Елбасы “Ұлы даланың жеті қыры” мақаласы арқылы үшінші мыңжылдық табалдырығында әлемдік географиядағы “жаңа ел” – Қазақстан өзінің ежелгі шығу тегін, тамырын күллі әлемге паш етті. Тамыры сонау ежелгі замандардан бастау алатын еліміздің әр дәуірде де ұлы оқиғалар мен жаңалықтардың ортасында болып, әлем, адамзат тарихының даму кезеңдерін бастан өткергені шындық. Соның ішінде “тарих ақтаңдақтары” деп аталып кеткен ел басына күн туған сонау “Ақтабан шұбырындыдан” бастап, ХХ ғасырдағы отаршыл саясаттың салдары – ашаршылық пен қуғын-сүргін сияқты зұлматтардың тарихымызда өшпес із қалдырып, халқымыздың дамып, өркендеуіне едәуір тосқауыл болғаны анық.
Оның үстіне жетпіс жылдан астам санамызды улаған отаршыл саясат тамыры тым тереңде жатқан Қазақстанның тарихын басқа көзқараста оқытып, өз тарихымызды ұмыттыруға тырысты. Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміз өзінің тарихын жаңғыртып, тек Қазақстан халқына ғана емес, күллі әлемге бұлтартпас дәлелдер мен нақты оқиғаларға негізделген шынайы тарихын ұсынды.
Елбасы өзінің мақаласы арқылы алдағы уақытта Еуразия құрлығының кіндігінде орналасқан, “Ұлы жібек” жолының күретамыры, Түркі әлемінің орталығы болған Қазақ елін әлемдік сахнада жаңа деңгейде әр қырынан таныту үшін қаншама жұмыстар атқару қажеттігін атап өтіп, алдымызға жаңа міндеттер қойып отыр. Тарихқа сүйенсек, біздің еліміздің аумағында адамзаттың эволюциялық дамуына елеулі үлесін қосарлық жаңалықтар – жылқыны қолға үйретуден бастап, тас және металдан қажетті бұйымдар, қару-жарақ пен әшекей заттар жасау қолға алынып, көршілес елдерге тарала бастаған екен.
Бүгінгі әлемге таныған жаңа Қазақстан мемлекетінің арғы негізі – ғұндар, сақтар мен үйсіндер мемлекеті, беріде құрылған Қазақ хандығы болса, әлемдік білім мен мәдениеттің ошағына айналған Отырар, Сығанақ, Сауран, Жанкент, Тараз, Түркістан сияқты қалаларымыз біздің тек қана көшпелі мәдениетті ғана емес, отырықшы мәдениетті де дамытқандығын дәлелдейді.
Жаңа әлемдегі жаңарған Қазақстан халқының алдында ата-бабаларымыз мұра етіп қалдырған ұлан-байтақ жерімізде дамыған, өркениетті елдердің алдыңғы легіндегі мемлекетті қалыптастыру мақсаты тұр. Ол үшін осы кезге дейін елімізде қабылданған мемлекеттік бағдарламалар өз деңгейінде жүзеге асырылуы тиіс. Соның ішінде өз тарихымызды жаңғырту осыған дейін-ақ “Мәдени мұра” бағдарламасы негізінде қолға алынған болса, енді бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта Елбасының мақаласында көрсетілген бағыттарда жаңа серпінмен жүргізуіміз қажет.
Біздің ауданымызда Сәкен Жүнісов, Ермек Серкебаев, басқа да Алаштың даңқты азаматтарының кіндік қаны тамған. Келесі жылы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ғалымдары Уәлиханов ауданындағы тарихи ескерткіштерге ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізбек. Жарты ғасырдан астам оқушыларына терең білім, тәлімді тәрбие беріп келе жатқан Кішкенекөл мектеп-гимназиясының ұжымы халқымыздың тарихын жаңа тұрғыда зерделеуден тыс қалмайтын болады.
Әмір МӘЖИТОВ, Кішкенекөл мектеп-гимназиясының мұғалімі. Уәлиханов ауданы.