Қазақстанда мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың нәтижесінде бизнесті жүргізу оңтайландырылған. Дүниежүзілік даму банкі жыл сайын бұл салаға талдау жасап, “Doing Business” рейтингін құрастырады. Қазақстан биыл бірінші рет алғашқы отыздыққа кіріп, 28-ші орынға көтерілді. Өткен жылға қарағанда Қазақстан өз көрсеткішін 8 тармаққа жақсартты. Сарапшылар біздің мемлекет Испания, Франция, Польша, Португалия, Швейцария, Жапония, Түркия сияқты елдердің алдын орағанын атап көрсетті.
Дүниежүзілік даму банкінің “Doing Business” халықаралық рейтингі есебінің “Электрмен жабдықтау желілеріне қосылу” индикаторы бойынша Қазақстан 190 елдің ішінен 76-шы орын алды. Мұндай нәтижеге қазақстандық бизнесті электрмен жабдықтау желілеріне қосылуды жақсарту арқылы қол жеткізілді.
Қазақстанда бизнес нысандарын электр желілеріне қосу шарттарын жақсартуға бағытталған реформалар жүргізілді. Қолданыстағы заңнамаға электрмен жабдықтау желілеріне қосылу рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған өзгертулер енгізілді. Мысалы, электрмен жабдықтау желілеріне қосылу кезінде екі рұқсаттамалық рәсім алынып тасталды және оған қосылуға арналған техникалық шарт беру, энергия ұсынушы ұйыммен тұтынушының жобалық шешімдерін келістіру, сондай-ақ, электрмен жабдықтауға арналған келісімшарт жасау мерзімдері айтарлықтай қысқартылды.
Кәсіпкерлерге, тұтынушыларға белгіленген қуаты 200 кВт-қа дейінгі электр құрылғыларын желіге қосуға арналған техникалық шарттар беру 14 күннен 5 күнге дейін қысқартылды. Сондай-ақ, енді үш күн ішінде энергия ұсынушы, жабдықтаушы ұйыммен жобалық шешімдерді келістіруге және электр энергиясын жеткізуге келісімшарт жасасуға болады. Бұрын бұл рәсімдер тиісінше 20 және 7 күн уақыт алатын.
Белгіленген қуаты 5 мВт-қа дейін электр құрылғылары бар тұтынушылар өтінімге сыртқы электрмен жабдықтау сызбасын қоса бермейді. Сонымен бірге электр жабдықтау жүйесінің сыртқы қосылуына тұтынушылардың сарапшы тұжырымын алу рәсімі жойылды.
Электр энергиясын пайдалану ережелеріне енгізілген өзгертулерге сәйкес энергия тасымалдаушы немесе энергия өндіруші ұйым тұтынушыдан өтінім алған соң жаңадан іске қосылатын немесе қайта қалпына келтірілетін электр құрылғыларын қосуға техникалық шартты мына мерзім ішінде береді (техникалық мүмкіндік бар болса): қуаты 200 кВт-қа дейінгі – 5 жұмыс күні ішінде; қуаты 200-ден 1000 кВт-қа дейінгі – 10 жұмыс күні ішінде; қуаты 1000 кВт-тан жоғары – 15 жұмыс күні ішінде. Техникалық шартты қайта ресімдегені үшін төлемақы алынбайды.
Құрылыс-монтаждау жұмыстарына рұқсаттама алу қажет емес. Жобалаушы жұмыстың басталғаны туралы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына электронды түрде хабарлама жіберсе жеткілікті. Сонымен қатар мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау жөніндегі органнан электр желісіне қосылу үшін рұқсаттама алу да қажет емес. Электрмен жабдықтауға келісімшарт жасаудың апталық мерзімі енді үш күнге дейін қысқартылды.
Ерікбай НАРМҰРАТОВ,
Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті Солтүстік Қазақстан облысы бойынша аумақтық департаментінің басшысы.