Осыдан 13 жыл бұрын «Егемен Қазақстан» газетінде «Бір отбасынан шыққан бес директор» атты мақалам жарық көрген болатын. Онда Кеңес одағының күші тасып, кемеліне келіп тұрған тұсында терістіктегі қазақтар арасындағы бір отбасынан бір уақыт кезеңінде осынша кеңшар директорлары шыққанын республика тұрғындарына жеткізген едік. Соның ішінде олардың қазақтың үлесі тым аз, биліктің бәрін басқалар меншіктеп тұрған Солтүстік Қазақстан өңірінен шыққанына да баса назар аударғанбыз. Осы оқиғаға еліміздің түкпір-түкпірінен талай адам таңғалып, «шын ба», «ерекше оқиға екен», «бәрі бірдей қалай қол жеткізген» деп хабарласқан болатын. Бүгін біз сол, Барлыбаевтар отбасының арғы тегіне бойлап, олардың бағы мен тегінің қайда екеніне үңіліп көрмекпіз.
Бұрын, жалпы халықтың тарихына қатысты дүниелер болмаса жеке отбасылардың негізгі өзегі, тегі мен тірек қазығына бойлау салты бізде бола қоймайтын, өйткені, «тарихты жасайтын жеке адам емес, халық» делінетін маркстік идеологияның шеңберінен шыға алмайтынбыз. Кейін тарихты да, ұлы өзгерістерді де жеке адамдар жасайтынын мойындадық.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бастамасы мен соңғы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы да осындай істерге ұйытқы болуда. Президент өзінің соңғы мақаласының «Ұлы Даланың ұлы есімдері» атты тарауында «елінің ерекше елшісі» болған тұлғаларды басқа халықтардың бәрі мақтан тұтатынын айтып, осы үрдістен қалмай, ұлы ойшылдар, ақындар және ел билеген тұлғалар бейнесінің маңызды галереясын жасауды ұсынды. Бұл өте орынды ұсыныс екенін айтуға тиіспіз. Әсіресе, осыған дейін бізде «ел билеген тұлғалар» біршама шетқақпай болып келген, енді солардың да есімін жаңғыртып, қазіргі және кейінгі ұрпаққа танытатын кез келді. Сондай тұлғаның бірі, жоғарыда біз айтқан бір шаңырақтан бес директор шыққан Барлыбаевтар отбасындағы Тәбей еді.
* * *
ХVІІІ ғасырдың аяғына дейін Абылай хан заманында Ресей империясының билігі қазақ даласына ықпалды болған жоқ. Бірақ Абылай өлген 1781 жылдан кейін ондай тұлға болмай, қазақ хандығы бытыраңқылыққа ұшырап, ал орыс патшалығының ықпалы арта түсті. Орта жүзге оның ұлы Уәли хан сайланғанымен, (1781-1821 ж.ж.) ол Абылайдай шебер дипломат бола алмады. Әкесінің бағытын жалғастырып, Ресей мен Қытай арасына елшіліктер жүргізу арқылы дербес саясат ұстанбақ болған оның талабын орыс патшалығы қысым жасау арқылы болдырмауға тырысты, қамалдар мен бекіністер санын көбейтіп, Ұлы даладағы ықпалын арттыра түсті.
Бұл қазақ рухының басылып, қорғасынмен атылатын отты қарудың және саны көп, қалың әскердің алдында жуаси түсуге бет бұрудың басталған кезеңдері болды. 1837-1847 жылға дейін болған Кенесары күресі соңғы бас көтеру болған еді. Онда қазақтың ерлігі мен қаһармандығы керемет көрініс тапса да, озық технологияға қарсы шығу, сол кездің отты қаруларымен қылыш, найза алып айқасу ендігі жерде қол болмайтындығы айқын көрінді. Оның үстіне бұл шақта орыс империясы да әбден күшейіп, халқының саны мен жері де ұлғайып, Азияға ғана емес Еуропаға да ықпалды державаға айналған. Түркия мен көпжылдық соғысты да табысты аяқтап, Қара теңізге шығу құқына ие болды, Қырымды өзіне қаратты, Пруссия мен Австрия үшеуі бірігіп, бес жүз жылдық тарихы бар Речь Посполита талқандап, қазіргі Беларусияны тұтастай және Украинаның батысын, Солтүстік Кавказды өзіне қосып алды.
Қазақ арасынан шыққан ақылды адамдар орыс патшалығының осы табыстарын біліп отырды, өйткені, Меккеге барған адамдар, жалпы ұзақ саяхатқа шыққандар ол кезде жиі кездескен. Сондықтан зеңбірегі гүрсілдеп, қылышы жарқылдап тұрған Ресей империясына қарсы тұрудың мүмкін еместігін түсініп, орыс патшасы әкімшілігінің тәртібі мен мизамын тиімді пайдаланып, халықты сақтауға болатынын ұқты.
1822 жылы Уәли хан өлгеннен кейін Сібірдің генерал-губернаторы М.Сперанскийдің ұсынысымен «Сібір қазақтары жөніндегі жарғы» қабылданды. Осы жарғыға сәйкес 1824 жылдан Орта жүзде хан билігі жойылып, әкімшілік округтерге бөлініп жүргізілетін болды. Бұл бөліністер мынадай болған: 50-70 үй – бір әкімшілік ауыл, 10-12 ауыл – бір болыс, 15-20 болыс – бір округ.
Жалпы Орта жүзде Көкшетау, Қарқаралы, Аманқарағай (кейін Құсмұрын), Ақмола, Аягөз, Үшбұлақ, Баянауыл, Көкпекті сияқты сегіз округ болған. Округті қазақ дуан деп атайды, оны сайланған аға сұлтандар басқарады және оның екі орыс және екі қазақ заседательдері болған. Сонымен бірге аға сұлтандыққа бұрынғы «ақсүйек» хан тұқымдары ғана емес, қарадан шыққан атақты адамдар, билер мен рубасылары да сайланатын болды. Дуан басшылары патшаның жергілікті әкімшілігімен тығыз байланыста болып, қазақ жерінде орыстың сауда керуендерімен экспедицияларына шабуыл жасалмауын, қоныстанушы казактар станицаларына және көшіп келуші мұжықтарына жер бөліп беру, жасақ салығын жинау және т.б. міндеттерді орындады. Бірақ сот істерін жүргізу билердің құқында болды. Олар қазақтың ескі әдет-ғұрыптарына, бұрын қабылданған заң-жарғыларға сәйкес биліктерін айтатын.
Міне, Тәбей Барлыбайұлы осы кезеңде қоғамдық өмірдің белсенді аренасына шықты. Оның атақонысы негізінен қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында. Өзі 1783 жылы туып, 1863 жылы дүниеден өткен.
Қызылжар қаласындағы «Асыл мұра» орталығының қызметкерлері көп жылдардан бері өлкенің тарихын, атақты адамдарының өмірін зерттеумен айналысып келеді. Осы орталықтың негізін қалаушы Қайролла Мұқанов пен Социал Жұмабаев ағаларымыз Тәбейдің де тарихын зерттеп, біршама деректер мен ел аузындағы әңгімелерді жинаған. Осы деректер Тәбейдің аса шебер дипломат, ел билігін жүргізуде шебер саясаткер болғанын айтады. («Бір әулеттің тарихы» Петропавл, 2003 жыл).
Тәбейдің туған жері қарайтын Құсмұрын дуаны 1824 жылы ашылып, оның алғашқы аға сұлтаны атақты Шоқанның әкесі Шыңғыс Уәлиханов болады. Оның өз заманында еуропаша білім алғанын жақсы білеміз, 1834 жылы Омбыдағы әскери училищені бітірген. Осы кісінің мысалына қарап, сол кездегі қазақ арасында қолы жеткендер орысша оқуды салт қылғанын көруге болады. Тәбей Барлыбаев та орысша оқыған, тілді жақсы білген.
Шыңғыстан кейін Құсмұрын дуанына Жалбыр Абдуллин есімді адам аға сұлтан болды. Ол да төре тұқымынан. Ал оның қарамағындағы болыстардың (негізінен бір немесе бірнеше рудың біріктірілуінен ұйымдастырылған әкімшілік) басшыларының бірі Тәбей Барлыбаев болған. Ол Көшебе руының аумағынан ұйымдастырылған екі болыстың бірін басқарады. Тәбей өзінің алғырлығымен, сөзге шешендігімен, іске алымдылығымен ерте танылады. Оның үстіне қолы ашық, жомарттық қасиеттері де елге аңыз болған. Ұрпақтан-ұрпаққа жеткен әңгімелердің бірінде оның ел жігіттеріне бір түнде сірнеге союға 20 қой бергені туралы сөз қалған. Оның қолының ашықтығын дәлелдейтін басқа да мысалдар көп. Мәселен, малы жұтқа ұшыраған ағайынға ол ат майын, мал сауырын жиі беріп, көп қарасқан. Берген малын сұрамайды да екен, соның есесін Алла беріп, мал мен басы барынша мол, сол өңірдегі аса бай адамдардың біріне айналады. Бірақ малға ғана байланып қалған қарау бай болмай, молда ұстап, бала оқытады. Тіпті, қыстауына мешіт салғызған деген әңгімелер бар. Орыстан мұғалім жалдап, ауыл балаларын тілін сындырып, тіл білуге де үйреткен. Сібірдегі каторгадан қашқан тұтқындар, түрлі қиыншылыққа ұшырап, орыс арасында қуғынға ұшыраған ноғайлар, тау халықтарының өкілдері де Тәбейді паналайды. Жомарт жүректі жан жапа шеккен адамдардың бәріне қамқор бола білген. Сегіз серіден: «жайлылығы Тәбейдей болсын» деген сөз қалған.
Тәбей орысша білетіндігінің арқасында патшаның жергілікті әкімшілігіне де жақын болып, олардың арасында да үлкен беделге ие болады. Сол маңдағы ең жақын жер – Пресногорьковтағы орыс әкімшілігінің басшысы подполковник Набоковтың ұсынысымен басқа да бірнеше адамдармен қатар оған да старшина атағы беріледі. Осы ұсыныстан үзінді келтірер болсақ, онда: «…по доброму их поведению и значительности в орде прошу Ваше высокое превосходительство выдать им старшинские листы и печати» делінген.
Әрине, Кеңес идеологиясы мұндай адамдардың бәрін патшаға қызмет еткендер деп қаралап бақты. Сол кездегі ғалымдарымыз бен идеологтарымыз оларды патшаның итаршылары, өз халқын сатып, оған қарсы қызмет қылғандар, халықты патшалық езгіге салғандар деп қаралады.
Шын мәнінде, солай ма еді? Егер осындай адамдар елді басқарып, тәртіпке, мизамға шақырып, иманға ұйытпаса халық мәдениетке үйренер ме еді? Отаршылардың озбыр әрекеттерінен елді қарулы қарсылықпен емес, заңмен қорғап, іргесін бүтіндеп отырғандар осындай елге тұтқа болған адамдар емес пе? Бұлар болмаса патша өздері тағайындаған адамдарды қойып, олар елдің салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен санаспай қара күшке салып басқарса не болар едік? Ондай заман болды да ғой. Қызылдар келіп, елдің есті-басты адамдарын, қормалы қорғандарын құртып, жыртық тымақ, жарым ақыл «шолақ белсенділер» басқарғанда не болдық? Малдан түгел айырылып, аштық болып, жартымыз қырылып та қалдық емес пе? Егер елді осы Тәбей заманындағыдай білікті, тегі мықты, кемел адамдар басқарған болса, қызылдардың комиссарларына қазақтың малын тегіс жоюға болмайтынын, бар күнкөрісі сол екенін бәлки түсіндірген болар еді. Ал «шаш ал десе бас алған» шала естердің ондайды дәлелдеуге ой-өрістері жеткен жоқ…
Әрине, қазақ даласына патшалықтың қарулы жасақтары озбырлық көрсетіп тұрған. Соның ішінде, әсіресе, қылыштарын жалаңдатқан казактар шөбі шүйгін жайылымдарды, топырағы құнарлы алқаптарды тартып алуға, малдарын барымталап, қуып кетуге құштар болған. Ондайға жергілікті қазақ әкімшілігі қарсы шығып, патшалықтың жоғары билігіне арыз-шағым түсіріп, қайтарып алып отырған. Жоғарыда есімдері аталған ағаларымыз тапқан сондай шағымның бірін келтіре кетелік. Ол 1831 жылы Тәбейдің қолымен жазылып, дуанның аға сұлтаны Жалбыр Абдуллин, старшындар Есеней Естемісов, Тәбей Барлыбаев, Құндыбай Мамашев, Біркен Малқаров, Тоқсан Мәлгаждаров қолдарын қойып, мөрлерін басып, Тобыл губерниясының генерал-губернаторы И.Вельяминовтың кеңсесіне түсіреді. (Омбы архиві, 3 фонд, 12 опись, №18681 іс).
Осы шағымды тексеріп, оның растығына көз жеткізген губернатор бәрін айтып келіп: «…относительно же определения к вам казаков для сохранения от барымтачей, по сему предписано мною отрядному начальнику, сотнику Швабскому защищать вас, и воспретить линейным казакам выкашивать траву в местах, принадлежащих киргизцам Аманкарагайского округа, то осем дано распоряжение командиру Сибирского линейного казачьего войска» деп жауап берген.
