«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗАРЛЫ ЗАМАН ЗАРДАБЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің “Ұлы даланың жеті қыры” мақаласында “Бүгінде төл тарихымызға оң көзқарас керек… біздің тарихымызда қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл соғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндер аз болмады. Мұны ұмытуға хақымыз жоқ. Көп қырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз керек”, – деді. Ұлы даланың тарихы сөз болғанда айтпай қалмайтын келелі жайттың біріне зарлы заманның зардаптарын жатқызғанымыз жөн шығар. Өкінішке қарай, ұлт жылнамасындағы ақтаңдақтар әлі бүркеулі қалыпта, жұмбақ күйінде жатыр.

Ел ішін ойран-топыр еткен, қайғылы қасіретке батырған сталиндік тоталитарлық соқыр саясат “отыз жетінің” ызғары қандай суық еді. Өз елінен, өз халқының арасынан жау іздеген, миллиондаған адамды қан жылатқан зар заманды, әрине, ұмыта алмаймыз. Одақ құрамындағы Қазақстаннан 103 мың, біздің бір облыстан 8 мыңдай жазықсыз жан “халық жауы” атанды. Артында зар жылап қалған жетім-жесірлердің өмірде көрген зорлық-зомбылығы әлі есте.

Бүгінгі ұрпақ сол сорға толы қаралы кезеңнің нәубетін білуі, саналы түрде бағалауы, мәңгілікке ел есінде қалдыруы керек. Сол үшін үкіметіміздің, зерттеуші оқымыстыларымыздың, зиялы қауымның атқарар істері әлі алда. Жабулы қазан күйінде жатқан құпияларды ашып, көзімізді жеткізіп, тарихи шындық тұрғысынан зерттеу де өмір талабы. Бұны біз, зардап шеккендер, тағдырдың ащы дәмін татқандар, ана зарын тыңдап өскендер айтпасақ, кім айтады?

Қарапайым колхозшы әкемді абақтыға жауып, НКВД жендеттері “жапонның жансызы” деп аяусыз қинаған, ақыры молланың баласы болғаны үшін “үштік” ату жазасына бұйырған. Бірақ кейін үкімді өзгертіп, ақы-пұлсыз жұмысшылар қатарында “Карлагқа” жөнелткені, сонда 1943 жылы туберкулезден өлгені 1955 жылы менің сол кездегі кеңестер одағының Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы К.Е.Ворошиловке жазған сұрағыма жауапта хабарланған еді. Әкемнің қайда жерленгенін іздестіре бастадым. Өкінішке қарай, не Петропавлдағы, не Қарағандыдағы архивтерде есімі кездеспеді. Менімен тағдырлас зардап шеккендер де әкелерінің қай шұңқырда қалғанын білмей жүргені шындық.

Ақыры ұзақ іздеуден кейін Қарағанды облысы бойынша Қазақстан Республикасы бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінен бір жауап алғандай болдым. Қарағандының жанындағы атақты “Карлагтың” орталығы Долинка кентінің жанындағы зираттағы бір белгісіз төмпешікке, әкемнің көмілген жері-ау деп, ауылдан апарған топырақты шашып, дұға оқып, сол жерден бір уыс топырақты туған жеріне әкеліп, анамның, ағамның қабірлеріне септім. Айта кететін бір жайт, әкелеріміздің мәйіттері жатқан Долинка жанындағы қорымның күтімсіз жағдайы жанымызға батты. Жазықсыз жазаланған боздақтар жатқан сол жер абаттандырылса, еліміздің түкпір-түкпірінен, шет мемлекеттерден келетін азаттарының тағзым ететін орнына айналар еді.

Ақтаңдақтарды ашуда осыдан 15 жыл бұрын құрылып, игілікті істер тындырып келе жатқан, өзім жетекшілік ететін “Память” қоғамдық қорының қызметін атамай кетуге болмас. Қордың мақсаты – саяси қуғын-сүргін құрбандарының есімдерін есте қалдыруға бағытталған істер атқару.

Біз, ең алдымен, саяси қуғын-сүргін құрбандарының есімдерін архивтерден іздеп, тауып, жинап, екі томдық анықтама кітабын шығардық. Онда құрбандардың есімі аудан-ауданға, алфавит бойынша, қайда туып, қандай қызмет атқарғаны, заңның қандай бабымен, қай орган жазаға тартқаны, артында қалған әйел, балаларының есімдері, қашан қандай органның шешімімен ақталғаны тегіс берілген. Бұл анықтамалар аудандардың ішкі саясат бөлімдеріне тиісті жұмыстар атқару үшін таратылып берілді.

