«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЙДА БАРАМ, КІМГЕ АЙТАМ?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды” демекші, жол туралы әр жерге хат жазумен мен де қартайдым. Өзім туып-өскен қазіргі Жамбыл ауданындағы Озерный округіне қарайтын елді мекендердің тұрғындары жол азабын ертеден тартып келеді. Бүгінде Петровка – Бауман ауылдары аралығындағы 54 шақырымдық грейдер жол жүруге жарамсыз болып қалды.

Жазушы-жерлестеріміз Сәбит Мұқановтың ата қонысы – Сәбит, Ғабит Мүсіреповтің кіндік қаны тамған – Жаңажол, сол төңіректегі Жалтырша, Қарақамыс, Ақбалық, Озерный, Бауман ауылдарының тұрғындары аудан орталығы – Пресновкаға бару үшін кейде егіндік арасынан салып алған сүрлеумен, кейде сортақ, саз балшықты, ой-шұқыры көп жерлер арқылы Қостанай – Петропавл тасжолына шығады.

Жерлестерімнің көбі бастарына түскен осындай қиындыққа шыдай алмай басқа жаққа көше бастады. Сөйтіп, Октябрь ауылы түгелдей құрыды. Өрісінде 22 мың қой, 500-ден астам ірі қара жайылған Қарақамыс ауылында қазір – 11 үй, 18 мың қой өсірген Ақбалықта – 1, Жалтыршада 2 үй түтін түтетіп отыр. Жаңажол ауылы да жылдан-жылға кішірейіп келеді. Ауыл адамдары Ғабит Мүсіреповтің музей-үйінің, үшқабатты мектеп, аурухана, кітапхана ғимараттарының тағдырына алаңдаулы.

 

Міне, осындай жағдайды көріп, біліп жүргеннен кейін облыстың әр кездегі әкімдері, “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалдарының жетекшілеріне хат жазып, қабылдауларында болып, көмек сұрадым. Бірақ мәселе оң шешімін таба қоймады. Кеңес өкіметі кезінде осы 54 шақырым грейдерге асфальт төсеу басталып, одақтың ыдырауына байланысты тоқтап қалған еді. Әрине, егемендік алған елдің әлсіз экономикасын ескере отырып, оларға асфальт жол салғызып бер деп қолқа салған жоқпын, тек үстіне қиыршықтас төселсе, жауын-шашынға қарамай көліктер жүре алғанын қалайтынымды жеткізгем.

Сөйтіп, ақыры аудан әкімдігі ақша табатын болды. Нәтижесінде жолды жөндеуге 2014 жылы 99 миллион 437 мың, 2015 жылы 33 миллион 782 мың, 2016 жылы 66 миллион 949 мың теңге ақша бөлінді. Бір өкініштісі, әр жылдары тендерді жеңіп алған мердігерлер – “Элен-1”, “Перспектива”, “Титан-Север” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері грейдердің үстіңгі қабатын дайындамастан, миы шығып жатқан балшықтың үстіне қиыршықтас төсей салумен шектелді. Соның салдарынан қиыршықтастар балшыққа батып кетті де, жол қайта бұзылды. Сөйтіп, үш жылда 200 миллион 168 мың теңге ақша құмға сіңген судай жоқ болды.

Осындай сапасыз істелген жұмысты кімдер қабылдап алды екен? Осы жолдың төңірегінде бармақ басты, көз қысты болмады ма екен? Осыны тексерсін деген мақсатпен мен сол кездегі облыс прокуроры Степан Зайтлерге хат жаздым. Ол хатқа Жамбыл аудандық прокуроры В.Кәрімов 2015 жылы “Перспектива” ЖШС жөндеп, пайдалануға қабылданған жол бөлігінде ақаулардың анықталғанын, оны қайта жөндету үшін аудан әкімдігіне хат жолданғанын, ал басқа учаскелердегі қолданысқа енгізілмеген жолдың сапасы бақылауда болатынын айтып жауап берді. Бір қызығы, орындаушы А.Қалпевтің дайындаған хатына прокурор қол қоймапты. Осыдан барып прокурор бұл істен бейхабар ма деген ой келеді.

Сөйтіп, бұл әрекеттен де ештеңе шықпағасын, жоғарыда аталған ауылдардың ақсақалдары қол қойып, алдымен облыс әкіміне, кейіннен Қазақстан Республикасының Премьер-Министріне хат жолдадық. Екі хатқа да Жамбыл ауданының бұрынғы әкімі Иван Турков жолға қиыршықтас төселгенін алға тартып, асфальт төсеуге ақша жоқ деп жауап берді. Ол хаттарда ақсақалдар грейдер жолға асфальт төсе деп талап қойып отырған жоқ, олар жұмысты сапасыз атқарған мердігерлерге жолды қайта жөндетуді сұрап отыр. Хат иелері аудан орталығы – Пресновкадан Бауманға автобус қатынасын ашса, Озерный-Бауман-Қарақамыс ауылдарының қиылысында шағын болса да жанар-жағармай құю стансасын орнатса деген тілектерін де жеткізген болатын. Сонда түгел әкімдік аппараты оқып, хаттың мазмұнын түсінбегені ме? “Сондай-ақ, автобус қатынасын ашуға тендер жарияласақ, оған ешкім қатысқысы келмейді, ал жанар-жағармай құю стансасын ашуға ешкім шығып отырған жоқ”, – деп шығарыпсалма жауап береді. Халықтың тұрмысын жақсартуды аудан әкімдігі ойламаса кім ойлайды?! “Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын” деген осы болар, сірә!

