Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың “Рухани жаңғыру” бағдарламасының жалғасы іспетті “Ұлы даланың жеті қыры” атты мақаласы “Мен қазақпын!” деген әрбір адамның көңіліне қуаныш нұрын ұялатқаны сөсіз. Руханият пен мәдениеттің дамуына тың серпін берген мәні терең, маңызы зор мақала қоғамға қозғау салды.
Жалпы, халқымыз жеті санын ерекше қастерлеген. Тілдік қолданыста “жеті қазына”, “жеті қат жер”, “жеті ата”, “жеті жұрт” сияқты ұғымдар бар. Қазақ ұрпағының жеті атасын білуін міндет санап, жеті атаға дейін қыз алыспаған. Жас ұрпақтың тазалығы мен денсаулығына ерекше мән берген ата-бабамыздың көрегенділігіне қайран қаласың. Сондықтан “жеті атасын білмеген жетесіз” деген көнеден қалған сөздің астарында астарлы ақиқат, терең ой жатыр. Бұл орайда, “Ұлы даланың жеті қыры” ұлттық құндылықтарымыз бен болмысымызды айғақтауға, төл тарихымызға терең бойлауға мүмкіндік беріп отыр. Мақалада айтылған орамды ойлар санаға қозғау салып, тарихты түгендеуге ықпал етері сөзсіз.
Ұлы даланы мекен еткен арғы ата-бабаларымыз көшпелі және отырықшы мәдениет қалыптастырып, қуатты мемлекет құрған. Елбасымыз айтып өткендей, “Орасан зор кеңістікті игере білген түркілер ұлан-ғайыр далада көшпелі және отырықшы өркениеттің өзіндік өрнегін қалыптастырып, өнер мен ғылымның және әлемдік сауданың орталығына айналған ортағасырлық қалалардың гүлденуіне жол ашты. Мәселен, орта ғасырдағы Отырар қаласы әлемдік өркениеттің ұлы ойшылдарының бірі – Әбу Насыр әл-Фарабиді дүниеге әкелсе, түркі халықтарының рухани көшбасшыларының бірі Қожа Ахмет Яссауи Түркістан қаласында өмір сүріп, ілім таратқан”.
Тарихтан Түрік қағанатының Қытай, Византия елдерімен табан тіресіп, дипломатиялық байланыс орнатқанын білеміз. Осы кезде сыртқы сауда дамыды. Көршілермен әскери одақтастық және өзара соғыс жағдайларында болып, талай айтулы жеңістерге де жетті. Сол заманда әлемдік ойшылдар мен ғұламалар өмірге келіп, қала мәдениеті өркендеді. Ұлы даланы мекен еткен ата-бабаларымыз төрт түлікті қолға үйретіп, өнімін азық етті. Малдың терісін өңдеп киім-кешек, ыдыс-аяқ, сауыт-сайман жасады. Жылқыны ең алғаш қолға үйреткен де біздің бабаларымыз. Осыдан бастап атқа міну мәдениеті қалыптасты. Адамзат палеолит кезеңінде тігіссіз киімдерді кисе, неолит дәуірінде жүн иіру, тоқуды меңгерді. Кейін киім түрлері жетілдіріліп, тігіншілік өнер қалыптасты. Ал маусымдық киім үлгілеріне байланысты қазақтың ұлттық киімдері пайда болды. Уақыт өте келе оны оюлап, алтынмен аптап, күміспен қаптады. Ұлт мәдениетінде бағалы киімдер сый-сияпат ретінде құрметті қонақтарға тарту етілсе, шапан сыйлау дәстүрі бүгінгі күнге дейін ұмыт болған жоқ.
Халқымыз ұлттық киімдерді сапалы, таза әрі табиғи материалдардан тіккен. Аң терісі, жүн, киіз, былғары мен мата кең қолданыста болды. Содан да болар, қазақ халқының ұлттық киімдері қолөнердің озық үлгісі саналады. Олар сан алуан әшекейлермен, ою-өрнектермен безендірілген. Сол себепті халқымыздың көркем болмысы мен рухани байлығының айшықты белгісі – “аң стилі” өнеріне айрықша тоқталуды жөн көріп отырмын.
