақылмандық тапқырлықпен орайластыра келтірген. Мәселен, “Қазақ” газетінің 1914 жылдың 30 наурызындағы №56 санында Мұхтар Саматовтың “Потанин докладынан” дейтін оқшау сөзінен үзінді келтірген: “Расында да, қазақ халқы әнші келеді. Дауыстары таза, ашық болады. Әншілер өнерін халыққа аса шебер көрсетеді. Әнші болған жерге кәрісі бар, жасы бар, жиналмаған жан қалмайды. Сондықтан да менің ойлауымша, қазақ арасында ең әуелі ән-сырнай өнері гүлденбек. Енді бір елу жылдан кейін қазақ әнші-сырнайшы әртістері патшалық театрдың сахнасына да шығуға жарайды”.
Қазақ әдебиеті тарихындағы ұлы тұлғалар, керемет кесек шығармалар, қадау-қадау терең ой-тұжырымдар А.Нұрқатов назарына ілінбей қалғаны некен-саяқ шығар. 1933 жылы “Сұлтанмахмұт Торайғырұлының толық шығармалар жинағындағы” (құрастырған Жүсіпбек Аймауытов) “Айтыс” поэмасында Нәзипа Құлжанова туралы толғаныстарға жүгінуі қандай зерделілік десеңізші! Ақын суреттегендей, “Сөз табар әр мәжілісте жарасымды”, “Әр іске ыңғайы бар жанасымды” ұлт руханиятының біртуар өкілінің өрелі істерін, ұйымдастырушылық, ұйыстырушылық қабілет-қарымын қапысыз әңгімелейді. Абай туралы “Қыр баласының хатын” (“Дала уалаяты газеті”, 1889, №24, 26, 29) ғылыми айналымға қосқан.
Білгір зерттеуші Абай мұрасын танып талдауда, Алаш әдебиетін, әсіресе, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, Сәбит Дөнентаевтың, қайраткер, санаткер Нәзипа Құлжанованың (Абайды қазақ әдебиетінің атасы деп білген), сонымен бірге ұлттық ояну, өнер-білімге құлшыну, әйел теңдігі тақырыбын қозғаған, халықтық, реалистік, демократтық бағыттағы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Мақыш Қалтаев, Ғұмар Қарашев, Мұхамеджан Сералин, Спандияр Көбеев, Нұржан Наушабаев, Бекет Өтетілеуов, Әкірам Ғалимов, Бернияз Күлеев, Шәңгерей Бөкеев тәрізді ақын-жазушылардың мұрасын ынтызарлықпен әңгімелейді.
Атап өтерлік жайт, Абай мен Сұлтанмахмұттың рухани үндестігін, көркемдік бояунақыштардың, суреткерлік палитрасының байлығы, ойлау жүйесі, Абай поэзиясымен тамырластығын және өзгешелігін әділ байқаған.
“Тегі, Сұлтанмахмұттың ақындық тілі – мейлінше шабытты тіл, шыншыл тіл” және оған “романтикалық өршіл сипат” тән екенін егжей-тегжейлі ұғындырады. Абай мен Сұлтанмахмұт дүниетанымы бойынша, “ақын – қоғам мінін түзеуші, адамгершілік қоғам іздеуші, әділет жыршысы”.
Әуезовтің әйгілі шәкірті Айқын Нұрқатов Сұлтанмахмұттың Лермонтов, Некрасов, Блок сияқты ақындар поэзиясының полифонизмін, көркемдік-стилистикалық ерекшеліктерін, рухын, сарынын бойына сіңіргенін нанымды түсіндіреді.
Сайып келгенде, ол Абай поэзиясының эвфониясын, стилистикасын, музыкалық архитектоникасын, образдық-метафоралық жүйесін, қарама-қарсы күрделі ассоциациясын, лирикалық тұлғаның интеллектуалдық дәрежесін, ішкі мәнін, поэзиялық фразеологиясын, негізгі сөздік қорын дұрыс пайымдаған, лайықты қорытынды шығарған. Абайдың ақындық, ағартушылық, қайраткерлік, санаткерлік еңбегі мен қызметін ұлт мәдениеті тарихындағы тұтас дәуір екендігін ұшан-теңіз әдеби-мәдени, тарихи деректер негізінде растап дәлелдеген.
Дүлдүл сыншы, көсемсөзші, зерттемпаз қалам қайраткерінің “Идея және образ”, “Жалғасқан дәстүр” деген қабырғалы еңбектерінде ұлы кобзарь Тарас Шевченконың, тағдыр-талайы аңызға айналған Н.Островскийдің, өзбек ақыны Ғафур Ғұләмнің және қазақ әдебиетінің марқасқалары: М.Әуезовтің, С.Мұқановтың, Ғ.Мұстафиннің, И.Байзақовтың, Ғ.Ормановтың, Т.Жароковтың, Ә.Әбішевтің, Ж.Саинның, Х.Бекхожиннің, Х.Есенжановтың, З.Шашкиннің, Т.Ахтановтың, Ә.Нұрпейісовтің, С.Шаймерденовтің, жыр алыбы Жамбылдың, М.Иманжановтың, Ж.Жұмахановтың, Т.Нұртазиннің, Ж.Тілековтің, Қ.Исабаевтың, Ә.Таразидің көркем шығармаларының идеялық-көркемдік деңгейі, лексикалық байлығы, стилистикалық мәнерлілігі, авторлық баяндалуы мен кейіпкерлерінің ішкі монологтары, образ жасаудағы тәсілдері, реалистік штрихтарға психологиялық сипаттама беруі білгірлікпен қарастырылады.
