Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты Жолдауында Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырған болатын. Бұл жаңалық еңбек адамдарын ерекше қуантқаны сөзсіз. “Изолит” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Александр Бебешко да аталған бастаманы қолдап, қызметкерлерінің еңбекақысын арттыру туралы шешім қабылдаған.
Теміржол, энергетика салаларында кеңінен пайдаланылатын жоғары сапалы электроқшаулағыш материалдарын өндіретін кәсіпорында қазіргі таңда жүзге жуық адам жұмыс істейді. “Еңбегіне қарай өнбегі” демекші, Александр Владимирович бүгінгі жетістікке серіктестік жұмысшыларының еңбекқорлығының арқасында қол жеткізгенін атап айтты.
– Үстіміздегі жылдың қорытындысы бойынша оң көрсеткіш бар. Өндіріс көлемі 107,5 пайызға өссе, жұмысшылар саны – 6,6, ал еңбекақы 13 пайызға артты. Қазіргі таңда қызметкерлеріміздің орташа айлық жалақысы 99 мың теңгені құрайды. Алдағы жылы жұмысшылардың еңбекақысын тағы да 10 пайызға ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Яғни, жалақы көлемі 110 мың теңгеге жететін болады. Бұл еңбек өнімділігін арттыра түседі деген сенімдемін, – деді серіктестік басшысы.
1992 жылы жұмысын бастаған “Изолит” серіктестігінің цехтарында электр оқшаулағыш материалдың бірнеше түрі шығарылады. Олардың басым бөлігін капроннан жасалатын лакталған мата мен слюда минералынан әзірленетін миканит құрайды. Әртүрлі қысымдарға төзімді, жақсы ыдырайтын слюда минералынан жұқа пластиналар алынады. Өндіріске қажетті шикізаттар Қытай, Үндістан және Ресейден жеткізіледі.
Кәсіпорынның жұмысымен танысу барысында серіктестіктің білікті маманы Вера Соло лакталған мата өндіру учаскесін аралатты. Нарықта сұранысқа ие өнімді дайындау жұмыстарының басым бөлігін нәзік жандардың атқаратынын байқадық. Ауыр жұмыс арнайы станоктар арқылы атқарылғанымен, қағазға лак жағып, оны кептіру, кейін дайын пластиналарға слюда жапсырып, арнайы пішін бойынша қию ісіне ерлерге қарағанда әйелдер икемдірек келеді екен. Серіктестік жылына 300-500 мың метр өнім шығарады.
Кәсіпорын өткен жылы “Парыз – 2017” республикалық байқауының өңірлік кезеңінде “Үздік ұжымдық келісім” аталымы бойынша жеңіске жетсе, биыл “Қазақстанның үздік тауары – 2018” өңірлік байқау-көрмесінде “Өндірістік мақсаттағы үздік тауар” аталымында топ жарды. Бұл марапат зауыттың абыройы үшін сапалы жұмыс істеп, аянбай тер төгетін еңбеккерлерінің ортақ жеңісі.
Осындай бірлігі жарасқан ұжымда жастарға үлгі көрсетіп жүрген ардагер жұмысшылар аз емес. Солардың бірі – бригадир Вера Степина. Ол салада 40 жылға жуық уақыт еңбек етіп келеді. Білікті маманға машинаға лак құйып, өнімнің сапасын бақылау міндеті жүктелген. “Серіктестіктегі жұмысым өзіме ұнайды. Мұнда барлық жағдай жасалған. Еңбекақымыз уақытында беріліп тұрады. Елбасының тапсырмасына сәйкес жалақымыздың өсетіні қуантып отыр”, – деді ол.
Зауыттың өнімі экспортқа бағдарланған. Атап айтқанда, компания тауары Ресей, Украина, Белоруссия елдеріне жөнелтіледі. Тұтынушылар қатарында электрқозғалтқыштар және электровоз жөндеу зауыттары бар. Өнімнің өтімділігі, ең әуелі, сапаға байланысты екенін жақсы түсінетіндіктен, алдағы уақытта Арменияның кәсіпкерлерімен әріптестік байланыс орнату жоспарланған.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.