Жақында облыстық кәсіпкерлер палатасында “Солтүстікқазақстандық тауар компаниясы” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының Аққайың аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің заңсыз әрекетіне қатысты шағымы қаралды.
Өткен жылдың 18 сәуірі күні аудандық полиция бөлімінің қызметкері А.Ғалеев аталмыш серіктестіктің жұмысшысы В.Носқа қатысты Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 463-бабының 2-бөлімі бойынша кәсіпкерлікпен заңсыз айналысты деп, яғни металл қалдықтарын сатып алғаны үшін әкімшілік іс қозғаған. Бұл ретте аудандық сот А.Ғалеевтің әрекетін заңсыз деп тауып, оған қатысты жеке ұйғарым шығарған. Ал В.Ностың металл қалдықтарын өзі үшін емес серіктестіктің алдында еңбек міндеттерін орындау үшін сатып алғаны істің тоқтатылуына негіз болған.
Арыз иесінің айтуынша, өткен жылдың 17 қарашасында аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері В.Ностың үйінің аумағында ешқандай рұқсат қағазсыз тағы тінту жүргізген. Бұдан кейін де сот А.Ғалеевтің шешімін заңсыз деп таныған. Сондықтан серіктестік полиция қызметкерлерінен қудалауды тоқтатуды талап етіп отыр.
Аудандық полиция бөлімінің палатаға берген жауабына сәйкес А.Ғалеевке қатысты соттан келген жеке ұйғарым қаралып, нәтижесінде тәртіп сақшысына қатаң ескерту жасалған. Ал В.Ностың үйінің аумағында жүргізілген екінші тінтуге келер болсақ, “С” есімді азаматтан металл бұйымдарының ұрлануы жөнінде аудандық полиция бөліміне арыз түсіп, қылмыстық іс қозғалған. Осыған орай полиция қызметкерлері В.Носпен оның қолды болған заттарды сатып алған-алмағандығы жөнінде ғана әңгімелескенін айтып ақталған. Жауап хатта тінтудің жүргізілмегендігі жазылған.
Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.