«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАҢДАУ ҚҰҚЫҒЫ БЕРІЛЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Үстіміздегі жылдың қорытындысы бойынша облыс тұрғындарының әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударған жарнасы 2,9 млрд. теңгені құрады. Ал 2017 жылдың шілде айынан бастап республика бойынша қорға 122,5 млрд. теңге түсті.

Бұл қаражат бүгінде Ұлттық банкте жинақталып, 2020 жылдан бастап тұрғындардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетінің бөлігі ретінде алатын медициналық қызметтеріне жұмсалатын болады. Бұл көмекті міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна аударған, азаматтардың 14 жеңілдікті санатына жататын және 2020 жылға дейін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарнаны мемлекет аударатын 18 жасқа дейінгі балалар мен зейнеткерлер, сондай-ақ, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар ала алады.

– 2019 жылы жұмыс берушілердің қызметкерлері үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударған жарна 1,5 пайыздан аспайтын болса, 2020 жылдан бастап 2 пайызға дейін жетеді. Бұл жалдамалы жұмысшылары бар жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының басшыларына да қатысты. Жеке кәсіпкерлер 2018-2019 жылдары өздері үшін жарна төлемейді, – дейді әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының директоры Лариса Гордеева.

2020 жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті енгізілгенде, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің пакеті де жаңарады. Осылайша, мемлекет ең алдымен тұрғындарға төтенше жағдайда және алғашқы медициналық көмек көрсетуге, сонымен қатар әлеуметтік маңызды және негізгі созылмалы ауруларды емдеуге бағытталған тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін төлейтін болады. Бұл көмек барлық қазақстандықтарға, оралмандарға, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ, алайда, елде тұруға рұқсаты бар азаматтарға қолжетімді.

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылғанда, тұрғындарға медициналық ұйымды таңдау ұсынылады. Бұл, мәселен, облысымыздың шалғай ауылдарында тұратын адамдарға жақын маңдағы емдеу мекемесінде медициналық көмек алуға мүмкіндік береді. Ең бастысы медициналық ұйым сақтандыру қорының базасында тіркелсе болғаны. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі аясында жекеменшік емдеу мекемесінен медициналық қызмет алу үшін тіркелген емханадан бағыттама алу қажет, – дейді Лариса Гордеева.

Анна ПЕНЬКОВА, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының сарапшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp