Әлеуметтік-экономикалық дамуда айтарлықтай табыстарға қол жеткізілген, өңіріміздің өмірінде елеулі оқиғалар орын алған және тұрғындардың өмір сүру деңгейі ауыз толтырып айтатындай көтерілген жылдың аяқталуына санаулы күндер қалды. Бұл бір жыл ішінде атқарылған жұмыстарды ой елегінен өткізіп, алда тұрған келелі міндеттерді саралайтын уақыт.
Кеше өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен облыстық әкімдіктің үстіміздегі жылдағы соңғы отырысында жыл қорытындысы шығарылды. Алқалы жиынға өңір басшысының орынбасарлары, Петропавл қаласы мен аудандардың әкімдері, облыстық және аумақтық басқармалар мен департаменттердің басшылары, құқық қорғау органдарының, қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
– Бүгін біз әкімдіктің биылғы қорытынды аппараттық кеңесін өткізіп отырмыз. 2018 жыл облысымыз үшін есте қаларлықтай жемісті өтті деуімізге болады. Жыл ішінде атқарылған істердің бірқатары облысымыз бен еліміздің тарихынан лайықты орын алады. Облыс экономикасы көтеріліп, халықтың әлеуметтік жағдайы жыл сайын жақсара түсуде. Бәрінен бұрын Қазақстан мен Ресей Президенттерінің қатысуымен облыс орталығында өткен XV өңіраралық ынтымақтастық форумын атап өткім келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет қабылдаған облысты әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2019-2021 жылдарға арналған кешенді жоспарын өңіріміз үшін маңызды оқиға ретінде қабылдауымыз керек, – деген өңір басшысы Құмар Ақсақалов үстіміздегі жылдың қорытындылары мен алда тұрған міндеттер туралы баяндады.
Кешенді жоспарға сәйкес 2021 жылға дейін 14 мың жаңа жұмыс орны ашылып 300 млрд. теңгенің 48 жобасы жүзеге асырылмақ.
Облыс экономикасы тұрақты дамып келеді. Облыстың қысқа экономикалық индикаторы 103,9 пайыз болды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 2,1 пайызға, құрылыс жұмыстары 3,7 пайызға, өнеркәсіп өндірісі 1 пайызға өсті. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша облыста орташа айлық еңбекақы 6,8 пайызға артып, 108 706 теңгеге жетті.
Біздің облыс Қазақстанның астықты өңірі саналады. Еліміздегі дәнді дақылдардың ширек бөлігін, майлы дақылдардың үштен бірін өсіреді. Қазақстанның ауыл шаруашылығына салынған инвестицияның 25 пайызы біздің облысқа тиесілі. Агроөнеркәсіп кешеніндегі цифрландыру, озық технологияларды қолдану, минералдық тыңайтқыштарды енгізу нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімдері 1,8 пайызға өсіп, 544,2 млрд. теңге болды. Үстіміздегі жылы облыс диқандары гектарынан 19 центнер өнім алып, 5,3 млн. тонна астық жинады. Егістік алқаптарын әртараптандыру нәтижесінде майлы дақылдар себілетін жер екі есе ұлғайды.
Облысымыздың экспорттық әлеуеті жылдан-жылға өсіп келеді. Биылғы он ай ішінде экспорт 19,5 пайызға өсіп, импорт 10,2 пайызға төмендеген. “Молпродукт”, “МаслоДел Петропавловск” сияқты кәсіпорындар осызаманғы қондырғыларды орнату арқылы өнімнің жоғары сапасына қол жеткізуде. Бірқатар кәсіпорындар сыртқы нарыққа шығу үшін жаңа өнім түрлерін игеруде. Алдағы уақытта өндірісті цифрландыру жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Биыл 2200 бас сиырға арналған төрт тауарлы-сүт кешені пайдалануға берілді, оларда 200 жаңа жұмыс орны ашылып, 3,3 млрд. теңгенің цифрландыру элементтері енгізілді. 2019 жылы осындай тағы үш кешен іске қосылмақ. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда жылдық қуаты 5 мың тонна етті бағыттағы құс фабрикасы салынып жатыр. Қытай нарығына шығуды көздейтін Тайынша ет комбинатында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Оған биыл 700 млн. теңге инвестиция тартылды, бұл көрсеткіш келесі жылы 1,3 млрд. теңгеге артпақ. Облысымызда биылғы он бір ай ішінде 88,9 млрд. теңгенің азық-түлік өнімдері өндірілген, өсім 8,5 пайызды құрады. Еуропа елдері мен Қытайға экспортқа шығу үшін таза экологиялық өнімдер өндіретін кәсіпорындар әр ауданда болуы тиіс.
Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығында жалпы сомасы 1,2 млрд. теңге болатын бес жоба жүзеге асырылуда. 11 желтоқсан күні өткен жалпыұлттық телекөпірде Мемлекет басшысының қатысуымен Петропавл қаласындағы металопластикалық өнімдер шығаратын еліміздегі бірегей кәсіпорын іске қосылды. Мұндай өнімдер бұрындары басқа елдерден сатып алынса, енді оны өзіміз шығарамыз. Сегіз жыл бойы тоқтап тұрған “Биохим” кәсіпорны қалпына келтірілді. Онда бидайды тереңдете өңдейтін, биоэталон, крахмал, балуыз шығаратын цехтар жұмыс істеп тұр.
Кешенді жоспар шеңберінде “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” мен “С.М.Киров атындағы зауыт” акционерлік қоғамы сияқты іргелі кәсіпорындарға республикалық бюджеттен 6,7 млрд. теңге қомақты қаржы бөлінген. Соның нәтижесінде өндіріс жаңғыртылып, үш жүзден астам осызаманғы қондырғылар сатып алынбақ, еңбек өнімділігі мен өндіріс қуаты екі есе өсетін болады.
Өңіріміздің ішкі жалпы өніміндегі орта және шағын бизнестің үлесі биыл 25,4 пайыз болды, оны 30 пайызға жеткізу көзделген. “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының 2025 жылға дейін ұзартылуы жаңа 3 мың жұмыс орнын ашуға, салық базасын 8,5 пайызға өсіруге, 80 млрд. теңгенің өнімін шығаруға мүмкіндік бермек.
Бұрынғы жылдары бір мыңға жуық пәтер пайдалануға берілсе, биыл 1600 отбасы жаңа қонысқа көшетін болады. Алдағы жылдары бұл қарқын сақталмақ. “Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырамын. Бұл барлық сала бойынша түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысын тікелей қамтиды. Төмен жалақы алатын қызметкерлердің еңбекақысын көтеруге қатысты бұл бастаманы ірі компаниялар қолдайды деп сенемін”, – деген болатын Елбасы “Қазақстандықтардың əл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты Жолдауында. Бұл міндетті орындау бағытында келесі жылдан облысымыздағы бюджеттік мекемелердің 43 мың және экономиканың нақты секторындағы 101,6 мың қызметкердің жалақылары өсіріледі. Сонымен қатар жылу, электр энергияларына, сумен жабдықтау қызметтеріне, лифтіні пайдалануға тарифтер арзандатылмақ. Бүгіндері көмірдің бағасы төмендетілді. Жаңа жылдан бастап дәрі-дәрмектердің, қосымша білім беру мекемелері қызметтерінің бағасы түсірілмек.
Елбасының бес әлеуметтік бастамасы аясында шағын және орта бизнес субъектілеріне несие бөлу 2,8 млрд. теңгеге жетті. Биыл 719 адам кәсіпкерлікке тартылды, бұл 2017 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Үстіміздегі жылы тұңғыш рет стартап-жобаларды жүзеге асыру үшін 546 азаматқа 130 млн. теңгенің қайтарымсыз несиесі бөлінді. Бұл іс-шаралар еңбек нарығындағы тұрақтылықты сақтауға, жұмыссыздар санын қысқартуға мүмкіндік берді.
– Облысымызды әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарына сәйкес алдағы жылдары болашағы бар 302 елді мекенде 3000 тұрғын үй пайдалануға берілмек. Келесі жылы 140 ауылда алғашқы 600 үй салынбақ. Мәселен, Қызылжар ауданындағы Якорь ауылында “Атай СК”, “Якорь СК” және “Фирма Алекри” жауапкершілігі шектеулі серіктестері бөлінген ақшаға 12 үй салып, Якорь орта мектебін, Якорь-Вишневка тас жолын жөндейтін болады. Республикалық бюджеттің қаржысы сапалы атқарылған жұмысқа төленетінін ешкім естен шығармауы тиіс, – деді Құмар Іргебайұлы.
Қазақстан мен Ресей басшыларының қатысуымен облыс орталығында өткен XV өңіраралық ынтымақтастық форумына дайындық барысында Петропавл қаласында 635 ескі үй сүріліп, екі мыңнан астам пәтер, әлеуметтік нысандар салынды. Жаңадан “Жас Өркен” мен “Солнечный” шағынаудандары бой көтерді. Облыс орталығы абаттандырылып, жаңа саябақтар, демалыс орындары пайда болды. Оқушылар сарайы мен теннис орталығы бүгіндері қалалықтардың жиі баратын нысанына айналған. 20-шы шағынаудандағы жаңа мешіті, “Береке” шағынауданындағы православиялық шіркеу шаһарға еркеше реңк береді.
Елбасының тапсырмасына сәйкес облысымыздағы денсаулық сақтау саласындағы мәселелерді шешу мақсатында осызаманғы көпбейінді аурухана салынбақ. Оның жанында дәрігерлер үшін 200 пәтерлік тұрғын үй бой көтереді. Сонымен қатар 4 млрд. теңгенің медициналық техникасы сатып алынады, бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп. Биыл Солтүстік Қазақстан мемлекетік университетінде медициналық факультет ашылды. Онда біздің студенттермен бірге Үндістаннан келген 77 азамат білім алуда.
Петропавл қаласында 2400 орындық үш мектеп салынады, оның екеуі 2019 жылдың 1 қыркүйегінде пайдалануға берілмек, студенттер үшін 1932 орындық бес жатақхана салынатын болады. Келесі жылдары Имантау-Шалқар курортты аймағы жақсартылып, Астана мен Ресей Федерациясының көршілес өңірлеріне баратын жолдар жөнделмек. Ботай тарихи-мәдени ескерткіштер мұражайын салуға республикалық бюджеттен 2 млрд. теңге бөлінген.
– Биыл облысымызда көптеген жұмыстар атқарылды. Алайда, біз қол жеткізген табыстарға тоқмейілсімеуіміз керек, – деп аппараттық кеңестің отырысын қорытындылаған өңір басшысы Құмар Ақсақалов жиналғандарды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, бәріне денсаулық, бақыт, табыс тіледі.
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.