«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЫНТАЛАНДЫРУ — ІСКЕ СЕРПІН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық полиция департаментінің ұжымы өткен жылы атқарған жұмыстарын қорытындылады. Кеңес барысында департамент бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов өңіріміздің полиция органдарының жедел-қызметтік жұмысының нәтижелері мен алдағы басым міндеттері туралы баяндады.

– Жергілікті полицейлер облыстағы қоғамдық тәртіпті нығайтып, криминогендік жағдайды жақсарту бағытында нәтижелі жұмыс атқаруда. Былтыр облысымызда 6889 қылмыс тіркелді. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 5,6 пайызға кем. Тіркелген қылмыстардың басым бөлігі – ұрлық. Мұндай заң бұзушылықтың 70,1 пайызы ашылып, 78 қылмыскер ұсталды. Сондай-ақ, жол-көлік оқиғаларының саны азайғанымен, соның салдарынан мерт болғандар мен жарақат алғандардың өскені байқалып отыр, – деді Берік Сұлтанғазыұлы.

Ведомство бастығы құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық жарақтандыру мәселесіне ерекше көңіл бөлетін жергілікті биліктің жан-жақты көмегін атап өтті. Былтыр облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қолдауымен департаментке облыстық бюджеттен 5 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл қаражатқа қызметтік автокөлік, арттехникалық қару-жарақ, “Электронды қылмыстық іс” жобасын енгізу үшін қажетті компьютер техникасы сатып алынып, “Рубеж” бекеттеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Кеңес соңында өткен жылы қызметте қажырлы еңбегімен көзге түскен бір топ тәртіп сақшысы марапатталды. Сонымен қатар өткен жылы жемісті жұмыс істеген аудандық полиция бөлімдеріне сыйлықтар табысталды. Атап айтқанда, кадр резерві жылының қорытындысы бойынша бөлімдер арасында топ жарған Тайынша аудандық полиция бөліміне “Lada Vesta” автокөлігі тарту етілсе, екінші және үшінші орындарға ие болған есілдік және мамлюттік тәртіп сақшылары компьютер мен планшет олжалады. Ал жедел-қызметтік жұмыстың қорытындысына сәйкес, үздік нәтиже көрсеткен Жамбыл аудандық полиция бөліміне 1 миллион теңгенің, Уәлиханов және Шал ақын аудандарының полицейлеріне сәйкесінше 500 және 300 мың теңгенің ақшалай сертификаттары табысталды.

Жамбыл аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Жаслан Қасеновтің айтуынша, жұмысты нәтижелі атқаруға бөлімнің материалдық-техникалық базасының нығайтылуы септігін тигізген.

– Аудандағы әрбір ауылдық округте бейнекамера орнатылған. Мәселен, Благовещенка ауылындағы дүкенде орын алған ұрлыққа қатысы бар деген күдікті осы заманауи құрылғының арқасында анықталды. Екі рет ұрлық жасаған адам ауыл тұрғыны болып шықты. Жалпы департамент басшылығының жұмысымызды бағалап жатқаны үшін алғысымыз шексіз, – деді Жаслан Қасенов.

Үстіміздегі жыл Ішкі істер министрлігінің келісімі бойынша департамент үшін “Есірткісіз болашақ жылы” деп жарияланған. Осы орайда, биыл тәртіп сақшылары облыс әкімдігімен бекітілген арнайы сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарлама аясында жұмыс жүргізбек.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp