Баланың түйсігін оятып, әлемді танытып, бойына білім дарытатын жандар әрқашан да үлкен құрметке лайық. Ең алғаш қолға әліппені ұстататын да, талабыңды шыңдап, талай білім тартысына баптап қосатын да ұстаз емес пе?! Ақын да, ғалым да мұғалім тәрбиесін көрмесе, өмір сыбағасынан құр қалатыны анық. Сондықтан мектептегі білім өміріңнің жолына нұр шашатын жарық сәуле десек қателеспейміз. Сол сәулені шәкірт санасына таратып жүрген ұстаздың бірі – Жанар Қалиева.
Алматының Абай атындағы педагогика институтын тамамдаған ол Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Новоишимка ауылында 28 жылдан астам уақыт ұстаздық етіп келеді. Осынау ұстаздық жолда ол оқушыларына ана тілінің құдіретін ұғындырып, қырсырын бойларына сіңдіруде. Білім ошағында қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ беретін ұстаздардың жан-жақты әрі білікті болуы ел ертеңдерін тәрбиелеуде маңызы зор. Бағбан ағаштары бұтағын кеңге жайып, тамыры мығым болып қалыптасуы үшін маңдай терін сарп еткені секілді әрбір ұстаз оқушы бойындағы жағымсыз қасиетті жойып, ақылының мол болуы үшін адал еңбек ететіні сөзсіз.
Жанар Кенжебайқызы шәкірттерінің білімін жетілдіріп қоймай, бойларына өнер дарытып, талай сайыстарға жол ашқан. Оқушыларының арасында қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша олимпиадалардың облыстық, республикалық кезеңдерінде жүлделі орындарды иеленіп, ақындық өнерімен танылып жүргендері аз емес. Өлеңге құмар Мейрамбек Түленовтің бірнеше шығармасы “Айгөлек” журналында жарық көрді. Әділет Тұрсынов, Арайлым Бүркітбаева сынды оқушыларының еңбектері де республикалық сайыстарда үздік атанып, ұстазының мерейін үстем еткен. Зарина Ахметжанова – көркемсөз оқудан облыстық байқаулардың жүлдегері.
Үнемі ізденіс үстінде жүретін ұстаз білім, біліктілігін шыңдаудан жалыққан емес. Ол бағындырған белестер де аз емес. Талай мәрте жоғары марапаттарға қол жеткізді. Өткен жылы қазақ тілінен өткен республикалық ұлттық интернет олимпиадасында еліміздің түкпір-түкпірінен қатысқан үздік мұғалімдермен білім жарыстырып, жүлделі бірінші орын иегері атанған.
Оның соңынан ерген Гүлнұр Құнқашева, Әсем Байболова, Назар Қасымов сынды оқушылары да ұстаздық жолды таңдап, тәлімгерінің сенімін ақтауда.
Халық арасында “Ұстазыңды атаңнан да әзіз тұт” деген мағынасы терең сөз бар. Өйткені, бұдан елдің осы ауыр да аса жауапты мамандыққа деген құрметін, сыйластығын байқауға болады. Жанар Кенжебайқызын оқушыларының ата-аналары да білікті маман, жауапкершілігі жоғары қызметкер, ең бастысы, адамгершілігі жоғары жан ретінде таниды. Заманның даму ағысынан қалыс қалмай, ұстаздық жолдың қиындығына мойынсынбай қазақ елінің жеткіншектерін біліммен сусындатар жандардың болғанына не жетсін?!
Алина НҰРТАЗИНА, “Soltústіk Qazaqstan”.