Бір қызығы, жолдың жөнделу барысын дұрыс қадағаламаған, сапасыз атқарылған жұмысты көзбояушылық танытып қабылдап отырған аудан әкімдігінің үстінен әр деңгейдегі жоғары лауазымды тұлғаларға жазған хаттарымыздың бәрі қайтып сол адамдарға жіберіледі. Жарайды, Премьер-Министрдің, облыс әкімінің ол хаттарды оқып отыруға қолы да тие бермес, уақыттары да жоқ шығар делік. Ал мекемелердегі тұрғындардың шағым-арыздарымен жұмыс істейтін жауапты адамдардың хаттарды толық оқып, ой елегінен өткізіп барып тиісті шара қолданбай, кейінгі жаққа жібере беретіні таңғалдырады. Осындай жағдайда енді қайда бармақпыз, мұңымызды кімге айтпақпыз?

Тағы да жол туралы. Өткен жазда Петропавл қаласының Жамбыл көшесі арқылы Бескөл бағытына барар жолдағы көпір күрделі жөндеуге жабылды. Осыған байланысты Астана, Жезқазған бағытына шығатын барлық көлік Жұмысшы кентіндегі көпір арқылы қатынайтын болды. Осы кенттегі Караван көшесі Омбыға шығатын айналма жолға барып тіреледі. Түйіскен жерде үшбұрыш алаңқай бар. Бұрын осы қиылысқа жақындай бергенде оң жағындағы, яғни Бескөл жағынан келе жатқан көліктер анық көрініп, сақтық шараларын қолданатын едік. Өткен жазда қалалық коммуналдық қызмет осы үшбұрыштың үстіне балшық әкеліп төгіп, биіктетті. Содан кейін гүл егетін болды. Енді Омбы айналма жолына шығып, саяжайларға бет алатын көліктердің жүргізушілеріне оң жақтан келе жатқан техника көрінбейді. Осының салдарынан бұл арада бірнеше жол-көлік апаты да болды.

Бұл үшбұрышты айналма жолға айналдырып қайта жабдықтаса, автокөлік қозғалысы қауіпсіз болар еді. Мен осы жөнінде бұрынғы облыстық мемлекеттік автомобиль инспекциясының бастығы, қазір қозғалысты реттеу жөнінде қалалық әкімдікке ақыл-кеңес беріп жүрген Евгений Райтенбахқа, қалалық мәслихаттың белсенді депутаттарының бірі Павел Афанасьевке және қала әкімінің орынбасары Қайролла Ғалеевке (телефон арқылы) айттым. Бірақ осы күнге дейін еш қозғалыс жоқ.

Ол – ол ма? Осы жол арқылы “Гудок”, “Эврика” және сол маңдағы басқа да саяжайларға қатынау қиындап қалды. Биыл Петропавлда Қазақстан мен Ресейдің ХV өңіраралық ынтымақтастық форумына дайындық барысында әуежай мен қала арасындағы тасжол күрделі жөнделді. Құрылысқа қажетті құм, тас және басқа да материалдар жоғарыда аталған саяжайларға баратын грейдер жол арқылы тасылды. Саяжайлар кооперативтерінің мүшелері қырық жылға жуық уақытта ауық-ауық ақша жинап, қиыршықтас төсетіп отырған, жеңіл автокөліктер ауа райының қандай кезінде болмасын жүре алатын жолды Қытайдың ауыр жүк машиналары әп-сәтте-ақ бытшыт қылды. Автобус жүргізушілері ондай жолмен жүруден бас тартты, жеңіл автокөліктер қатынай алмайтын болды. Саяжайшылардың бармаған жері жоқ. Айқай-шумен жол ептеп жөнделген болып еді, артынан тағы саутамтығы қалмады. Енді ол жолды осы арадағы карьерден қалаға құм, балшық таситын ауыр жүк машиналары бұзуда. Сонда бұл жолды қалыпты жағдайда ұстап отыруға сол кәсіпорындар міндетті болуға тиіс емес пе? Оларға осы істі атқар деп айтуға ешкімнің тісі батпайтын сыңайлы.

Саяжайға баратын осы жолмен жүргеніме отыз бес жылдан асты. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары әлі жол түзеле қоймаған, автобус қатынамайтын кезде жаяу жүріп, жол азабын көргенбіз. Содан да болар, жолда жаяу кетіп бара жатқан адамдарды көрсем, машинама сыйғанынша отырғызып аламын. Биыл күзде қолында таяғы бар, жаман жолмен келе жатқан қарияға тоқтадым. Рахметін жаудырып жатыр. Ентігін басқаннан кейін:

– Жолдың түрі мынау, автобус қатынаудан қалды. Жаз бойы өсірген жеміс-жидегімізді үйімізге қалай жеткізбекпіз? Талай жерге шағымдандық. Еш нәтиже жоқ. Енді мұңымызды қайда барып, кімге айтарымызды білмейміз, – деп қынжыла сөйледі қария.

Шыны солай, бұл мәселені шешу үшін қайда барасың, кімге айтасың?

Амандық ЖАНТЕМІРОВ, Қазақстанның құрметті журналисі.

 

 

 

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp