Облысымызда қылқанжапырақты ағаштарды сақтау бойынша жұмыстар жандандырылды. Полицейлер орман және аңшылық шаруашылығы облыстық аумақтық инcпекциясының қызметкерлерімен бірлескен рейдке шықты. Басты міндет – ағаш кесудің заңсыз фактілерін анықтап, жолын кесу.
– Рейд барысында шыршалардың қайдан әкелінгенін тексеру мақсатында жүк құжаты, фитосанитарлық паспорты мен сауда жүргізуге орын ұсынған азаматтармен келісімшарттың бар-жоғы тексерілуде. Қылқанжапырақты бір ағашты кескені үшін 15 айлық есептік көрсеткіш, яғни 36 075 теңге айыппұл салынады, – дейді облыстық полиция департаментінің табиғатты қорғау полициясы бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Сергей Липко.
Әзірге ағашты заңсыз кесу фактілері тіркелген жоқ. Десе де, мобильді топтар шыршаларды сату орындарын ғана емес, қала сыртындағы ормандарды да тексеруде.
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында облыс бойынша орман күзеті қызметкерлерінен құралған 118 мобильдік топ және шыршаларды қорғау бойынша табиғатты қорғау полициясымен бірлескен 7 топ құрылды. Қылқанжапырақты ағаштар өсетін елді мекендердің жанында 21 бекет қойылды.
Нұрбек БАЕКИН, облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің бас маманы.