«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕМІСТІ ЖЫЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл тәуелсіздігіміздің 27 жылдығын атап өттік. Бұл жыл мен үшін тағы бір жемісті кезең болды. Мен – мәртебелі мамандық иесімін, сүйікті жұмысым, жақсы көретін оқушыларым бар. Бүгінде бойыма үздік тәжірибелерді жинақтай отырып, жастарға сапалы білім бере алатыныма қуанамын. Бұған талпынысымның, еңбекқорлығым мен мамандығыма деген сүйіспеншілігімнің арқасында қол жеткіздім десем, артық айтқаным болмас.

Бүгінгі күні еліміздің білім беру жүйесі заманға сай, жан-жақты және сыни тұрғыда ойлай алатын пәндерді терең меңгерген, коммуникативті, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды жетік білетін, сондай-ақ, кәсіби дағдысы бар азаматтарды даярлауды негізгі бағыт етіп отыр. Мен де әріптестерім секілді осы талаптар үдерісінен шығуға тырысып келемін.

Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінде арнайы пәндер оқытушысы болып жұмыс істеп жүргеніме бес жыл болды. Осы уақыт ішінде М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде, кейін Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде көлік саласы мамандықтары бойынша алған білімімді одан әрі жетілдіріп, тәжірибемен ұштастырудың мүмкіндігіне ие болудамын. Осыдан бірнеше жыл бұрын сабақтарымды қалыптасқан дәстүрдегідей емес, жаңаша амал-тәсілдер бойынша өткізу туралы ойлана бастадым. Содан өз ісімде жобалар әдісі, проблемалық оқыту, кейс-технология және ойын, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар элементтерін көбірек қолдануға көңіл бөле бастадым. Сондай-ақ, студенттердің оқуға деген қызығушылығын арттыру үшін қалыптасқан тәжірибелік бағыттан тыс тақырыптарда сабақ өткізіп, курстық жұмыстар жазуға мүмкіндік беремін. Өйткені, білім алушылардың оқу процесіндегі танымдық белсенділігін арттыруына нақ осы дифференциалды оқыту әдісі тиімді жағдай жасай алады.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жастардың білімін жетілдіру үшін қажетті жағдай жасау туралы “Қазақстан – 2050” Стратегиясында: “Біздің жастары­мыз оқуға, ғылым-білімді игеруге, жаңа машықтар алуға, техноло­гияны күнделікті өмірде шебер де тиімді пайдалануы тиіс. Біз бұл үшін барлық мүмкіндікті жасап, ең қолайлы жағдаймен қамта­масыз етуіміз керек… Біздің басты мақсат – 2050 жылы мықты мемлекет, дамыған экономика және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру”, – деген болатын. Қазақстанның әлемдегі да­мыған 30 елдің қатарына кіруі үшін қолға алатын міндеттеріміздің бірі жастарға тегін кәсіптік-техникалық білім беруді қамтамасыз ету болды. Бүгінде, заман талабына сай білім мен дағдыларға ие мамандарды даярлау ісіне көштік. Ол үшін алдымен ұстаздардың кәсіби шыңдалып, білімін жетілдіруіне көп мән берілуде. Біліктілікті арттыру, жаңартылған бағдарламалар бойынша оқыту курстары жүйелі түрде өткізіле бастады.

Былтыр Малайзияда халықаралық тәжірибеден өтіп, техникалық кәсіпті игерудің озық жобаларын үйреніп қайтуға мүмкіндік алғанымызды айта кеткім келеді. Бүгінде колледж ұстаздарының ғылыми-әдістемелік жұмыстармен айналысуына да жағдай жасалған. Бұл, мәселен, менің өз салам бойынша екі өнертабыстың авторы атанып, патент алуыма негіз болды. Халықаралық, республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияларда өз тәжірибеммен бөлісіп, әдістемелік басылымдарда материалдарымның жариялануына мүмкіндік берді. Бұдан басқа мен кәсіптік-техникалық білім алу бойынша көмекші құрал қызметін атқара алатын білім сайтын жүргіземін.

Педагог кадрлардың жан-жақты жетілуіне жасалып жатқан мүмкіндіктерді пайдалана отырып, жастарды кәсіптік-техникалық білімге баулуға, таңдаған мамандықтарының маңызын түсініп, өз ісінің үздігі атанулары үшін қолымнан келгенді жасаудамын. Студенттерім “Менің колледжім – болашақ мамандығым”, “Еңбек адамын ардақтайық”, “Мәңгiлiк ел жастары – индустрияға!” – Серпiн” әлеуметтiк жобасы аясында “Көлiк механигi” кәсiби байқауларының, облыстық техникалық көрменің, “WorldSkills” стандарты бойынша кәсiби шеберлiктің ұлттық чемпионатының жеңімпаздары атанды. Колледждің студенттік конструкторлық бюросының жетекшісі ретінде шығармашылық тәжірибелік жұмыстар арқылы жастардың инженерлік дағдыларын қалыптастыруға да атсалысып жүрмін. Ал “Кәсіпқор” холдингі” КЕАҚ-ның жаттықтырушысы ретінде білім беру жүйесіндегі жаңашылдықтар бойынша облысымыздың инженерлік-педагогикалық қызметкерлеріне біліктілікті арттыру курстарын өткіземін.

Ұстаздардың әлеуметтік жауапкершілігі сезілген жерде табыстың да болары сөзсіз. Негізгі міндетімнен тыс көптеген істерді қатар алып жүруіме қоғам алдындағы қарапайым жауапкершілік сезімім түрткі болуда. Азды-көпті бес жыл ішіндегі білім беру саласындағы қол жеткізген табыстарым мен студенттерімнің оқудағы жетістіктері республикалық “Үздік педагог – 2018” байқауында жоғары бағаға ие болды. Мен үшін биылғы жылдың басты жемісі, міне, осы. Ұстаздарды ынталандырып, мерейін үстем етуді мақсат еткен байқау менің жастарға үздік білім беруге деген талпынысымды арттыра түсуге септігін тигізді.

Серік ҚҰЛАТАЕВ, Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp