«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЫРЛЫ ШЕЖІРЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облысымыздың жас өлкетанушылары Петропавл қаласындағы қазақ мектеп-гимназиясында өткен “Ел тарихы сыр шертеді” форумында бас қосты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Рухани жаңғыру” бағдарламасының “Туған жер” жобасы мен “Ұлы даланың жеті қыры” мақаласындағы идеяларды жүзеге асыру шеңберінде жұртшылықты туған өлке сыры, ғажайып табиғаты, тарихи ескерткіштері туралы аңыз-әңгіме, деректерден құралған жобалармен таныстыруды мақсат еткен шараға өңіріміздің әр ауданы мен Қызылжар қаласынан жиырма шақты оқушы қатысты.

– Отанға деген сүйіспеншілік әркімнің өз кіндік қаны тамған жерден бастау алады. Туып-өскен ауылының тарихы мен тұлғаларын білмейінше, алып елді тану мүмкін емес. Сондықтан сіздердің зерттеу жұмыстарыңыздың көпшілікке тигізер пайдасы зор, – деген “Рухани жаңғыру” өңірлік жобалық кеңсесінің жетекшісі Жанар Таласпаева жастарға сәттілік тіледі.

Оқушылардың дені өз ауылдарының құрылу тарихы мен одан шыққан белгілі тұлғалар жайында баяндауды жөн көрген. Аққайың ауданындағы Аралағаш орта мектебінің оқушылары Аружан Тұрсынбаева мен Толқын Ахметбекова биыл ауыл маңында кесенесі бой көтерген Жансүгір батырдың ерлігін әңгімелерінің басты тақырыбы еткен. “Жансүгір Баубекұлы 18 жасынан-ақ қол басқарып, қазақтың тұтастығы мен бірлігі жолында кесімді пікір айтқан, жұрт арасындағы даудамайды әділ шешкен адам болған. Бүгінде батыр есімінің көпке танылуы, оның рухына әулет ұрпағы ғана емес, барша облыс жұртының тағзым етуі ауыл азаматтарының бойларына мақтаныш ұялатуда”, – дейді қыздар.

Шара барысында таныстырылған материалдар мектептердің өлкетану мұражайлары қорын толықтыру және сабақ бағдарламасында пайдалану үшін электронды баспа форматтарында жарық көретін болады.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА, “Soltústіk Qazaqstan”.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp