Катар астанасы – Доха қаласында ауыр атлетикадан “Катар кубогы” аяқталды. 2020 жылы Токиода алауы жағылатын жазғы Олимпиада ойындарының лицензиялық турнирінде ел құрамасының қоржыны үш медальмен толықты.
Әлем чемпионатына қатыса алмаған немесе төмен нәтиже көрсеткен ауыр атлеттер үшін маңызы жоғары сайыста 61 килограмм салмақ дәрежесінде Игорь Сон қоссайыстың қорытындысы бойынша 267 (149+118) килограмдық зілтемірді еңсеріп, үздік үштікті түйіндеді. 73 килограмға дейінгі салмақта сынға түскен Нижат Рахимов қоссайыс нәтижесінде 246 (138+141) килограмды көтеріп, жалпы есепте үшінші орынды иеленді. Үздіктер қатарынан көріне білген жалғыз нәзік жан Раушан Мешітханова 87 килограмм салмақта күміс медальға қол жеткізді. Қазақ қызы қоссайыс қорытындысы бойынша 215 (100+115) килограмды еңсерді.
Ал 81 килограм салмақта сайысқан жерлесіміз Айдар Қазов қоссайыста 330 (145+185) килограмды еңсергенімен, қола медальға қол созым жерде тоқтады. Өкінішке қарай, төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин бұл жолы да жарысқа қатыса алмады.
Қанат АТАМАНОВ, “Soltustik Qazaqstan”.