Ел мен жерді қорғау бағытында Тәбей жазып, басқалар қол қойған осындай жүздеген арыз-шағымдар губернатордың кеңсесіне жетіп, ол бойынша тиісті шешімдер қабылданып отырған. Соның арқасында казактар мен басқа да орыстың қарулы отрядтары Қазақ даласына тізесін батыра алмаған.
Тәбей Барлыбаев патшалық әкімшілігіне қызмет істеп жүргенімен ең алдымен елдің, ағайын-туыстың қамын көбірек ойлайды. Өзінің ағайындарының арасында ағаштан үй салу, арба, шана, үй жиһаздарын жасату да осы Тәбей заманынан басталған. Монша салдырып, қазақ арасына санитарлық-тазалық үлгілерін де алғашқы таратушылардың бірі болған.
Бірде патшалық әкімшілігі Кіпитан (қазіргі Преснов) станицасына штаб үйлерін салу үшін ішкі жақтан жеті шебер мұжықты әкеледі. Бірақ олар бас көтермей істейтін ауыр жұмыстан қашып кетіп, қазақ арасын паналайды. Оларды жергілікті қазақтар ұстап алып, Тәбейге әкеледі. Сорлылар қашып кеткені үшін өздерін патша әкімдері қатты жазалайтынын, тіпті, өлімге де бұйыруы мүмкін екенін біліп, старшынға құтқара көр деп қатты жалынады. Патшаның қызметінде жүрсе де, Тәбей оларды ұстап бермей, қолдарындағы өнерлерін қазақтарға да үйретсін деген оймен оларды жасырып қалады. Міне, осы шебер орыстардың арқасында қазақтың ісмерлері жоғарыда айтқан заттарды жасауды үйренген екен. Тіпті, солардың үйретуімен егін де салып, астық өсіретін жатақтар да шығады. Халық арасында «аузымыз аққа Тәбейдің арқасында жетті» деген сөз қалған. Сөйтіп, Тәбей халық арасына жақсы үлгі таратады.
Тәбей Барлыбаев аға сұлтан болмаған, бірақ осы қызметті атқарған Шыңғыс Уәлиханов пен Есеней Естемісовтің заседателі болып, ақылшы ретінде ұзақ жылдар бойы көп жұмыстар атқарған. Құсмұрында Шыңғыс негізін қалап, кейін Шоқан Уәлиханов тұңғыш сауатын ашқан алғашқы мектепті салдыруға да Тәбейдің еңбегі сіңген. Атақты Біржан салдың:
Керейде советник Байдалы еді,
Қазаққа әрқашан да пайдалы еді.
Тәбей мен Есенейдің заманында
Сал Біржан сүт бетінде қаймағы еді», – деген өлеңі бар.
Біржан сал атасы Қожағұлдың «Бүркеуін» тартып алғанға өкпелеп, Көкшетау жеріне көшіп кетіп, артынан қартайған шағында еліне келгенде Есеней мен Тәбей бір үйір жылқы мінгізіпті деген сөз бар.
Тәбейдің Тәштит (Тәшмұхаммед) деген баласы да атақты адам болып, елдің жақсысы мен жайсаңына, өнер адамдарына көп көмек қылған, өзі аға сұлтанның кеңесшісі, кейін болыс болып бірнеше рет сайланған. Тәбей, Тәштит замандарында осы өңірдің орыс-казактары қазақшаны мақалдап, мәтелдеп сөйлеп, судай білген. Бұл туралы Сәбит Мұқановтың да жазғаны бар.
Тәбейдің інісі Көкеннің Әлти деген баласы шаруаға аса мығым болып, астық та егіп, мал да өсіріп, сауда да қылып, қазақтан шыққан алғашқы миллионер атанған адам. Ол туралы С.Мұқановтың «Өмір мектебі» кітабында «Миллионердің ауылында» деген тарау да бар. Ол, тіпті, Қорған қаласындағы банктің төрт акционерінің бірі болған екен. Жоғарыда аталған бір отбасынан шыққан бес директор осы кісінің ұрпағы.
Халқына қайыры тиген ел билеген адамдардың бірі Тәбейдің қысқаша өмір жолы осындай. Президентіміздің “Тарихи сананы жаңғырту” талабына сәйкес есімін елге танытатын жанның бірі осы.
Жақсыбай САМРАТ, журналист.