Біздің заманымыздан бұрын сегізінші ғасырда Еуразияда аң стилі пайда болды. Бұл өнер сәндік мақсатта қолданылды. Қару-жарақ, ат әбзелдері мен киім-кешек әртүрлі бейнелермен әшекейленді. “Өмір ағашы” дейтін арыстан бейнесі тарады. Кейін аң-құстың бейнесі жылқы, қой, түйе, бұғы, ақбөкен, барыс, жолбарыс сияқты аңдарға ауысты. Сондықтан егемен Қазақстанның символдарының біріне айналған жергілікті жануарлар әлемінде сирек кездесетін тұрпаты текті қар барысы кездейсоқ емес.
Елбасымыз өз мақаласында “Бұл ретте, аң стилі бабаларымыздың айрықша жоғары өндірістік тәжірибесі болғанын көрсетеді. Олар оюлап, кескіндеуді, металмен жұмыс істеудің техникасын, соның ішінде, мыс пен қоладан балқымалар жасаудың және құймалар құюдың, жайма алтын дайындаудың күрделі әдістерін жақсы меңгерген. Жалпы, “аң стилі” феномені әлемдік өнердегі биік белестердің бірі саналады”, – деген болатын.
Халқымыздың қалыптасу, даму кезеңінде ұлттық мәдениеттің алатын орны ерекше. Қазақ халқының тұрмысында сан ғасырлар бойы өзінің материалдық мәні мен рухани құнын жоғалтпай, атадан балаға мирас болған ұлттық мәдениеттің құнарлы да қомақты салаларының бірі – қолөнер. Оның шығу тарихы ежелгі тас дәуірінен басталып, неолит, қола дәуірлерінде өркендегені археологиялық деректерде көрсетілген. Халқымыздың тәрбиесінде қолөнер кәсіп қана емес, күнделікті өмірде кең қолданыста болды. Сол себепті үлкендерге өскелең ұрпақты өнерге баулу міндеті жүктелді. Отбасында ата-аналар балаларды өнерге икемдесе, ауылдағы шеберлер мен ісмерлер тәжірибелерімен бөлісіп, жастарға білгендерін үйретті. Олардың қолөнер үлгілерінің жасалу жолын, техникасын көрсетуі дәстүрге айналды. Ер балалар ұсталық, етікшілік, зергерлік өнер үйренсе, қыздар киім, кесте тігу, бау, құр, ши, кілем, алаша тоқу, киіз, текемет басу, сырмақ сыруға машықтанды.
Өкінішке қарай, қазір қаланы айтпағанда, ауылдың өзінде қолөнермен айналысатын жандардың қатары сирек. Кейбір жастар қолөнермен айналыспақ түгілі, оның қандай түрлері болатынынан да бейхабар. Жеткіншектерді өнерге иекемдеп, еңбекке тәрбиелеу, мектептегі технология пәнінен сабақ беретін мұғалімнің ғана міндетіне айналып отыр. Жаңартылған оқу бағдарламасында 5-сыныптан бастап көркем еңбек пәндерінде сәндік-қолданбалы өнер, дизайн және технология бөлімдерінде мен оқушыларға жоғарғыда айтқан қолөнер үлгілерінің жасалу жолдарын үйретемін. Қазақтың қолөнерін санаға сіңіру арқылы оларды еңбексүйгіштікке тәрбиелеудемін. Егер балалар өздері бұйым жасауды үйренсе, күнкөріс қажетін өтеп, еңбек етудің мәнін түсінеді.
Технологияның дамыған заманы болса да, баланы уақыт талабына сай бейімдеп, еңбекке араластыру артық болмайды. Сондықтан қазақ халқының қолөнерін балалар мен жасөспірімдерге үйретуде ежелден қалыптасқан дәстүр мен қағиданы қолданған жөн. Ол жас ұрпақтың өз ұлтының өнері мен мәдениетіне деген құрметін арттырары сөзсіз.
Күміс ҚҰДАЙҚҰЛОВА,
Өндіріс орта мектебінің мұғалімі.
Уәлиханов ауданы.