Биыл облыс орталығындағы 20-шы шағынауданда көптен күткен жаңа мешіт ашылып, жергілікті мұсылман қауымы үлкен қуанышқа бөленді. Содан бері имандылық ордасына баратындардың қатары қалыңдағанын көріп жүрміз.
Мешітке адамдардың намаз оқып, аруақтарға Құран бағыштау және садақа беру үшін бас сұғатыны анық. Бірақ кейде “әттеген-ай” дегізетін жағдайлар орын алып жататынын көзіміз шалып жүр. Менің айтайын дегенім, кейбір адамдардың дұғаға кешігіп келуі. Жуырда жаңа мешіттің асханасында бір дұғада болдық. Сағат 14.00-ге шақырылған адамдардың дені уақтылы келіп, орындарына жайғасты. Бас имам Қасымхан Абдоллаұлы көп күттірмей, Құран оқи бастады. Алайда, дұғаға емес, тойға шақырылғандай кешігіп келген адамдар бірінен соң бірі кіріп, азан-қазан болып кетті. Ерте келіп отырғандардың өзі бас имам Құран оқып жатыр-ау деп ойламай, өзара шүйіркелесіп, уылдап-шуылдайтындарын қалай түсінуге болады?
Имамнан кейін ауылдан келген үш молда тағы да Құран оқыды. Қарап отырып: “Осы дұрыс па?” деген ой туындады. Әрине, аруақтар разылығы үшін бағышталған Құран көптік етпейді. Алайда, ауылдық жерден, шеткері аудандардан келген адамдар ертерек кетуге асығады емес пе? Ниеті бір адамдар осы жағын да ескерсе деген тілек бар.
Осы күнге дейін мешіттегі ысырапшылдық жайы көп қозғалған болатын. Бүгінде осы мәселенің оң шешілгені қуантады. Алдағы уақытта осындай кемшін тұстар ескеріледі деген сенімдеміз.
Тағы бірде аруақтарға Құран оқытайын деп мешітке барған едім. Құран оқылатын бөлмеге кіруге кезек күтіп отырғанымда, қасыма бір ақсақал зайыбымен, баласымен жайғасты. Танысып-білісе келе Ресейдің Омбы қаласынан келе жатқандарын айтты. “Қалаға кіре бергенде, жаңа салынған мешіт көзімізге түсті. Содан балама мешіт жаққа бұрыл, аруақтарға Құран оқытайық, садақа берейік, жолымыз болар дедім”, – деді ақсақал. Осы сөздерді естіп, риза болдым. Алланың жердегі үйіне оның тұрғындары ғана емес, алыс жолға шыққан жолаушылардың келіп жатқаны көңілге қуаныш ұялатады емес пе?!
Жамбыл НҰРЛАНҰЛЫ, еңбек ардагері.