Мен сөз еткелі отырған ғашықтар – бүгінде арамызда жүрген жандар. Олардың қанша жыл өтсе де сөнбеген шынайы махаббаттары, жүріп өткен жолдары сайрап жатыр. Мақалада кейіпкерлердің есімдері өзгертіліп берілгенімен, айтайын деп отырған әңгімемнің ешқандай қоспасы жоқ, шындық.
Алланың тағдыр деген несібесінің кімге, қандай сый ұсынатынын ешкім болжап білмейді ғой. Бір-бірлеріне ессіз ғашық болған Ақерке мен Мерген де маңдайдағы жазудан алыс кете алмады. Қойы қоралас, өрісі аралас жатқан жақын ауылдарда өсіп, бір мектепте оқыған екеуінің жүректерінде іңкәрлік сезімі бүр жарып, дидарларын көрмесе тұра алмайтын жағдайға жеткесін оқуды бітіре салысымен-ақ ата-аналары баталарын беріп, үйлену тойын жасады. Екі ғашық некелері қиылған сәтте “бізді тек ажал ғана айырады” деп, өмірлерінің соңына дейін бірге болуға жан-жүректерімен сенген еді. Өкініштісі сол, бәрі олар ойлағандай болмады. Той үстінде киітке көңілі толмаған қыздың анасы жанжал шығарып, жаңа құдаларының намысына тиеді. Олар да “осал” болмаса керек, оңайлықпен көне қоймайды.
Арада көп уақыт өтпей Ақерке жүкті болып, өмірге атұстар әкелді. Сәби дүниеге шырылдап келген күні Мерген әскер қатарына алынып, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Ақерке болса түкпір ауылда бір-біріне ұқсас күндерді өткізіп, сезімін жарына деген сағынышының оты арқылы сөндірмей өмір кешеді. Күні бойы үлкен отбасының тамағын дайындаумен, ата-ененің қас-қабағына қарайлаумен, кешке қарай баласының киімін жуумен уақыт зымырап өтіп жатты. Оның күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған күндері жиілей берді.
Ақеркенің анасы адуынды кісі болса керек, қызының арып-ашып, шаршап-шалдығып жүргенін естіп, жағдайын білуге келгенде екі құдағи тағы да ұрсысып қалады. Қызына жаны ашып: “Мен сені бұларға күң қылып қоймаймын. Бұлай қиналып жүргеніңе шыдап отыратын мен емес”, – деп әй-шайға қарамастан төркініне алып кетеді. Әрине, анасының бұл қылығы жас келіншекке ауыр тигенімен, үлкеннің сөзіне қарсы тұруға шарасы жоқ еді. Оның үстіне сол кездегі тәрбие бөлек-тін, жастар жағы үлкенді ерекше сыйлайтын.
Мерген сағынышпен елге оралғанда әйелі мен баласының үйінен жырақта жүргеніне қынжылыс білдіргені рас. Оны қайын жұртына бірнеше мәрте апарып, бала-шағасымен табыстырған да осы сезім болатын. Содан кейін отбасы алдындағы жауапкершілікке селкеу түсірмеу үшін мамандық алуды ойлап, техникумға оқуға түсті. Қуаныштың үстіне қуаныш қосылып, Ақеркенің екінші баласына аяғы ауырлады. Қыз босанды. Есімін Тиыштық қояды. Кестетігерінің атын бұлай атауының өзінде үлкен мән жатқан шығар. Бәлкім, отбасымдағы берекем мығым, өмірім тыныш болсын деді ме екен, кім білсін?! Бұл кезде Мерген отбасын асырау мақсатымен туған үйден жырақта жүр еді.
Шаңыраққа нұрын сыйлаған шаттық ұзаққа созылмады. Ақеркенің басына баяғы күн орнап, ол тағы да анасының ырқынан шыға алмай, төркінге қарай бет түзеді. Есепші болып қызмет істеп жүрген Мергеннің қалайда сүйген жарыммен, екі перзентіммен бірге боламын деген ойы бұл жолы, тіпті, түгесілгендей.
Үйіне бірнеше мәрте барған оны қайын енесі әбден балағаттап, намысына тиетін сөздер айтып, маңына жолатпайды. Бір жақсылық болар деп, үлкен басымен жіберген әкесінің де салы суға кетіп оралады. Ат құйрығын кесіспеске амал жоқ. Жан ауырып, жүрек жылағанымен, бәрі бекер. Сондағы Мергеннің әкесінің айтқаны мынадай: “Екі бала сіздерге аманат. Ана дүниеде сіздерден сұрайтын боламын”.
Уақыт бір орнында тұра ма? Көп ұзамай Ақеркенің анасы бақилық болады. Жалғыздыққа шыдамаған әкесі екінші рет үйленіп, бөлек кетеді. Бұл Кеңес одағының әбден әлсіреп, құлаған уақыты еді. Қазақстан өз алдына жеке отау болып, өтпелі қиындықтарды бастан өткеріп жатқан кез. Әйелдер Қытайдың ала қапшығын арқалап, отбасын асыраудың, шиеттей баланы жетілдірудің қамына кіріскен уақыт. Ақерке отбасының баскөтерері: төрт сіңлісі, кенже інісі, өзінің екі баласы – бәрі оның қолына қарап қалды. Күнкөріс қиындады, мекемелер жабылды. Олар ұсақ саудамен айналысып, қоңырқай ғана күнелтті.
Нағашылары еркелетіп өсірген Сейітжан мектепті тамамдай алған жоқ. Жарытып орта білім, мамандық та алмады. Ата-әжесі дүниеден өткеннен кейін жұртта қалғандай әбден жетімсіреді. Ал Тиыштық қайсарлық мінез көрсетіп, мектепті де, жоғары оқу орнын да жақсы бағамен аяқтады. Мамандығы бойынша қызметке орналасты. Тағдырдың кереметін қарасаңшы! Ол жұмыс істеп жүрген мекемеге менің үлкен балам Сарбаз да қызметке келеді. Екеуі көңіл жарастырып, үйленбекші болды.
Алғашында Тиыштықтың анасы қарсы болған екен. “Өзіңнен жасы біраз үлкен жігіт. Оның саған қамқор болатынына сенімдісің бе?” – деп ақыл айтса керек. Бірақ қыз алған бетінен қайтпады. Ақыры шешесі келісімін беріп: “Танысайық, ақылдасайық, құдалық рәсімін жасайық”, – депті. Біз бір мәшине болып бардық. Ақерке құдағи шама-шарқынша қарсы алды. Кейін біз де дүркіретіп екі жастың үйлену тойын өткіздік. Құдайға шүкір, бүгінде екі перзенті бар, тату-тәтті отбасылардың бірі.
Бұрнағы жылы Астанада тұратын үлкен немерем үй саламын дегесін құрылыс жұмыстарына бас-көз болуға елордаға келіп, жаз бойы баламның үйінде болдым. “Тиыштықтың әкесі жайында сұрасам ба?” деген ой көптен бері көкейімде жүретін. Күні бойы құрылыс басында боламын. Кешке таман немерелерімнің қылықтарын тамашалап, ұйқыға кетемін. Бірде үлкені мені таңырқатты.
– Менің екі атам бар, – деді.
– Екінші атаң кім? – деймін.
– Анамның папасы – Мерген, – деді.
– Оны саған кім айтты?
– Ақерке әжем айтты.
“Баяғы ғашығын әлі ұмытпаған екен ғой”, – деген ой сап ете түсті. Ыңғайлы сәт екен. Екеуін қосу керек.
Көңілімде қылаң берген ойымды зерделеп, оңаша сәт туғанда келініме былай дедім:
– Тиыштық, әке-шешеңе баяғыда үлкендер қиянат жасаған екен. Жастардың бар кінәсі – үлкендердің айтқандарынан шыға алмағандығында. Кейде олардың кесірінен жастар жапа шегеді, махаббат арманынан айырылады. Қазіргі сәт өте қолайлы сияқты. Сен әкеңді, туыстарыңды тауып ал. Сәті түссе әке-шешеңді қосуға тырыс, маған құда тауып бер.
Менің әңгімемді естіген Тиыштық үнсіз қалды. Бұл үнсіздіктің астарында “келісемін” деген сөздің қылаң беретінін байқау қиын емес еді. Енді құдағидың тамырын басайын деп ойладым. Ақерке құдағи Астанаға көшіп келген болатын, кездескенде әңгімені бұрынғы өміріне бұрып, мән-жайды ретімен екшелеп сұрап жатырмын. Ол менің: “Құдағи, анаңыздың айтқанына көніп, неге барған жеріңізден кетіп қалдыңыз?” – деген сауалыма жүзін сәл төмен ұстап:
– Отымен кіріп, күлімен шығып әбден шаршап жүргенде анамның “үйге жүр” деген сөзіне қуандым. Бірақ анам мені Мерген әскерден келгенше жібермеді. Анама қарсы тұра алмадым. Жылдар өтті. Қателігімді кейін білдім. Үлкендер емес, өзімнің жүрегімді тыңдауым керек еді. Жүрек Мергенді аңсады, – деді.
Келер жылы Тиыштық туысын іздеуге бет алды. Әкесінің қайтыс болған екінші әйелінен төрт қыз, бір ұл бар екен. Олар бәрі мұны құшақ жая қарсы алыпты. Кенже сіңлісі Сарбаздікіне келіп тұратын, енді тіпті, жиі төбе көрсететін болды.
Ақерке құдағи үлкендер дүние салғасын кейінгілерге бас-көз болып жүріп, тұрмыс құрмапты. Тиыштық екеуіміздің әрекетімізге қарсы болмады. Өзінің Пайғамбар жасқа келгенін, біздің кіші немереміздің (оның жиені) бірінші сыныпқа барғанын атап өтпекші болдық. Ақерке бұл шараға бұрынғы күйеуін, туыстарын түгел шақырмақшы. Оның жоспарын қызы да, күйеу баласы да қостады.
Астананың бір әсем мейрамханасында үлкен той өтті. Шақырылғандардың бәрі келді деуге болады. Мерген, оның інісі зайыбымен, сіңлілері. Ақкерке той басталардан бұрын Мергеннің туыстарын түгелімен үйіне шақырды. Құдағи Құран бағышта деп маған аруақтардың тізімін берді. Бір жапырақ қағазда өзінің әке-шешесімен қатар Мергеннің де ата-анасының есімдері жазылғанын байқадым. Әлі де ұмытпаған екен ғой…
Осылайша, 41 жылдан кейін ғашықтар қайта қосылды. Жүсіп пен Зылиханың тағдырындай. Ғаламат емес пе?!
Шериаздан БАШЕЕВ, еңбек ардагері.