Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты халыққа арнаған Жолдауында “Педагог мәртебесі туралы” Заң жобасын әзірлеуді тапсырып, мұғалімдер қауымын қуантып тастаған еді. Бүгіндері Білім және ғылым министрлігіне әр өңірден заңға қатысты ұсыныс-пікірлер түсуде. Расында, мұғалімдердің көптен бері көкейлерін кернеген мәселелер аз емес. Жергілікті ұстаздардың өтініш-шағымдарын жинап, соларды шешуге арналған ұсыныстарымызды біз де жолдадық.
Қазіргі білім беру жүйесі ұстаздардың біліктілігін ұдайы жетілдіріп, қосымша білім алуын талап етеді. Ұстаздар білімін дәлелдеу үшін бірнеше кезеңдік аттестаттаудан өтуге тиіс. Бізді зейнет жасына келген немесе осы жасқа таяп қалған ұстаздар үшін тестілеуден өтіп, талай жылдан бері атқарып жүрген міндетіне “сәйкес келетінін”, “кәсіби құзыреттілігін” дәлелдеудің не қажеті бар деген сауал мазалайды. Мұның педагогика саласындағы көптеген мамандар үшін де түсініксіз екені рас. Көпжылғы еңбек өтілі бар ұстазды тестілеуден өткізіп, одан сүрінсе, құрметті демалыс алдында санатын төмендету Қазақстан Республикасының “Білім туралы” Заңының 11-ші бабында көрсетілген “педагогикалық қызметкерлердің әлеуметтік мәртебесін арттыруды қамтамасыз ету” міндетіне қайшы келеді. Сондықтан сала министріне педагогикалық қызметкердің бұрын берілген біліктілік санатын сақтап қалу туралы ұсыныс жолдағандардың көп болғанына сенімдімін.
Қазір көпшіліктің аузында жүрген тағы бір жайт – 25 жылдық еңбек өтілі бар мұғалімнің өз қалауы бойынша қызмет еткен жылдарына байланысты зейнеткерлікке шығуына қол жеткізу мәселесі. Инновациялық технологиялар заманында алпысты алқымдаған педагогтерге сапалы білім беру, оның үстіне өз пәнін шет тілінде жүргізу қиынға соғады. Заң жобасын жасаушылар мұны да ескерсе екен дейміз. Білім саласы қызметкерлерінің бір кездері жан-жақты әлеуметтік қолдауға ие болғанын ұмыта қойған жоқпыз. Бүгіндері денсаулықты нығайту үшін шипажайларға жолдама беру, ынталандыру шараларын күшейту арқылы сол дәстүрлерді біртіндеп жаңғыртып келеміз. Алайда, бүгінгі күні өзге сала қызметкерлері сияқты ұстаздарды баспана мәселесі көбірек алаңдатады. Сондықтан тұрғын үй сатып алу үшін жеңілдетілген несиелер ұсыну мәселесі заң жүзінде қарастырылса, бұл еліміз бойынша мыңдаған отбасының тұрмысына жеңілдік болар еді.
Бастауыш сыныптар мұғалімдерінің жүктемесін азайту туралы көптен бері айтылып келеді, бірақ әзірге нәтиже жоқ. Оның үстіне жоғары сынып мұғалімдеріне қарағанда кішкентай балаларды оқытатын ұстаздардың еңбекақысы да аз. Өйткені, бастауыштағы бірқатар сабақтарды пән мұғалімдері өткізетіндіктен, сағаттары кемиді. “Педагог мәртебесі туралы” Заңда білім саласында қызмет етіп жүрген әлеуметтік педагог, психолог, әдіскер, логопед, дефектолог сынды мамандардың да мүдделері ескерілсе дейміз. Өйткені, сайып келгенде, бәрінің міндеті бір – оқушыға лайықты білім мен тәрбие беру.
Кәсіподақтар министрліктің мектептерді бескүндік жұмыс аптасына көшіру туралы шешімін қолдап, білім ордаларына ұсыныстарын жасаса да, олардың бұл тәртіпке көшуі қиын жүруде. Оқу бағдарламалары мен ұстаздар жүктемелерін алға тартып, бұрынғы қалыптасқан сенбі күнгі жұмыстарын жалғастыруда. Әйткенмен, ұжым басшылары жұмыс сапасының артуына да, қызметкерлер мен оқушылардың тынығуына да жаңа бастаманың берер пайдасы зор екенін түсінуі тиіс. Сондықтан кәсіподақтар мектептердің бескүндік жұмыс тәртібінің заң жүзінде бекітілгенін дұрыс көріп отыр.
Алдағы жылы қолданысқа енетін заңның жобасы бүгінде әрбір ұжымда қызу талқыға салынуда. Заң тікелей мұғалімдердің беделі мен әлеуметтік жағдайына қатысты болған соң, ұстаздардың тілек-қалаулары ескерусіз қалмаса екен дейміз.
Сәлима МАҚЫШЕВА, Петропавл қалалық білім саласының қызметкерлері кәсіподағының төрайымы.