Алматыда ерлер мен жасөспірімдер арасында биатлоннан Қазақстан кубогы мен ел біріншілігі өтуде.
Ел кубогы аясындағы жасөспірімдердің жекелей сынында солтүстікқазақстандық Делдеш Дастан жеңімпаз атанды. Биатлоншы 15 шақырымды 55 минут 31 секундта бағындырды. Оған қоса, жерлес спортшы ел біріншілігінде спринт жарысында екінші орынға ие болды.
Жарыс жолына шыққан тағы бір жерлесіміз Мария Валента спринт сайысында жеңіске жетсе, Арина Чищенко үздік үштікті түйіндеді.
Із кесу жарысында Делдеш мәреге үшінші болып жетсе, Мария мен Арина жоғарыдағы нәтижесін қайталады. Ал кіші жас тобындағы ұлдар арасында жерлес биатлоншы Денис Волковқа тең келер ешкім болмады. Ол 4,8 шақырымдық жарыс жолын 15 минут 52 секундта еңсеріп, жеңімпаз атанды.
3х3 шақырымдық эстафета сынында солтүстікқазақстандық қыздар 66 ұпай жинап, күміс жүлдеге ие болды.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.