Өз басым газет-журналдардың әр нөмірін асыға күтіп оқитын отбасында өсіп, тәрбиелендім. Әкеміз де, шешеміз де бізді руханиятқа, мәдениет пен әдебиетке баулыды. Мектепті тамамдап, жоғары оқу орнына дәрігерлік мамандыққа түскен жылдары да бұл тәрбиеден алыс кете алмадым.
Демалыс уақытында үйімізге асыға жетіп, ата-анамыздың бірнеше ай бойы жинап жүрген газеттерін бір парақтап шықпасақ, ас батпайтын еді. Солардың ішінде бізге, әсіресе, облыстық “Ленин туы” (қазіргі “Soltústіk Qazaqstan”) газетінің сарғайған парақтары ерекше ыстық көрінетін. Ондағы өңіріміздің тыныс-тіршілігінен хабар беретін, қоғамдағы түйінді мәселелер қозғалған мақалалар оқырманды бейжай қалдырмайды. Жүз жылға жуық тарихы бар бала күнгі жансерігімнің бүгінгі уақытқа дейін бұл ұстанымынан айныған кезі жоқ.
Жуырда газет бетінен оның таралымының күрт төмендеп кеткенін естіп, бірден қарашаңыраққа ат басын бұрдым. Ондағы ахуалмен танысқаннан кейін бұрынғы әріптестеріме, ескі таныстарыма, ағайын-туыстарыма хабарласып, қолдау көрсетулерін сұрай бастадым. Көршілерімнің де басылымға жазылғанын қадағалап отыратынымды жасырмаймын.
Жаһандану үдерісі шапшаң жүріп жатқан бүгінгі уақытта халықтық тәрбие, ұлттық рухты жоғалтпау – үлкен міндет. Бүгінгі жас мемлекетшіл, еліне деген патриоттық сезімі бар, ұлттық салт-дәстүрден сусындаған, халқының тарихын білетін, мәдениеті мен әдебиетін зерделей алатын адам болғанда ғана көсегеміз көгереді. Ал осы жолда газеттің үлесі орасан екені белгілі. Осыны түсінбей, газетке кететін бесон теңге қаражаттарын қалтамда қалсын дейтіндер ұрпақтарының, қазақ тілінің болашағын ойлай ма екен?
Уәлихан ҚАРАЖІГІТОВ, еңбек ардагері.
Қызылжар ауданы.