Петропавл қаласындағы Оқушылар сарайында “С.М.Киров атындағы зауыт” акционерлік қоғамының 90 жылдық мерейтойына орай өткен шараға инвесторлар, ардагерлер мен ұжым қызметкерлері қатысты.
Жиналғандарды облыс әкімінің атынан оның орынбасары Дәурен Жандарбек құттықтады.
– Бірегей кәсіпорынның өнімдері өзінің лайықты бағасын алып отыр. “Алтын сапа”, “Қазақстанның үздік тауары” және “Парыз” сияқты бірнеше республикалық байқаудың жеңімпазы болған кәсіпорын заманауи технологияларды қолданысқа енгізіп, жұмыс тиімділігін арттыруда. Алда бұдан да зор жетістіктерді бағындыра жететіндеріңізге сенімдімін, – дедi Дәурен Жандарбекұлы.
Одан кейін еліміздің сандық технология саласына қосқан ерен еңбегi үшiн “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ-ы бас директоры Амангелді Арғынбаев, механикалық цехтың қызметкері Асылтас Қабдөшова, маркетинг және сату департаментінің директоры Мәди Бектенов, инженер-технолог Анна Зарецкая, еңбек ардагері Наталья Кожемякина облыс әкiмiнiң Құрмет грамотасымен және тағы бір топ азамат Алғыс хатпен марапатталды.
Сондай-ақ, еңбегі сіңген қызметкерлерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің департамент басшысы Жәнібек Мұхамеджанов Құрмет грамотасымен марапаттады.
1941 жылы қазығы қағылған бұл зауыт – бүгіндері цифрлық спутниктік және эфирлік телерадиохабарларды таратуға арналған жабдықтардың толық топтамасын өндіретін бірден-бір кәсіпорын. Зауыт Индустрияландыру бағдарламасын табысты жүзеге асыруда. Атап айтқанда, 80-ге жуық өнім шығарылса, олардың ішінде теміржол көлігі үшін автотелемеханика, байланыс және қауіпсіздік жүйелері, цифрлық телевидение қондырғылары, мұнай-газ кешендеріне арналған өнімдер мен байланыс құралдары бар.
– Үстіміздегі жылы зауыттың тапсырыстар портфелі 6 млрд. 175 млн. теңгені құрады. Биылғы жылдың қыркүйек айында өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында техникалық қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін республикалық бюджеттен алдағы үш жылда 2,2 млрд. теңге қаржы бөлінетін болды. Бұл жұмысымызға тың серпін береді, – дейді Амангелді Советбекұлы.
Бүгінгі күні компанияда бес жүз қырық адам еңбек етеді. Кәсіпорын қызметкерлерінің орташа айлық еңбекақысы 156 мың теңгені құрайды. Алдағы жылы оны 165 мың теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Eң төменгі жалақы алатын отызға жуық күзет және техникалық қызметкерлердің еңбекақыларын 2019 жылдың 1 қаңтарынан 48 мың теңгеге дейін жеткізу мүмкіндігі қарастырылуда.
Салтанат соңы зауыт еңбеккерлеріне арналған концертке ұласты.
Қанат АТАМАНОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.