“Асыл мұра” орталығымен бірге “Ақталған есімдер” (“Возвращенные имена”) атты құрбандардың туған-туыстарының еске алулары, мұрағат мәліметтері кірген 1,5 мың данамен арнаулы кітап шығардық. Бүгінгі күні “Есімдері мәңгі есте” (“Увековеченные имена”) атты келесі жинақ баспадан шығуға дайын.

Қоғамдық қордың ұсынысымен, сол кездегі облыс әкімі Тайыр Мансұровтың тікелей қолдауымен 2006 жылы монумент бой көтерді. Ескерткіштің ашылуына арналған митингіге жиналған халықтың көптігі, аналардың жанарларындағы жас көкейдегі мұңды тарқатқандай әсер етті. Сол сәтте “шіркін-ай, құрбандардың есімдері жазылып тұрса ғой” деген ұсыныс-тілек те естілді. 2001 жылы Астана түбіндегі “АЛЖИР”-де болып, 7300 құрбанның есімі қашалған ескерткіш қабырғаны көріп, бізде де осындай ескерткіш орнатылса ғой деген ой мазалай бастады. Бір күні қала әкімінің шақыруымен архитектор София Зейнелғабиқызымен кездесіп, “АЛЖИР”-ден әкелген фотосуретімді көрсетіп, эскиз дайындап беруін өтіндім. Ақы-пұлсыз орындады. Жобалық-сметалық құжаттарды “Севгражданпроект” институтының басшысы Т.Колкова ханым тегін жасап берді. Оған да алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Осы құжаттарды алып, жаныма зейнеткер жолдастарды ертіп, “Нұр Отан” партиясында сол кездегі облыс әкімі Серік Біләловтің қабылдауында болып, қолдауын таптық.

Әрине, ескерткіш қабырғаны тұрғызу оңайға түскен жоқ. Салуға бюджеттен тыс қаражат табудың қиындығы айтпаса да белгілі. Қиыннан қиыстырып бұрынғы үш облыс әкімінің қолдауымен телемарафон өткізіп, аудан басшыларының, көптеген кәсіпкерлердің көмегімен құрылыс 2015 жылы аяқталды. Сол кездегі облыс әкімі Ерік Сұлтановтың басқаруымен ескерткіш қабырғаның ашылу рәсімі өтті. Қатысқан адамдардың қатары қалың. Бұл қабырға 7628 құрбанның есімі жазылған бауырластар зираты іспеттес ұрпақтарының келіп, тағзым етіп кететін қасиетті орнына айналды. Көршілес Омбы, Қорған, Түмен облыстарынан келіп, тағзым етіп, аталарымен қауышып, егіліп жылағандарын талай көрдік. Бізге рақметтерін жаудырып жатады.

Соңғы уақытта ойымызды мазалап жүрген бір іс бар, ол – осы мемориал құрамында музей ашу. Яғни, саяси қуғын-сүргіннің құрбаны, жерлесіміз, ұлы ақын Мағжан Жұмабаев, басқа да сталиндік тоталитарлық жүйенің құрбандарының есімдері де орын алса дейміз. Бұл мәселені облыс әкімдігі шешеді деген үміттеміз.

1993 жылы 14 сәуірде “Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы” Заң шықты. Әрине, бұл қуанышты халық көптен күткен еді. Сан мыңдаған адам өздеріне, ата-бабаларына зорлықпен жағылған қара күйеден арылып, адал есімдерінің оралғанына қуанды. Дегенмен бұл заңның көңілге қонбайтын бір жағы бар. Заңда қуғын-сүргін көргендерге екі мәртебе беріледі. Бірі – құрбандар. Екіншісі – зардап шеккендер. Ал әкесі қуғындалып, анасы аман қалған бала зардап шеккендер қатарына жатпаған. Сондықтан біз 12 жыл бойы осы кемшілікті түзету үшін Парламент депутаттарымен кездесіп, екі реттен Үкіметке, “Нұр Отан” партиясына заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енізу туралы өтініш жібердік. Ақыры облысымыздан сайланған Мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырманның табандылық танытуымен өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Сан мыңдаған құрбанның балалары “зардап шеккендер” қатарына жатқызылды. Мұның, әрине, моральдық және материалдық жеңілдіктері бар. Міне, біздің “Память” қоғамдық қорының атқарған ісінің бір парасы осы. Бағасын қоғам өзі берер. Көп қырлы тарихымыздың бір бөлігі ретінде саяси қуғын-сүргін құрбандарына лайықты көңіл бөлінгені жөн.

Болат САҒЫНДЫҚОВ, “Память” қоғамдық қорының төрағасы, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp