Білектегі күшке емес, білімге сенетін заманда ұрпақты ерте жастан оқу-тоқуға баулып, санасына сәуле ұялату ата-ана мен ұстаздардың басты міндетіне айналып отыр. Біздің мектеп ұжымы оқушыларға жалын мен жігерді, ізденіс пен талпынысты талап ететін жастық шақта бар күшті білім алуға жұмсап, болашақта ел қамы үшін абыройлы қызмет етуі тиіс екендерін түсіндіруден жалықпайды. Осыны ұғына білген тәрбиеленушілеріміз бізді ұдайы жетістіктерімен қуантып келеді. Жуырда өткен аудандық “Жыл оқушысы” байқауында оқушыларымыз мерейімізді тағы бір асырды.
Аудандық білім бөлімі ұйымдастырған байқауға барлық мектептерден іріктеліп алынған 13 оқушы қатысты. Біздің мектеп намысын оқуымен де, үлгілі тәртібімен де көзге түсіп жүрген 10-сынып оқушылары Әлішер Қайырбек пен Жандос Қажкен қорғады. Тартысты өткен сайыста балаларымыз барлық пәндер бойынша өздерінің білім деңгейі мен шеберліктерін көрсете біліп, суырылып алға шықты. Сөйтіп, Әлішер бас жүлдеге, Жандос үшінші орынға ие болды. Шәкірттеріміздің алдағы уақытта талай асудан өтіп, белестерді бағындыратынына сенімдіміз.
Алтынгүл ҚАЗЕЗ, Бестерек орта мектебі директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары. Ақжар ауданы.