2019 жылдан бастап еліміз бойынша коммуналдық төлемдер қызметі бағасының құны арзандамақ. Біздің облысымызда бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мамандары тұрғындарға түсіндіруде. Енді қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және шығару, сумен қамту тарифтеріне жұртшылық қатты шығындалмайтын болады.
2018 жылы 1 қарашада қолданысқа енген 2018 жылғы 27 тамыздағы Петропавл қалалық мәслихатының шешіміне сәйкес қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару және тасу тарифі бекітілген. Көпқабатты үйлер бойынша төлемақы құны бір адамға 230, ал жеке баспаналар тұрғындарына 250 теңге.
– Оған дейін бұл қызмет түрінің құны жеке тұлғалар үшін 120 теңгеден 175 теңгеге дейін көлемде болса, заңды тұлғаларға текше метрі үшін 2200-2400 теңгеден белгіленген. Қызмет бағасы 2014 жылдан бастап өзгермеген. Ал еліміздің Ұлттық экономика министрлігінің тапсырмасына сәйкес 2019 жылдың 1-қаңтарынан бастап қатты тұрмыстық қалдықтарды тасу және шығару тарифі 5 пайызға арзандайды, – дейді аталмыш басқарманың бөлім басшысы Евгения Островская.
Басқарма мамандары бүгінгі күні жұртшылық арасында жыл соңында сумен қамту және су тарту қызметтерінің бағасы қымбаттайды деген қаңқу сөзді жоққа шығарып отыр. Өйткені, “Қызылжар су” ЖШС-і тариф бағасына 2015-2017 жылдар аралығында өзгеріс енгізген жоқ.
– Бүгінгі күні сумен қамту қызметінің құны 123,2 м3/теңгені, ал су тарту – 108,94 м3/теңгені құрап отыр. Бәсекелестікті қорғау және табиғи монополияларды реттеу бойынша облыстық департаменттің жүргізген тексерісі нәтижесінде аталмыш серіктестік сумен қамту қызметінің бағасын 9 пайызға, ал су тарту құнын 2,7 пайызға төмендетеді, – дейді басқарма мамандары.
Бүгінгі күні Ақмола, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының тұрғындары жылумен қамту тарифіне төмендетілген бағамен ақы төлеуде. Мамандардың болжамынша, тұрғындар жылу беру қызметінен 6 миллиард теңге үнемдейді.
Айгүл ЫСҚАҚОВА, “Soltústіk Qazaqstan”.