А.Нұрқатовтың 1957-1958 жылдарда “Мұхтар Әуезов” деген монографиясы қазақ-орыс тілдерінде Алматы мен Мәскеуде жарияланған. Толық тамамдауға үлгермеген Мұхтар Әуезовтің шығармашылық еңбегі туралы монографиясында “Абай жолы” роман-эпопеясының суреткерлік шеберханасы, идеялық тереңдігі, көркемдік кемелдігі, тарихи тұлғалар бейнесі, әйелдер образы, ұлттық характер табиғаты, халықтың тарихи тағдыры, кейіпкерлерге сөздік сипаттама, пейзаждық классикалық үлгілері, портреттік мінездеулер, сюжет пен композиция, диалог құру шеберлігі, контраст тәсілі байыпты зерттелген.
Суреткер-сыншы аударма өнерінде де өшпес із қалдырды. “Венгер әңгімелерін”, Лениндік сыйлықтың лауреаты Шыңғыс Айтматовтың “Шынарым менің, шырайлым менің” повесі мен “Сыпайшы” әңгімесін орыс тілінен тамылжыта тәржімалады. Түпнұсқаның рухын, стилистикасын, полифониясын шеберлікпен мөлдірете жеткізді.
Қамшының сабындай қысқа ғұмыр кешкен, Абайдың ой мұхитында жүзген, Әуезовтің меруерт толқындарында тербелген, ұлт әдебиетінің жемісті бақшасында ересен еңбектенген, ойшылдық, даналық, тереңдік дейтін қасиетті ұғымдарды зерттеу нысанасы еткен Айқын Нұрқатовтың (1928 -1965) өмір жолына бір мезет көңіл аударсақ, 1950 жылы Абай атындағы ҚазПИ-ді, 1953 жылы аспирантурасын аяқтаған. 1954 жылы “Қазақ әдебиетіндегі Маяковский дәстүрі” атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды.
КСРО Жазушылар одағының мүшесі 1950-1957 жылдарда “Әдебиет және искусство” журналында (“Жұлдыз” журналы) бөлім меңгерушісі, 1957 жылдан өмірінің соңына шейін Қазақ ССР Ғылым академиясы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болды.
Задында, оның тумысынан заттылығын, мықтылығын айғақтайтын мына бір оқиғаға жүгінейік. Айқын Нұрқатов пен Нығмет Ғабдуллин 1946 жылы Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Шұқыркөл орта мектебін бітірерде ұстаздары осынау зерделі, ұшқыр ойлы оқушылардан емтихан алуға шамамыз жетпейді деп азар да безер болып, Сырымбет мектебіне жібереді. Сол бір күндерде Абай атындағы ҚазПИ-ден педагог, ақын, жазушы, драмашы, аудармашы Бекмұхамед Серкебаев (1892-1976) шәкірт жинап, таңдап жүр екен, шығармаларын оқып, қызығып, сендер қанаттанғалы тұрған ақын-жазушы екенсіңдер деп, ҚазПИ-ге орналастырды.
Айқын Нұрқатовтың әдеппенен тамылжыған үлбір нәзік жанды, от жігерлі, жайсаң, жомарт мінезді, жарқын жүзді, қабілетті-қасиетті асыл бейнесін замандастары былайша толғайды. Академик-жазушы Зейнолла Қабдолов: “Өзі де Айқын десе айқын, табиғаты тап-таза, мөп-мөлдір еді ғой. Бар болмысы балғын, жазғытұрғы жас қайыңдай бой түзеп, жапырақ жайып, төңірегін сырлы шуға, шұғыла-нұрға малындырып, біртүрлі бір сұлу өсіп келе жатқан. …Адамның асылы еді. Қашан көрсек бірқалпы, жып-жылы болып күлетін де жүретін. Досқа деген ықылас-пейілі-ақ ғажап; бір құласа, мықтап құлайтын; жақсы көрген адамын ылғи ғана жаңа көргендей, жанымен аялап тұратын. Өзі туған Қызылжар самалындай аңқылдаған ашық, ақжелең еді: еркелейтін, есіле сөйлейтін, еркін күлетін”.
Ал Айқынның ішіктің ішкі бауындай жанқияр досы, ғылымның ірі ұйымдастырушысы Мүсілім Базарбаев: “Өмірдегі әрі ғылымдағы байсалдылығы бірдей болатын: салмақты, білімді, мінезді, принципшіл еді. Сонымен бірге ізеттілік, кішіпейілділік, елгезектік оның ардақты қасиеттері. Туралығы, шыншылдығы үшін, әрі білім мен интеллекттен кеп шығатын биязылығы, сыпайылығы үшін үлкен де, кіші де оны сүйетін”, – дейді.
Білімдардың ғылымдағы, өмірдегі, тұрмыс жүзіндегі мызғымас қағидасын әдебиет сыншысы Баламер Сахариев былайша мөлдірете жазады: “Бір майданда еңбек етіп, талай сырласып жүргенде, не тікелей, не тұспалдап болса да, өзіне ыңғайластыруға ықпал етіп қалайын деген ниеттің нышаны да болмаушы еді сенде. Өмірдегі қарым-қатынасты әдебиетке көшірмеуші едің”.
Қазақ әдебиеттану ғылымы тарихындағы “ойының байлығы, қаламының жүйріктігі” жағынан алғанда атақты сыншы-ғалымның әдеби-ғылыми шығармашылығы өзгеше бір өміршең әлем. Ол – Абайтану мен Әуезовтану ілімі тарихындағы тарлан тұлға.
Серік НЕГИМОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор.