Оқушылар сарайында “Солтүстік Қазақстанның жас өнертапқыштары – 2018″ атты өнер-табыстар мен ғылыми-зерттеу жобаларының фестивалі өтті. Сайыста 10-18 жас аралығындағы оқушылар ІТ және биотехнология бағыттарындағы 25 жоба қорғады.
Дарынды балаларды ынталандыру мақсатын көздеген шара өңірімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Оқушылар сарайының ұжымы енді бұл фестивальді дәстүрлі түрде өткізіп тұрмақ. Оның үстіне облысымызда ой-өрісі кең, талантты жастар көп екені байқауды ұйымдастыру барысында-ақ белгілі болды. Жастардың көтерген тақырыптары ауқымды. Мәселен, Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның оқушысы Меруерт Әшімова лас суды тазартудың өзіндік жүйесін ұсынған. Бұл идея республикалық байқауда да көпшілік қызығушылығына ие болып, еңбек авторы жүлделі орын иеленген. Бұл жолы Меруерт өз жобасына тазарту жүйесінің тиімділігін арттыру, қуат үнемдеу бойынша өзгерістер енгізген.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, Назарбаев Зияткерлік мектебі ұстаздарынан және білім басқармасы мамандарынан құралған қазылар алқасы оқушылардың ғылыми жобаларын өзектілігі және ұсыну ерекшеліктері бойынша бағалады. Байқау нәтижесінде биотехнология бағыты бойынша бірінші орынды – Меруерт Әшімова, ал ІТ-бағыты бойынша Шал ақын ауданының Социалистік Еңбек Ері Есім Шайкин атындағы орта мектеп оқушылары Николай Ефимов пен Александр Мелехов алды. Шара соңында қатысушылардың барлығына сертификаттар беріліп, жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Зәуреш АСЫЛБЕКОВА, “Soltústіk Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.