Жарқ-жұрқ еткен жасыл шырша, Аяз ата мен Ақшақар – жаңажылдық кештің айшықты нышаны. Осынау әдемі көріністі әр бала тағатсыздана күтеді емес пе?! “Жарқыра, Қазақстан! Жарқыра, туған жер!” атты тақырып аясын қамтыған жаңажылдық шыршаға облыс аудандары мен Петропавл қаласынан қоғамдық шараларға белсенді қатысып жүрген үздік оқушылар, өнер, спорт салаларында жетістіктері бар, мүмкіндігі шектеулі, аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, асыраушысынан айырылған балалар қатысты. Үш жүздей баланың басын қосқан мереке театрландырылған көріністен бастау алды. Шара барысында балғындарға Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауы үлкен экран арқылы жолданды.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов мерекені тамашалауға келген жүздері жарқын, көңілдері көтеріңкі кішкентай қонақтарға тілегін жеткізді.
– Биыл сендер көп еңбек еттіңдер. Бірің оқуда, енді бірің өнер мен спортта үлкен жетістіктерге қол жеткіздіңдер. Сол еңбектің арқасында бүгін осындай тамаша кештің куәсі болып отырсыңдар. 2019 жылдан біз бұдан да жақсы жетістік күтеміз. Ол үшін мемлекет тарапынан барлық мүмкіндікті қарастыратын боламыз. Елбасының сарабдал саясатының арқасында сендер үшін жаңа оқу орындары ашылып, спорттық нысандар пайдалануға берілуде. Сондықтан келе жатқан жаңа жылымыз жағымды жаңалықтарға толы болғай, – дей келе Құмар Іргебайұлы үздік оқушылардың еңбегін көпшілікке үлгі етті. Әсіресе, жақында өңіріміздің мерейін үстем еткен тайыншалық өнерпаз Әмина Жапардың есімін ерекше атады.
Жаңажылдық шырша балаларға ерекше әсер сыйлағаны сөзсіз. Өйткені, балақайлардың риясыз күлкісі мен жарқыраған жүздерінен шаттықта толы көңіл күй сезілді.
Аяз ата мен Ақшақар жаңажылдық шыршаның сәнін келтірсе, түрлі жануарлар мен ертегі кейіпкерлерінің костюмдерін киген балалар ерекше көзге түсті. Мәселен, “Ұлы даланың жеті қыры”, “Сандық Қазақстан”, “Достық киіз үйі”, “Қазақ елі” сынды мерекелік костюм киген балғындар көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Оның ішінде Петропавл қаласы мен Қызылжар, Шал ақын, Уәлиханов аудандарынан қатысқан балалардың жаңажылдық киімдері үздіктердің қатарынан орын алды. Шырша тойында заманауи Қазақстанды бейнелеген Айыртау балалар үйінің тәрбиеленушісі Роман Исайкиннің костюмі бас бәйгені жеңіп алды. Барлық жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.
Думанды кештің көркі болған жасыл шырша маңына топтасқан жеткіншектер әсем ән айтып, мың бұрала би биледі.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, “Soltústіk Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