«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАСТАУЫШ ЖАБЫЛСА, БАЛҒЫНДАР ҚАЙТПЕК?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавл қаласының шеткері аудандарында мемлекеттік тілде оқытатын мектептерге зәрулік бары жасырын емес. Мәселен, соңғы жылда облыс орталығының солтүстік-шығысында орналасқан “Солнечный” кентіне қоныс тепкен қазақ отбасыларының саны әжептәуір өскен. Олар балаларын негізінен өздеріне жақынырақ орналасқан білім ордасы – облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатқа әкеліп оқытады.

Бұл мектептің бастауыш сыныптары Юбилейный, 20-шы шағынаудандар тұрғындары үшін де ыңғайлы болып отыр. Алайда, бүгіндері осы жақта тұратын мектеп жасына дейінгі балалары бар ата-аналар алаңдаулы. Өйткені, білім шаңырағының директоры Ержанат Бакиров келер жылдан бастап бастауыш сыныпқа оқушы қабылданбайтыны, сөйтіп, біртіндеп бұл буынның жабылатыны туралы хабарлады. Ол дарынды балаларға мамандандырылған білім мекемесінде өз мәртебесіне сай заң жүзінде жұмыс істеуі тиіс екендігін, яғни мұндай орында бастауыш сыныптарды оқыту қарастырылмағанын алға тартқан. Бұл үшін мектеп директорына өкпе айтуға болмайтын сияқты. Алайда, ата-аналар ұл-қыздарын өздері қалаған әрі үйлеріне жақынырақ жердегі мектепте оқыта алмасақ, қайда барамыз деп сары уайымға салынып отыр.

“Солнечный” кентінде тұратын Дина Сағындықова ұлын қазақ тілінде оқыту үшін 20-шы шағынаудандағы №9 орта мектептің мектепалды даярлық тобына апарып жүр. Күніне он шақырымдай жерді әрі-бері жүріп отыру өздерін де, баланы да шаршата бастаған.

– Басында ұлымды бірінші сыныпқа өзім тамамдаған гимназия-интернатқа беруді жоспарлағанмын. Бізге ең жақын қазақ мектебі де осы. Бастауыш сыныпқа қабылдамағаны қиынға соқты. Өйткені, біз сияқты балаларын алысқа апарып оқыта алмайтын отбасылар қаншама? – дейді ол.

Бүгінде гимназия-интернаттың бастауыш сыныптарында жүз шақты балаға білім беріледі. Жақын жердегі мектептердің шамамен осынша оқушыны қабылдауға мүмкіндігі жете ме? Осы сұрақты алдымен 19-шы шағынаудандағы қазақ мектеп-гимназиясының директоры Бұлбұл Ахмадиқызына қойған едік. Бұл мектепке 19-шы және 20-шы шағынаудандардан ғана емес, қаланың өзге жерлерінен де келіп оқитындар жеткілікті. 1100 оқушыға арналған мектепте 1106 бала оқып жүр екен. Бірақ бұл мектеп оқушыларының саны бастауыш сыныптардың есебімен толып отырғанын айта кеткен жөн. Тек даярлық топтарына мектеп маңында тұратын 120 бала қабылданған. “Осы балалар келесі жылы бастауыш сыныпқа өтеді. Яғни, біздің бірінші сыныптарымыз қазірден-ақ жасақтаулы”, – дейді мектеп директоры.

Мектеп-гимназия директорының сөзінен олар тек жоғары сынып оқушыларын қуана қабылдайтынын түсіндік. Айтпақшы, күз айында 20-шы шағынаудандағы №9 орта мектеп таратып жіберген қазақ сыныптарының кей оқушылары өз білімдерін осында жалғастырып жүр. №9 мектеппен салыстырғанда, осы аудандағы №23 орта білім беру мекемесі өзінің аралас мектеп атына сай жұмыс істеп келеді. Қазақ сыныптарының түрлі себептермен жабылып қалмай, жоғары буынға дейін жетуі қуанарлық жағдай. Дегенмен, бұл мектеп те алыс.

– Келер жылы кейбір ата-аналар балаларын үйренген ортасынан алып кетуге мәжбүр болады. Балаға оңай тимес, жақын жерде балаларды орналастыра қоятындай білім ошағының жоқтығы қинайды”, – дейді Нәзира Сейітзадина есімді дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернат оқушысының анасы.

Шынында да, ойланатын жай.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА, “Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp